Басты жаңалықтарМереке

Астана күні тойланды

Астана күні мерекесін ақтөбеліктер кең көлемде атап өтті. Бұл күні шаһардың әр бөлігінде қызыққа толы мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды. Мәдени-көпшілік шараларға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты. Мерейлі мейрам Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта дәстүрлі велошеруден бастау алды.

Велошеру басталмас бұрын жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында қалалық спорт комитеті мен «Ақтөбе» футбол клубының ұйымдастыруымен Қазақстанның тарихы және Астана қаласы туралы сұрақтар қойылды. Белсенді қатысушыларға сыйлықтар мен 8 шілдеде өтетін футбол ойынын тамашалауға билеттер үлестірілді.

Қала әкімі Ілияс Испанов қала тұрғындары мен қонақтарын Елордамыз Астана күнімен құттықтап, велошеруге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қаланың 300-ден астам спортшы және белсенді тұрғындары орталық саябақтан бастап, қаланың басты көшелерін жүріп өтті. Одан әрі Абай даңғылының бойымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының алдына тоқтады.

Мұнда Астана күнін мерекелеудің Ақтөбедегі ресми ашылуы өтті. Қаланың шығармашылық ұжымдары жұртшылыққа тамаша концерттік бағдарлама ұсынды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Өңір басшысы мерекеге жиналғандармен бірге Абай атындағы жаңартылған саябақты аралап шықты. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде, саябақта балалар алаңы және жаттығу құралдары бар спорт алаңдары салынған. 230 түрлі ағаш егілген.

Сонымен қатар жаңа саябақта қолданбалы өнер шеберлері бұйымдарының жәрмеңкесі, кітап көрмелері, түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылды.

Бұл күні саябақтағы балаларға арналған ойын алаңында «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның ұйымдастыруымен сурет байқауы өтті. Шараға қатысқан отыздан астам қылқалам шебері Астана тақырыбында асфальтқа және арнайы плакаттарға сурет салды. Балалар ашық аспан астындағы бейбіт елді, Елорданың көрікті жерлерін бейнеледі. Қатысушылардың барлығына сыйлықтар табысталды.

— Біз осы Абай көшесінің тұрғынымыз. Мұндағы саябаққа күнде келіп, демаламыз. Түрлі ойын алаңдары салынып, немерелерімізге де жақсы болды. Бүгінгі мерекеге отбасымызбен шығып, қызықты шараларға куә болдық. Қаламыздың гүлденіп, дамып келе жатқаны қуантады. Астана күні мерекесі құтты болсын! — деді қала тұрғыны Болат Сабиров.

Астана күні кешкі сағат 20.00-де концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мерекелік шараны қала тұрғындарымен бірге, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов тамашалады.

Осыдан он тоғыз жыл бұрын Еуразиялық кеңістікте Қазақстанның жаңа Астанасы бой көтерді. Аз уақыттың ішінде Елордамызды дүниежүзі таныды. Астана қаласы — барлық халықаралық стандарттар мен талаптарға сай мемлекеттің орталығы болды. Оның айғағы ретінде соңғы уақыттары Астанада өтіп жатқан саяси-экономикалық, мәдени, әлеуметтік іс-шараларды айтуға болады. Осының барлығы Астананың негізін қалаушы, мемлекет басшысы — Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің жемісі. Біз өңірлер, Астанаға қарап, өзіміздің жұмысымызға бағыт-бағдар аламыз. Әрбір қазақстандық Астананың дамуы мен өсуіне өзінің үлесін қосуы керек.

Жақында ғана Астана қаласында Ақтөбе облысының күндері өтті. Өңірде бірнеше жаңадан кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар іске қосылды. Мұның барлығы ақтөбеліктердің Астанаға тартуы. Біз әрдайым Астана қаласымен мақтанамыз. Баршаңызды  облыс басшылығының атынан бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын! Зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Бұдан кейін өңір басшысы  бір топ азаматқа Қазақстан Республикасы мемлекеттігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлестері үшін «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалын табыстады.

Олардың қатарында Ақтөбе облысы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің басшысы Алтынбек Әмірғали, еңбек ардагері Ибрагим Ермеков, Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров, «Ақжол» демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықовтар бар. Барлығы 14 адамға мерекелік медаль табысталды.

Марапат иелерінің бірі Ақтөбе қаласының депутаты, жеке кәсіпкер Серік Әліпов қала тұрғындарын мерекемен құттықтады:

Елбасы жастарға ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде жастарымыз әлемнің бірқатар елдерінде білім алып жатыр. Әрбір жастың алаңсыз білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалған. Сондықтан ел сенімін ақтау — жас ұрпақтың қолында.  

Астананың бүгінгі келбетіне сүйсіне қарамайтын адам жоқ. Қаланың аз уақыт ішінде жеткен жетістіктері де жетерлік. Елордамыз одан әрі гүлдене берсін!  — деді.

Бұл күні Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлестері үшін «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін 5 азаматқа тапсырды.

Шара барысында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.

Әсіресе қала тұрғындары Орталық саябақта баскетболдан ұйымдастырылған турнирді қызыға тамашалады.

— Біз бүгінгі турнирге Алматы қаласынан келдік. Барлығы алты команда бақ сынасқан жарыста 3-орынды иелендік. Астана күні меркесінде ұйымдастырылған турнир өте жоғары деңгейде өтті. Ақтөбеліктерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын!, — деді «Алматы» баскетбол командасының капитаны Бақыт Маханалин.

Бұл күні мерекелік шаралар облыс орталығындағы басқа да саябақтарда тойланды. Мысалы, Пушкин атындағы саябақта,  «Ретро» саябағында, «Керуен сити»      сауда, ойын-сауық орталығында, «Металлург» мәдениет үйінің алаңында  өткен бағдарламалар жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button