Спорт

Жанкүйерді желпіндірген тең ойын

Премьер-Лига

 «Тараз»-«Ақтөбе» — 1:1

Сырт алаңдағы ойын тең аяқталды. Бұл есепке, сірә, қонақтардан гөрі алаң иелері көбірек риза болған шығар-ақ. Кездесу соңынан болған баспасөз мәслихатында тараздық бас бапкер Ваит Талғаевтың: « Менің өз басымды бүгін тең есеп қанағаттандырды», — деуі осының бір куәсі тәрізді. Жеңіске жеткенде алғашқы алтылыққа ілігіп кетерліктей команда жаттықтырушысының бұлай шүкіршілік айтуы — «Ақтөбеге» берілген нақты баға.

Рас, бірінші таймда жерлестеріміз тым солғын қимылдады. Бұның алдындағы турда жанкүйерлерді әлсін-әлсін сүйсінтіп отырған шапшаң қимыл-қозғалыстар, өрнекті пас алмасулар енді қайталанбайтындай көрінді. Әлде бөгде алаңның пысы басты ма немесе командаға жаңадан қосылған футболшылардың тіл табысуы әлі де тиісті дәрежеге жетпей жатыр ма, әйтеуір, жерлестеріміз теңбіл допты емін-еркін иелене алмай шаршады. Шұғыл шешім қабылдауға тиісті тұстарда абдырап қала берді. Қарсы шабуылдар ұйымдастыруда да олқылықтар орын алумен болды. Оның есесіне әп дегеннен шабуылға көшкен алаң иелері алаңсыз қимылдады. Дегенмен біздің жігіттер қорғаныс шебін берік ұстады. Алаң иелерін тым еркінсіткен де жоқ. Бірінші тайм осылайша тең арбасумен аяқталуға тиіс еді. Тек соңғы минуттарда белгіленген айып добы бармақ тістетті. Біздің айып алаңымызда жүрген тараздық Неманья Миюшкович әуелей жеткен допты шұғыл көкке көтеріле көз ілеспес жылдамдықпен баспен соқты да, қорғаушыларға да, қақпашыға да сан соқтырды. Бұл голдың еніп кеткені үшін, әсіресе, Андрей Сидельниковті жазғырудың еш жөні жоқ — 1:0.

Үзілісте бас бапкер Владимир Муханов жігіттерге не айтқанын, қандай нұсқаулар бергенін кім білсін, екінші таймда «Ақтөбе» ойыншылары тотыдай түрленіп сала берді. Төрешінің ысқырығы естілісімен-ақ шабуылға лап қойды. Гол соғып ептеп тоқмейілсіген тараздықтар әлгінде ғана ешқандай жарқырап көзге түсе қоймаған қонақтардан бұндай қимылды күтпеді ме, бірден қорғаныста қателіктерге ұрына берді. Ақыры аңдыған алмай қомайтын кез де жетті. Сол қанатқа құйғып жеткен Руслан Валиуллин өзіне тасталған пасты тамаша қабылдап, қарсыластардың айып алаңындағы әріптестеріне жедел сырғытқаны сол еді, қапыла қимылдаған тараздық Бекзат Шадыманов аяғын тоса қойды. Теңбіл доп бағытын кілт өзгертіп, қақпаға кірді де кетті — 1:1.

Жерлестеріміздің шабуылдары бұдан соң да үдей түсті. Әсіресе, айып алаңына қос қанаттан тасталған доптар алаң иелерін мазалаумен болды. Әттең, оңтайлы мүмкіндіктер пайдаланылмай қалды. Игорь Зенькович баспен соққан екі доп екі ретте де қақпадан сәл қиыс кетті. Ал Марко Обрадовичтің тәуір соққысы тура қақпашыға қарсы бағытталды. Бұдан басқа да бірқатар шабуылдар нәтижесіз аяқтала берді, әлдебір құлыптың кілті табылмай қойғандай болды. Әйтпесе екінші таймда алаң иелері абыржудан арыла алмап еді. Ілгеріге шығарылған тың ойыншы Жақып Қожамберді үмітті ақтай алмады. Сол сияқты алаңға жаңадан шыққан тәжірибелі Малик Мане мен жас пері Еркебұлан Сейдахмет те ойынға өзгеше өрнек қоса алған жоқ.

Осылайша «Ақтөбенің» айқын басымдылығымен өткен кездесу тең аяқталды.

«Тараз»-«Ақтөбе» — 1:1
Гол авторлары: Н.Миюшкович, 45+1 минут (1:0); Б.Шадыманов, 50-минут, автогол (1:1).
Ескерту қағазын алғандар: К.Шестаков, 28-минут; Б.Қайыров, 45+1 минут («Ақтөбе») — Ж.Кожамберді, 46-минут («Тараз»).

«Тараз»: Джурахон Бабаханов, Мохамед Ламина Диара, Максим Фещук (Малик Мане, 57-минут), Евгений Шипицин, Андрей Горбанец, Жан-Эд Морис (Еркебұлан Сейдахмет, 76-минут), Неманья Миюшкович, Бекзат Шадыманов, Бақтияр Зайнутдинов, Мақсат Әмірханов (капитан), Абзал Таубай (Жақып Қожамберді, 46-минут).

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Муарем Муарем, Душан Савич (Марко Обрадович, 79-минут), Джозеф Нейн, Фог-Порре Жереми, Кристиан Колчак, Берік Айтбаев, Игорь Зенькович, Бағдат Қайыров, Кирилл Шестаков, Руслан Валиуллин (Бауыржан Байтана, 88-минут).

15 шілде 2017 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 3500 адам.

Қазірге дейін «Ақтөбе» 19 кездесу өткізіп, 4 рет ұтты, 4 рет тең ойнады, 11 ойында жеңіліп қалды. 20 гол соғып, өз қақпасына 28 доп жіберіп алды. Ұпай саны — 16.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович — 6 доп (1 допты пенальтиден соқты);

Юри Мамуте — 3;

Душан Савич — 2;

Бауыржан Байтана — 2;

Жуниньо — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Кассиано — 1;

Витор Жуниор —1.

(Үш допты қарсыластарымыз өз қақпаларына өздері соғып алды: Д.Чертов, «Оқжетпес»; С.Граховац, «Астана»; Б.Шадманов, «Тараз»).

Турнир кестесіне келсек, алғашқы үштікте үш команда мығым тұр: «Астана» — 48 ұпай, «Қайрат» — 43 ұпай, «Ордабасы» — 38 ұпай.

31 ұпайдан жинаған «Тобыл» мен «Ертіс» 4-5 орындарды әзірге ешкімге берер емес.

6-орынға 23 ұпаймен «Қайсар» көтерілді.

7-8 орындардағы «Шахтер» мен «Тараз» 21 ұпайдан жинады.

9-орындағы «Оқжетпестің» 18 ұпайы бар, «Атырау» 17 ұпаймен 10-орында қалды.

11-12 орында екі команда тұр: «Ақтөбе» — 16 ұпай, «Ақжайық» — 15 ұпай.

22 шілде, сенбі күні 21-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

22 шілде, сенбі: «Астана» (Астана) — «Тобыл» (Қостанай); «Оқжетпес» (Көкшетау) — «Тараз» (Тараз); «Ақжайық» (Орал) — «Ордабасы» (Шымкент).

23 шілде, жексенбі: «Ертіс» (Павлодар) — «Шахтер» (Қарағанды), «Қайрат» (Алматы) — «Атырау» (Атырау).

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button