Спорт

Ең үздік команда!

Сенбі күні еліміздің бас қаласында жартылай кәсіби WSB сериясының финалы өтті. Финалда «Куба Домадорес» командасын 6-5 есебімен жеңген «Астана арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясындағы ең үздік команда атанып отыр.

Кубалық бапкерлер финалдық кездесуге ең мықты боксшыларын әкелді: Рио Олимпиадасының чемпионы, үш мәрте әлем чемпионы Хулио Сезар ла Крус; Олимпиада чемпионы, қазіргі әлем чемпионы Арлен Лопес; Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегері Эрисланди Савон; т.б. Ал қазақстандық бірінші нөмірлі боксшылар, яғни ұлттық құрама мүшелері түрлі себептермен «арландар» қатарына қосыла алмады. Кездесу алдында ұлттық құрамадан тек 75 кг салмақ дәрежесіндегі жас боксшы Әбілхан Аманқұл ғана өнер көрсететіні белгілі болды. Дегенмен, «Астана арландарының» бапкерлері мен жанкүйерлер Асланбек Шымбергенов, Ілияс Сүлейменов, Теміртас Жүсіпов, Зәкір Сафиуллин сынды тәжірибелі боксшыларға үміт артты.

Финалдық жекпе-жектердің алғашқы екеуі қазақстандықтардың пайдасына шешілді: 49 кг салмақ дәрежесінде Теміртас Жүсіпов — Йоханус Аргилагосты, 56 кг салмақ дәрежесінде Ілияс Сүлейменов Хавьер Ибаньесті жеңді. Екі кездесу де 3-0 есебімен аяқталды. Арландар сапынан үшінші болып рингке Антон Пинчук (91 кг) шықты. Соңғы кездесулерде сүреңсіз өнер көрсетіп жүрген Антон Эрисланди Савонға да еш қайрат көрсете алмады. Және «Астана арландары» үшін бұл сәтсіздік одан әрі тағы төрт жекпе-жекке созылды: Ділмұрат Мәжитов (64 кг) — Энди Круздан; 19 жастағы Әбілхан Аманқұл — Арлен Лопестен; Арман Рысбек (81 кг) — Хулио Сезар ла Крустан және Олжас Сәттібаев (52 кг) Йосбани Вейтиадан ұтылды. Бұлардың ішінде Хулио Сезар ла Крусты қазақ жанкүйерлері Әділбек Ниязымбетовтің «Күмісбек» атануына себепкер болып жүрген боксшы ретінде біледі. Ал Олжастың қарсыласы Йосбани Вейтиа, керісінше, бұған дейін қазақ боксшыларынан — Біржан Жақыпов пен Мирас Жақыповтан — жеңіліп жүрген болатын…

Сонымен, жетінші жекпе-жектен кейін есеп «2-5»-ті көрсетіп, кубалықтардың мерейі үстем болып тұрды. Тіпті жанкүйерлердің бір бөлігі жеңістен күдер үзген де болатын. Алайда рингке сегізінші болып көтерілген «арлан» — Олжас Боқаев сөнуге айналған үмітті қайта жақты. Ол Йоандри Тоиракты 3-0 есебімен әдемі жеңді. Олжастан кейін шыққан Зәкір Сафиуллин (60 кг) екі мәрте Олимпиада жүлдегері, үш мәрте әлем чемпионы атағы бар Лазаро Альвареспен аянбай жұдырықтасты. Сөйтіп, жекпе-жекті жеңіспен аяқтады.

Оныншы, яғни ең қиын кездесу жанкүйерлер «Алаштың салмағы» санайтын 69 кг салмақ дәрежесі бойынша өтті. Шаршы алаңға Асланбек Шымбергенов пен Роньель Иглесиас Сотолонго шықты. Сотолонго — Бейжің Олимпиадасының жүлдегері, Лондон Олимпиадасының чемпионы, өте тәжірибелі боксшы. Дегенмен, WSB аясындағы бұрынғы кездесулерінде ол Асланбекті жеңе алмаған болатын. Бұл жолы да барын салғанымен, қазақ боксшысынан басым түсе алмады. «Қазақтың салмағында» сынға түскен Асланбек шешуші сәтте командаластары мен жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Азулы қарсыласын 3-0 есебімен тізе бүктірді. Ал жалпы есеп теңесті: 5-5.

Сонымен, кездесу қорытындысы айқындалатын ең шешуші жекпе-жек келіп жетті. Тәртіп бойынша, негізгі жекпе-жектер тең есеппен аяқталған жағдайда, қосымша жекпе-жек өтуі тиіс-тін. Ол үшін біздің бапкерлер 52 кг салмақ дәрежесіндегі жас боксшы Олжас Байниязовты таңдап алыпты. Олжас — кубалықтар түгіл, қазақстандық жанкүйерлерге де танылып үлгермеген жас боксшы. Алайда, оның жинақы қимылдары, өткір шабуылдары мен қайсарлығы жанкүйерлерді бірден-ақ: «Бәсе-ау, сын сағатта тегін адамға сенім артыла ма?» — деген үмітті ойларға жетеледі. Олжас сол үмітті толық ақтап шықты. Кубалық Фрэнк Залдиварды сенімді түрде жеңді.

Осылайша, «Астана арландары» үшінші мәрте WSB чемпионы атанып отыр. Бұған дейін «арландар» үшінші (2012/2013) және бесінші (2014/2015) маусымдарда жеңімпаз болған еді. Жалпы, біздің команда — осы жоба басталғалы бергі жеті маусымда да жартылай финалға дейін жеткен бірден-бір команда.

Кубалықтар болса, бұл жобаға тек төртінші маусымнан ғана қосылды, соның өзінде төрт рет финалға шығып және екі мәрте чемпион атанып үлгерді. «Куба Домадорес» — төртінші және алтыншы маусымның чемпионы. Бұл жоба аясында олар тек қазақтардан ғана ұтылып жүр.

 Айна САРЫБАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button