Спорт

Мейрамбек Айнағұлов 1000 доллар ұтты

Ақтөбелік балуан Грузияда грек-рим күресі жарысынан бас жүлде мен 1000 доллар жеңіп алды.

10-11 маусым күндері Грузия астанасы Тбилисиде грек-рим мен еркін күрестен халықаралыс жарыс өтті. «Грузияның Бас Жүлдесі» деп аталатын сайысқа 180 спортшы келді. Иран, Түркия, Армения, Әзербайжан, Мажарстан, Швеция, Норвегия, Германия, Эстония елдерінің палуандары күш сынасты.

Қазақстанның намысын Шалқар ауданының тумасы Мейрамбек Айнағұлов қорғады. Ол 59 келіге дейін салмақ дәрежесінде грек-рим күресінен өнер көрсетіп, төрт балуанмен кездесіп, жеңіске жетті. Ақырғы мәреде Мейрамбек Норвегия елінің палуаны Стив Андре Бергеден 7:4 есебімен басым түсті. Еске сала кетейік, 33 жастағы бұл норвегиялық азамат Рио олимпиадасында Алмат Кебіспаевты жеңіп, қола жүлдегер атанған еді.

«Грузияның Бас Жүлдесін» жеңген Мейрамбек Айнағұловқа алтын медаль мен 1000 доллар табысталды. Енді жерлесіміз 18 маусым күні Алматы қаласында болатын оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Бұл 21-26 тамыз аралығында Парижде өтетін Әлем чемпионатына дайындық болып есептеледі.

Айта кетейік, 23 жастағы Мейрамбек Айнағұлов Шалқар қаласындағы В.Н.Цеханович атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Қазір ол Ақтөбе қаласындағы жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде жаттығады.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button