Спорт

Галибтің жүлдесіне арналған турнир

Кеше Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаровтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир басталды.

Турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикалары мен Ресей Федерациясының  бокстан жастар құрамалары келді. Әр құрамада 11 адамнан, яғни 11 салмақта жекпе-жектер өтеді.

Ұйымдастырушылар — облыстық спорт және туризм басқармасы мен ҚР әуесқой бокс федерациясы бірлестігі. Аталған басқарманың олимпиадалық спорт түрлері және олимпиадалық резерв бөлімінің бастығы Ізбасар Сатыбалдиннің айтуынша, Қырғызстаннан ғана аса ауыр салмақтағы боксшысы келе алмайтын болған. Қалғандары түгел қатысады.

Жекпе-жектерге ҚР бокс федерациясының вице-президенті

Берік Мыржықбай, ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Афины олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуов, 2004 жылғы Афины олимпиадасының чемпионы һәм Баркер кубогының жеңімпазы, Бақтияр Артаев, спорт шебері, 2003 жылғы Қарулы күштер арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы Азамат Мақажанов секілді елімізге белгілі бірнеше спортшы төрешілік етпек.

І.Сатыбалдиннің айтуынша, Қазақстан құрамасының құрамында Ақтөбеден үш жігіт бар, олар — 2008 жылы «Азия балалары» ойындарының жүлдегері, жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы Мақсат Жүнісов, ҚР чемпионы, ІІ-жастар ойындарының жеңімпазы Нұрбол Қалжанов және ҚР чемпионатының жүлдегері, 2-жастар ойындарының күміс жүлдегері Шахсыварлы Камран.

Жарыстың ашылу салтанаты бүгін «Қоныс» спорт сарайында өтеді. Бүгін төрешілер өзара отырыс өткізіп, алдын-ала жекпе-жектер ұйымдастырылады. Ертең жартылай финал жекпе-жектері, арғы күні финалдық жекпе-жектер өтеді.

Дерек:

Галиб Джафаров 1978 жылы 9 мамырда Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келді. Бокспен 1989 жылдан бастап шұғылданады. Қазақстан жасөспірімдер ойындарының (1994 ж.), Малайзияда өткен «Король Кубогы» халықаралық турнирінің (1996 ж.) жеңімпазы, жастар арасында Әлем біріншілігіне (1996 ж.) қатысушы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2001 ж.), ҚР Ең үздік спортшысы (2002 ж.), Азия ойындарының күміс жүлдегері (2002 ж.), ҚР чемпионы (2003 ж.), Әлем (2003 ж.) және Азия чемпионы (2004 ж.), Афиныдағы олимпиада ойындарына қатысушы (2004 ж.), ҚР Президенті Кубогына арналған халықаралық турнирдің (2006 ж., 2008 ж.) жеңімпазы, Бейжіңдегі олимпиада ойындарына қатысушы (2008 ж.). Бапкері — КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Әлімбек Балмағамбетов.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button