Білім

Ақтөбеде халықаралық олимпиада өтті

20-24 маусымда Ақтөбеде «Қазақстан — ата жұртым, қасиетім — ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша XІV халықаралық олимпиада өтті.

Олимпиада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен өткізілді. Білім сайысына Иран, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінен, Ресей Федерациясының Самара, Омбы қалаларынан 34 оқушы қатысты. Қазылар алқасы құрамында Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушылары болды.

Олимпиадаға қатысушылар, білім сайысынан бөлек,  Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, оның музейіне, сондай-ақ, туған жеріне, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа, Т.Ахтанов атындағы драма театрына, Ақтөбе қаласының басқа да көрнекті орындарына саяхат жасады. Назарбаев Зияткерлік мектебі, Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты, техникалық-шығармашылық орталығы, «Сымбат» жеке мектебі, Новый орта мектебі сынды білім ошақтарымен танысып, «Ақбөбек» оқу орталығының «Восток» лагерінде  өз қатарластарымен кездесті, түрлі мерекелік шаралаға қатысты.

Сондай-ақ, олимпиаданың жабылу салтанатында қатысушылар да өз өнерлерін көрсетіп, атажұртқа деген сүйіспеншіліктерін ерекше толқыныспен жеткізді.

Олимпиада қорытындысы бойынша 19 оқушы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің  І, II, III дәрежелі дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, 10 оқушы жоғарғы оқу орындарында білім алу үшін Қ.Яссауи  атындағы қазақ-түрік мемлекеттік университеті, Абай  атындағы мемлекеттік педагогикалық университеті,  Қ.Жұбанов  атындағы Ақтөбе  өңірлік мемлекеттік университеті, Х.Досмұхамедов  атындағы Атырау  мемлекеттік  университеті және Ақтөбе облысы әкімінің атынан грантпен марапатталды. Олардың сегізі — Қытайдан келген қазақ жастары.

Ақтөбе облысы әкімінің грантын Шынарбек Тұрсынұлы иемденді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button