Спорт

Көп күттірген жеңіс

Премьер-Лига

 «Шахтер»-«Ақтөбе» — 0:2

Бірінші кезеңнің екінші айналымы түгесілер шаққа таяу қалғанмен де турнир кестесінің екінші бөлігінде келе жатқан командалар әлі де бір жығылып, бір тұрып, алма-кезек орын ауыстырумен келе жатыр. 6-10 орындар аралығындағы командаларды үш доп айырмашылығы ғана бөліп тұрғаны осының айқын бір дәлелі.

Әрине, бұл топта бұған дейін қатарынан бес рет ұтылған «Ақтөбе» жоқ болатын. Тіпті осы 18-турда жеңіске жеткен күнде де жерлестеріміздің 12-орыннан жоғары көтеріле алмайтыны белгілі еді. Дегенмен алда әлі екінші айналымның төрт туры, оның ар жағында тұтас екінші кезең жатқанын ескерсек, үміт үзерліктей де жағдайымыз жоқ. Сырт алаңдағы жеңіс жанкүйерлерді қуантып қана қоймай, сонымен бірге, ең бастысы, футболшыларымыздың көңіліне мығым сенім ұялатқан да шығар.

Ауыр жарақатынан айыққан Игорь Зенькович Қарағанды қаласында өткен кездесуде жарқылдап көзге түсті. 22-минутта он бір метрлік айып добын мүлтіксіз соққан ол 28-минутта Душан Савич тастаған допты өкшесімен қақпаға көз ілеспес жылдамдықпен бағыттай салды. Қасында жүрген қаптаған қорғаушылар да, өз аттасы Игорь Щацкий де жер соғып қалды.

Осы ойында жеңіске ие болса, 6-орынға ырғып шыққалы тұрған кеншілер командасы дереу қарсы шабуылдар ұйымдастыруға кіріскенімен қонақтар сауатты қорғана білді. Тіпті екінші тайм басталған шақта И.Щацкий қақпасын және бір голдан әзер аман сақтап қалды. Кездесудің соңғы бөлігінде Игорь Зенькович хет-трик иесі атана жаздағаны да жерлестеріміздің бұл ойынға қандай жігермен қосылғанын, бас бапкердің нұсқауын қалай басшылыққа алғанын анық аңғартып тұрды.

Әрине, алаң иелері есепті өз пайдаларына аудару мақсатымен тынымсыз жан сала қимылдағаны да түсінікті. Біресе алыстан орағыта тасталған, әуелете тасталған доптар арқылы, одан нәтиже шықпаған соң алаң ортасынан басталатын қысқа пастардың көмегімен біздің қақпамыздың кілтін ашудың сан түрлі әдістерін қолданып-ақ бақты. Бірақ бұл жолы ақтөбеліктердің қорғанысы сыр бермей қойды.

«Шахтёр»-«Ақтөбе» — 0:2
Голдар авторы: И.Зенькович, пенальти, 24-минут (0:1); И.Зенькович, 28-минут (0:2).
Ескерту қағазын алғандар: М.Станоевич, 13-минут; О.Айегбуси, 51-минут; В.Дмитренко, 54-минут («Шахтер»); К.Шестаков, 44-минут, А.Сәулет, 64-минут («Ақтөбе»).
«Шахтёр»: Игорь Шацкий, Милан Стоянович, Юлиус Сзоке, Олукореде Айегбуси, Стефан Зошак (Оралхан Өміртаев, 86-минут), Марко Станоевич (Марат Шахметов, 63-минут), Михаил Габышев, Сергей Скорых (Айдос Тәттібаев, 52-минут), Евгений Тарасов (капитан), Виктор Дмитренко, Сергей Хижниченко.

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Боргес Барбоса Джуниор Эванилдо, Душан Савич, Ардақ Сәулет (Рафкат Аслан, 88-минут), Берік Айтбаев, Игорь Зенькович, Бағдат Қайыров, Кирилл Шестаков, Саят  Жұмағали, Абай Жүнісов (Бауыржан Байтана, 16-минут), Руслан Валиуллин (Асланбек Кәкімов, 82-минут).

2 шілде 2017 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы, 3000 мың адам.

Енді турнир кестесіне келсек, алғашқы бестікті бес команда бөлісіп тұр: «Астана» — 45 ұпай; «Қайрат» — 40 ұпай; «Ордабасы» — 35 ұпай; «Ертіс» — 31 ұпай; «Тобыл» — 25 ұпай.

6-орында 20 ұпаймен «Қайсар» тұр. 7-8 орындардағы «Шахтер» мен «Оқжетпес» 18 ұпайдан жинады. 17 ұпайға 9-10 орындардағы «Атырау» мен «Тараз» ие болды. 15 ұпаймен «Ақжайық» 11-орында, 12 ұпаймен «Ақтөбе» 12-орында келе жатыр.

Бір ескерерлік жайт, командалар өткізген кездесулер саны әртүрлі: «Астана», «Қайрат», «Ордабасы», «Ертіс» 19 кездесуден өткізсе, «Тобыл», «Қайсар», «Тараз» 18 реттен ойнады. Алаңға 17 рет шыққандар: «Оқжетпес», «Атырау», «Ақжайық», «Ақтөбе».

8 шілде, сенбі күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер: «Астана — «Қайсар» (6 шілде, бейсенбі); «Атырау» — «Тараз» (8 шілде, сенбі); «Ақжайық» — «Қайрат», «Ордабасы — «Шахтер» (9 шілде, жексенбі); «Ертіс» — «Тобыл» (10 шілде, дүйсенбі).

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button