МәдениетРухани жаңғыру

Ақтөбеде поэзия кеші өтті

Жексенбі күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет кең көлемде өңірдегі белгілі ақындардың қатысуымен «Өлеңім — кеудемдегі самғар құсым» атты поэзия кеші өтті.

Шараға облысқа белгілі ақындармен қатар жас ақындар, сазгерлер, кітапхана қызметкерлері мен өнерпаздар қатысты.

Кеш Гүлжайнар Қалдинаның «Біз кітаппыз» атты өлеңімен басталды.

Бұдан кейін ортаға белгілі ақындар — Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Жақсылық Айжанұлы, Нұрлыбек Қалауов, Гүлімай Әбішқызы шығып, жиналғандарға өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, өлеңдерін оқыды.

Бүгінгі шара бұрын-соңды Ақтөбеде болмаған, адамның үмітін көбейтетін жақсы кеш болып отыр. Бұл — поэзия мерекесі. Сондықтан осы шараны ұйымдастырушыларға біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Біз соңғы 25 жылда экономикаға көп көңіл бөліп, басқа құндылықтарымыз кейінге қалып қойды. Кешегі Президенттің «Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған рухани жаңғырудың басы әдебиеттен басталады. Мына дүниеде кез келген мамандықтың, ғылым-ілімнің өзінің оқулығы бар. Ал жұрттың бәрін, адам атаулыны толғандыратын «өмір» дейтін ешкім түбіне жете алмаған дүниенің оқулығы жоқ. Оның оқулығы — әдебиет, поэзия. Ал поэзия — барлық өнердің алды, ең асқағы, адамның жанының лүпілі. Біз мұңайсақ та, қуансақ та осы поэзияға  жүгіндік. Атақты жырларды оқып, өстік. Бізді кітап тәрбиеледі, эпос тәрбиеледі. Қазір қазақ үшін мазмұны мүлдем бейтаныс, халықтың рухы үшін бейтаныстау капиталистік заманда бәріміз артымызға қарап, сол  әдебиетімізді іздейміз. Бұл — біздің кешегі рухымыз, кешегі қоғамдағы асқақ адамгершілік, сол адамгершіліктің ұстазы болған ұлы поэзия. Сондықтан поэзия мерекесі лайым Ақтөбеде салтқа айналсын дейміз, — деді ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы.

Шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқанов сөз сөйлеп, Ақтөбеден талай жыр алыптары шыққанын, поэзия кешінің жастарға берер тағылымы мол екенін жеткізді.

Кеш барысында орта буын өкілдері Талғат Тілеулесов, Индира Кереева, Жұлдыз Қожабекова, Балагүл Бакиева, Айнабек Жеткербаевтар жырдан шашу шашса, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Әбділсейіт Тәжіғұлов жас ақын Айнабек Жеткербаевтың сөзіне жазылған Мұратбек Тәжіғұловтың «Әке-ана» әнін орындады.

Кеште жергілікті ақындардың сөздеріне жазылған әсем әндер шырқалып, көрермендер ерекше әсер алды. Атап айтсақ, ақын Гүлжайнар Қалдинаның сөзіне жазылған Мейрамгүл Жаманқұлованың «Отаным — отбасым» әнін «Жайдарман» вокал студиясының балалар тобы орындаса, Нұрталап Жүсіповтің әніне жазылған «Мен  намыспын» әнін Алматыдан келген жас әнші Қуаныш Агисов шырқады. Сонымен қатар  сахнада облыстық шығармашылық үйінің әншілері мен Жетесовтер отбасы өнер көрсетті.

Поэзия кешінде Ырғыз, Байғанин, Әйтеке би, Мұғалжар аудандарынан келген өлеңге құштар жастар өз өлеңдерін оқып, шараны ұйымдастырушыларға өздерінің шынайы ризашылықтарын білдірді.

Шарада сондай-ақ көрермендер арасынан суырылып шығып,өз шығармашылығынан өлең оқығандар да болды.

Кеш барысында көрермендер кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастырған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ сахнада ақындарға арналған арнайы слайдтар көрсетіліп, кітапхана қызметкерлері флешмоб биледі.

Шара соңында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры, ақын Гүлжайнар Қалдина кешке келген барлық ақындарға өзінің ризашылығын білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.

Кеш Сайлаубек Елмановтың «Ақтөбем» әнімен аяқталды.

  • Бұрын ақындар бас қосып, өз арамызда өлең оқып, бір-біріміздің өлеңімізді талдап, пікір алысатынбыз. Бүгін, міне, кең көлемде алғаш рет поэзия кешін өткізіп отырмыз. Кешке үлкен ағаларымыз келіп, бізге қолдау көрсетіп, сондай-ақ аудандардан жырға жаны құмар жастар келіп, ортамызды толтырып жатыр. Сондықтан бүгінгі шараның біз үшін маңызы зор. Барлық ақындарға, көрермендерге алғысымыз шексіз, — дейді кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button