Спорт

Нәтижелі шабуылдардың жемісі

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Оқжетпес» — 3:0

Бірінші кезеңнің бірінші айналымында, 9-турда сырт алаңда «Оқжетпестен» 1:2 есебімен ұтылып оралғанбыз. Ол кезде көкшетаулықтардың бас бапкері Владимир Муханов еді. Міне, енді сол команданы 19-турда 3:0 есебімен тізерлеттік. Бұл жолғы бапкеріміз тағы да сол Владимир Муханов.

Команданың тізгінін қиын кезеңде қолға алған Владимир Васильевичтің ежелгі қолтаңбасы енді айқын аңғарылып келе жатқан секілді. Өткен турдағы Қарағандыдағы жеңіс (2:0) кездейсоқ олжа еместігіне сенуге болатын тәрізді.

Ақтөбедегі кезекті кездесуде ақтөбеліктер бірден еш алаңсыз шабуылға шықты. Сол екпіннің үсті-үстіне еселене түскені сондай, қонақтардың абыржымасқа шарасы да қалмады. 14-минутта командамыздың жаңа ойыншысы Муарем Муарем қарсыластар қақпасының дәл алдына тамаша пас тастады да, оңтайлы сәтті Душан Савич мүлтіксіз пайдалана қойды — 1:0.

Бұдан соң алаң иелері сәл дем басып алғысы келгендей қалып танытты да, көкшетаулықтар қарсы шабуылдар ұйымдастыруға тырысты. Дегенмен ақтөбеліктер тез бой жинап алды да, қонақтарды қайтадан тынымсыз тықсырды. 38-минутта «Оқжетпестің» қақпашысы Саша Стаменкович тағы да сан соғып қалды. Тағы да Муарем Муарем тастаған допты тағы да Душан Савич қақпаға тоғытып жіберді — 2:0.

Командамыздың құрамын жаңадан толықтырғандардың бірі Душан Савич өткен кездесуде де нәтижелі ойынымен көзге түскен. «Шахтердің» қақпасына екінші голды Игорь Зенькович осы Душан Савич тастаған пас арқылы соққан болатын.

Бас бапкер Владимир Мухановтың ойын барысында футболшыларды алмастыруда да аңғарымпаздық танытатыны кәдімгідей байқалып тұрады. Қонақтардың қақпасына үшінші допты алаңға екінші таймда шыққан футболшылар соқты. Жасыл шөпті басқанына он минут толар-толмаста, 87-минутта алаңның орта тұсынан допты іліп алған Марко Обрадович сол қанаттан құлдилай жүгіріп келіп допты қарсыластар қақпасының маңайына қарай әуелете тепті. Осы кезде қақпаға таяу келіп қалған, осы сәтке дейін пас беруде бірнеше рет қателікке ұрынып қала берген Бауыржан Байтана сүрініп бара жатып теңбіл допты Саша Стаменковичті қапы қалдыра теуіп үлгерді — 3:0.

Әрине, «Оқжетпестің» футболшылары алаң иелеріне еш қарсылық көрсете алмады деудің жөні жоқ. Әр тұстарда Марвин Огунджими, Виталий Волков, Ренат Абдуллин, Тимур Досмағамбетов тәрізді ойыншылар біздің Андрей Сидельников күзеткен қақпаны нысанаға алып бақты, әжептәуір қарсы шабуылдар ұйымдастырумен болды. Бірақ тап нәтиже шығарлықтай шеберлік көрсете алмағандары және рас.

Ал, ең бастысы, біздің бас бапкеріміз футболшыларды қаншалықты тәуір ойнаса да, гол соғу мәселесіне келгенде ылғи бармақ тістеп қала беретін «сырқаттан» айықтыруға болатынын көрсеткендей. Бұл кездесудегі шабуылдар алашапқын жүгіріске емес, салқын ақылға, салмақты есепке негізделді. Жаңарған шабуылшы топ пайда болыпты. Ойыншылардың бір-біріне пас беруі де негізінен тиянақтана түсіпті. Әрине, қатарынан қуантқан екі ұтыс команданы да, жанкүйерлерді де тоқмейілсуге жетелей қоймас. Дегенмен үмітіміз ұлғая түскені даусыз.

«Ақтөбе»-«Оқжетпес» — 3:0
Гол авторлары: Д.Савич, 14-минут (1:0); Д.Савич, 38-минут (2:0); Б.Байтана, 87-минут (3:0).
Ескерту қағазын алғандар: И.Зенькович, 18-минут; С.Жұмағали, 57-минут; Д.Савич, 80-минут («Ақтөбе») —  Г.Фрейдгеймас, 36-минут; Т.Адырбеков, 63-минут; Р.Абдулин, 68-минут; Т.Досмагамбетов, 74-минут («Оқжетпес»).

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников, Бағдат Қайыров, Саят Жұмағали, Берік Айтбаев, Жуниньо, Джозеф Нейн (Бауыржан Байтана, 48-минут), Ардақ Сәулет, Душан Савич, Муарем Муарем (Рафкат Аслан, 90+2 минут), Руслан Валиуллин (Марко Обрадович, 76-минут), Игорь Зенькович.

«Оқжетпес»: Саша Стаменкович, Талғат Адырбеков, Александр Марочкин, Георгас Фрейдгеймас, Ренат Абдулин, Тимур Досмағамбетов, Максим Федин, Виталий Волков (Гогита Гогуа, 66-минут), Игорь Юрин (Әлібек Бөлешев, 84-минут), Александр Козлов (Сергей Шафф, 70-минут), Марвин Огунжими.

8 шілде 2017 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы орталық стадион, 3500 адам.

Қазірге дейін «Ақтөбе» 18 кездесу өткізіп, 4 рет ұтты, 3 рет тең ойнады, 11 ойында жеңіліп қалды. 19 гол соғып, өз қақпасына 27 доп жіберіп алды. Ұпай саны — 15.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович — 6 доп (1 допты пенальтиден соқты);

Юри Мамуте — 3;

Душан Савич — 2;

Бауыржан Байтана — 2;

Жуниньо — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Кассиано — 1;

Витор Жуниор —1.

(Екі допты қарсыластарымыз өз қақпаларына өздері соғып алды: Д.Чертов («Оқжетпес»); С.Граховец («Астана»).

15 шілде, сенбі күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Тараз» командасымен кездеседі.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button