БілімРухани жаңғыру

Қарылға Баймағанбетова атындағы шәкіртақы тағайындалды

Биыл аудандағы 294 түлектің 200-і ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Аудан бойынша 20 оқушы — «Алтын белгі» иегерлері.

Аудан орталығындағы үлкен білім ордаларының бірі — Қарауылкелді орта мектебінен биыл 54 түлек үлкен өмірге қадам басты. Мектеп директоры Қанат Қойшығұлованың айтуынша, биылғы оқу жылын 629 оқушы аяқтаған. Білім сапасы — 65 пайыз.

Оқушылардың мектеп бітіру салтанатында аудан әкімі А.Шериязданов қияға қанат қаққалы тұрған және білім нәрімен сусындап жатқан жас өрендерге біліммен қарулану өмір талабы екендігін ұқтырып, елімізде сапалы білім алуға барлық жағдай жасалғандығын жеткізді.

Ел арасында қолдау тапқан «Туған жерге тағзым» акциясы аясында осы мектептің түлегі, белгілі кәсіпкер Сұңқар Ибраев өз анасы Қарылға Баймағанбетова атындағы атаулы шәкіртақыны тағайындады. Анасын дәріптеп, туған жерін түлетуге үлес қосқан азаматқа халықтың ризашылығы да анық байқалды. Айта кетейік, Қарылға Баймағанбетова Қазақ КССР-і Халық ағарту ісінің үздігі, ауданның құрметті азаматы. Ол ауданның білім саласымен қатар, партиялық қызметтерді де абыроймен атқарғаны белгілі. Мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен оқуда үздік, тәртібі үлгілі, өнер мен спорттан жетістіктерге жеткен 9 оқушы аталмыш шәкіртақыға қол жеткізді.

Биыл аудандағы №2 Қарауылкелді орта мектебін 13 түлек бітірді.  Бүгінде қарашаңырақ атанып, Т.Жармағанбетов атындағы жаңа ғимаратқа енші беріп, өз алдына №2 Қарауылкелді орта мектебі болып қайта құрылғалы 2 оқу жылын аяқтады. Бір айта кетерлігі, осы мектептің биылғы соңғы қоңырау салтанатының басты ерекшелігі — 50 жылдан кейін мектепке жиналған ардагер түлектердің балалық шақ пен оқушылық кезеңге деген сағынышы еді. Аталған білім ордасындағы елу жыл бұрынғы түлектердің ұстазы Наухан Жұбанғалиева мерекелік басқосуға Атырау қаласынан арнайы келіп, кезінде бала болған шәкірттерімен кездесіп, мектеп кезеңіндегі қайталанбас шақтарды еске алды.

Ал  Т.Жармағанбетов атындағы орта мектептің мектепалды даярлық тобын қосқанда биылғы оқу жылын 770 оқушы аяқтады. Жаңа ғимараттың 22 түлегінің екеуі — «Алтын белгі» иегері.

Оқу жылының соңында жаңа мектептің жаңашылдығы, жаңа бастамасы туралы сөз болды. Яғни, Т.Жармағамбетов атындағы мектеп ғимаратында кабинеттерге ұстаздар есімі берілді. Мектеп директоры Руслан Хайырмұхамбетов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа ала отырып, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмай, бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуымыз қажет болғандықтан, сондай-ақ, қоғамдағы мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін де осындай игі іс жүзеге асқанын атап өтті.

Ауылдың шет аймағындағы тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуіне  байланысты кезіндегі теміржолшылардың, яғни бүгінгі №3 Қарауылкелді орта мектебінің 406 оқушысы биылғы оқу жылын үш ауысымда оқып аяқтады. Оның 89-ы — озат оқушылар. Биыл мектепті 14 түлек тәмамдады.  Түлектердің алға қойған мақсаты анық. Ол — әуелі алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өту.

Бақытгүл ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button