Білім

Жас астрономдар олимпиадасы

Сәкен Обашевтың ізбасарларын анықтады

Өткен аптада облыстық Планетарийде физика-математика ғылымдарының  докторы, профессор Сәкен Обашевты еске алу құрметіне арналған II астрономиялық олимпиада өтті.

С.Обашев Ақтөбе облысы Темір ауданының Бәшенкөл ауылында дүниеге келді. 1953 жылдан бастап Астрофизикалық институтта жұмыс істей жүріп, академик В.Фесенковтың жетекшілігімен өзінің ғылыми еңбегін бастады. Кейін Сәкен Обашевтың басшылығымен Іле Алатауы қойнауында теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте Күннің құбылуын зерттеу мақсатында арнайы обсерватория ұйымдастырылды. Ол — 80-ге жуық ғылыми еңбектердің, бір монографияның, жаңалықтардың  авторы. Сондай-ақ бірнеше еңбектері әлемдік қорға енді.

Ғалымның құрметіне арналған ІІ Астрономиялық олимпиаданың алғашқы кезеңінде жоғары ұпай алған 25 мектептің 5, 6, 7 сыныптарда оқитын 112  оқушысы екінші кезеңге қатысты.

Олимпиаданың салтанатты жабылуында облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Ж.Нұршин, облыстық мәдениет басқармасының бөлім бастығы Л.Омарова құттықтау сөз сөйледі. Сәкен Обашевтың жерлесі А.Үсербаев арнайы келіп, барша ауылдастарының ыстық лебізін білдірді.

Ал шараны қалалық жасөспірімдер мен балалар шығармашылық орталығы және қазақ саңыраулар қоғамының қалалық мәдениет үйінің шәкірттері ән-бимен көркемдеді.

Планетарийдің дәріскері Г.Есімғожиеваның айтуынша, 5-сынып оқушылары арасында №31 орта мектептің оқушысы Гүлфайруз Файзуллаева, 6-сынып оқушылары арасында №23 мектеп-лицейінің оқушысы Адель Галиакбаров, 7- сынып оқушылары арасында №17 мектеп-гимназияның оқушысы Роман Киреев жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың жетекшілері Алғыс хаттармен және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Жүлдегерлерге дипломдар, сондай-ақ кейбір оқушыларға «Жас астроном» деген ынталандыру номинациясы тапсырылды.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button