Мәдениет

Көрерменді дүр сілкіндірген айтыс

Қарғалы ауданы күндерінің бір ерекшелігі деп Т.Ахтанов атындағы драма театрда өткен ақындар айтысын айтуға болар.

Ахтанов театрында Қарғалы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында  ақындар айтысы өтті. Шараға  облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева, Қарғалы ауданының әкімі  Рахат Сыздықовтар қатысты.

Айтыстың тізгінін белгілі айтыс ақыны, облыстық шығармашылық үйінің қызметкері Оралбай Кәметия ұстады. Айтысқа  Жұлдыз Қожабекова, Марат Ахметов, Данияр Алдабергенов, Жәнібек Бейбітов, Қайырхан Жұбаниязов сиқты, республикалық айтыстарда топ жарып жүрген танымал айтыс ақындары, сондай-ақ Айболат Көшкінбаев, Сәкен Бекетаев, жас талап ақын Нұрбол Жауынбаев қатысты. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Сәтжан Дәрібай, айтыскер ақын Нұрлыбек Қалауов, облыстық шығармашылық үйінің қызметкері Алтынгүл Ғұбайдуллиналар ақындардың өнеріне баға берді.

Айтыстың алғашқы жұбы болып жас ақын Нұрбол Жауынбаев пен Жұлдыз Қожабекова сахнаға шықты. М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектебінде оқитын албырт жас Нұрбол салғаннан жастыққа тән екпінін байқатты. Жұлдыздың кеңінен көсіліп айтысуына мүмкіндік аз болды.

Екінші жұп Марат Ахметов пен Қайырхан Жұбаниязовтың айтысы тартымды шықты. Маратқа жездем деп қалжыңдаған Қайырхан: «Саған балдыз болмай, қытайға балдыз болсам не істер едім?» дегенде жұрт ду күлді.

Ал Астанадан арнайы келген  Данияр Алдабергенов  пен Жәнібек Бейбітовтің қақтығысы тамаша өтті. Әіресе, Даниярдың «Ақтөбеге театр салып берсе» деген ұсынысы құлаққа жақты.  Данияр мен Жәнібектің  келісті қалжыңдары, ой саларлық астарлы әзілдері көпті сүйсінтті.

Қарғалы ауданының ақыны Сәкен Бекетаев пен Айболат Көшкінбаевтың айтысы сәл шұбалаңқы болды. Дегенмен қарғалылық ақынның өзінің туып-өскен ауданының  артықшылықтарын жырға қосып, мерейін өсірсем деген перзенттік ұмтылысы, ал Айболаттың қарсыласының өзімен өнері тең түспегендіктен, бауырын жаза алмағаны байқалды.

Айтыстың қорытындысы шығарылып, марапаттау сәтінде Қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыздықов сөз алып, қазақтың төлтума өнері айтысқа қатысқан ақындарға, оны тамашалаған көрермендерге алғысын білдірді.

Бас бәйге (150 мың теңге ) Астанадан келген ақын Данияр Алдабергеновке бұйырды, ал екінші жүлде (70 мың теңге) Жәнібек Бейбітов  алды. Айтысқа қатысқан ақындардың ешқайсысы жүлдесіз қалмады, әрқайсысына 25 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button