БілімРухани жаңғыру

Ауыл шаруашылығы мамандары — ел тірегі

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА вице-президенті, академик

 — Құрметті Тілектес Исабайұлы, тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда қандай елеулі жетістіктерге қол жеткіздік? Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын заман талаптарына сай дамытуда қандай күрделі мәселелер бар?

— Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл — қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі. Әрбір азамат өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына игі қадамдар жасауды Атамекенге деген өзінің перзенттік парызы деп санайды.

Бүгінгі күні жаңа заманның талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті қабылдау үшін, ең алдымен, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтай отырып, терең білім мен зерделі ғылымды дамыту шарт. Әлемде орын алып отырған қаржы-экономикалық дағдарыстың әсеріне қарамастан, елімізде әр салада индустриалды-инновациялық бағдарламалар қолға алынып, көптеген игі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта, әсіресе, мемлекетіміздің ауылды дамытуға қатысты тың бастамаларының оң нәтиже бере бастауы көңіл қуантады. Елбасы жуырда жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деді.

Ауылдың заманауи талаптарға жауап беруі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне және өнеркәсіпті қажетті шикізатпен қамтамасыз ету қабілеттілігіне байланысты. Ауылды көркейту ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттер қатарында қала береді. Ел халқының 43,0 пайызы, яғни 7,7 миллион адамның ауылдық жерлерде өмір сүруінің өзі ауыл экономикасы мен инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын дәлелдей түседі. Ауыл халқы қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында агроөнеркәсіп секторын дамытуда қомақты табыстарға қол жеткізуде. Соңғы 10 жыл ішінде ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 4 есеге, ал ауылшаруашылық өнімдерді экспорттау 3 есеге өсті. Бұл — Елбасының агросектор бойынша тапсырмаларының орындалып жатқандығының дәлелі.

Кейінгі жылдары еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін инновациялық бағытта дамыту арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Астық өндірісінің қарқынды дамуы арқылы Қазақстан әлем алдында өзінің «астық державасы» мәртебесін айқындады. Қазіргі уақытта еліміз дүниежүзінің 70 мемлекетіне 5-тен 10 миллион тоннаға дейін астық экспорттайды. 2016 жылы елімізде 23,7 миллион тонна бидай алынып, рекордтық өнім жиналды. 2016 жылы ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 35 пайызға өсіп, оның көлемі 228 миллиард теңгеге жетті. Республикамызда ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Майлы және азықтық дақылдарды өсіретін алқаптардың аумағы кеңейді. Қазіргі кезде майлы дақылдар 2,0 миллион, мал азықтық дақылдар 3,5 миллион гектар жерге себіледі. Осыдан-ақ елімізде агроөндірістік кешеннің жаңа сипатта дамуына барынша жағдай жасалып отырғанын көруге болады. Дегенмен, қоғам мен уақыт алмасқан сайын ауылшаруашылық мамандарына қойылатын талаптар да заманға сай жаңаруда. Биылғы жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жаңа Жолдауында «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деп ерекше атап өтті. Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдында, әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнімдер өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр.

Бұл ретте агроөнеркәсіп кешенін дамыту әр аймақтың өз ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілгені тиімді. Мысалы, елдің оңтүстік аймақтарында көкөніс пен жеміс-жидек, қант қызылшасын, күріш, мақта өсіруге басымдылық берілсе, солтүстікте астық өндірісі бірінші орында. Осы талаптарға сай әр ауданда, әр облыста табиғи-климаттық факторды есепке ала отырып, аграрлық салаларды дамытуды қолға алуға тиіспіз. Жергілікті жерлерде өсіруге қолайлы және пайдасын әкелетін дәнді дақылдардың сорттарын, көкөніс пен жеміс түрлерін өсіруге шаруалардың мамандануы ауылды көркейтері сөзсіз.

Бұл орайда мемлекет Ақтөбе облысының ауылшаруашылық мамандарына үлкен жауапкершілік артып отыр. Республиканың бұл өңірінде халықтың 4,7 пайызы, яғни 834,7 мың адам тұрады. Оның 37,5 пайызы немесе 314 мың адам ауылдық жерлерде тұрады. Қазақстан үшін Ақтөбе облысының экономикалық және стратегиялық маңызы зор. Облыстың топырақ-климаттық жағдайлары ауылшаруашылық дақылдардың және мал өнімдерінің көптеген түрлерін өсіру үшін бірегей аймақ болып табылады. Елдің ірі өнеркәсіптік өңірі — Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнімдер елдің ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің 4,9 пайызын құрайды. Соңғы 5 жылда облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемі шамамен 1,5 пайызға артты. Әртараптандыру стратегиясы өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін беріп, соңғы үш жыл ішінде азық-түлік дақылдарының көлемі бір жарым есе ұлғайған, мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Елдің батысында орналасқан бұл облыс бидай, қара бидай, тары, көкөністер, жеміс-жидектер, ет, сүт, жұмыртқа, тері-жүн өндірісінде жетекші орындарға ие және бұл өнімдермен өз тұрғындарын ғана қамтамасыз етіп қоймай, өзге ауылшаруашылық өнімдерін басқа өңірлерге де шығаруда.

— Мемлекет басшысы еліміздің аграрлық саласын әрдайым назардан тыс қалдырған емес. Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде кейінгі кезде қандай заңнамалық құжаттар мен тиімді бағдарламалар жасалуда? Қазақстанның агроөндірістік кешенінде отандық өнімнің үлесі қандай деңгейде?

2016 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы», 2017 жылы «Жайылымдар туралы» жаңа заңдар қабылданды. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Үкіметте бекітіліп, қазіргі уақытта іске асуда.

Биылғы Жолдау міндеттері бойынша 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығын субсидиялау мен несиелендірудің жаңа шарттары жүзеге асырылатын болады. Ауылшаруашылық кооперативтеріне арнайы салық жүйесі енгізіледі. Жер салығынан басқасына 70 пайыздық жеңілдік қарастырылған. 5 жыл ішінде суармалы егіс алқабын 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу көзделуде. Өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемі ұлғаяды. Алдағы 5 жыл ішінде мемлекет тарапынан осы салаға 2,3 триллион теңге қаржы бөлінетін болады.

Бүгінгі күні Қазақстандағы кейбір тұтынылатын азық-түлік өнімдерінің 40 пайызы импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Сырттан әкелінетін өнімдердің барлығы дерлік өңделген дайын өнімдер және оларға жыл сайын орташа 1,8 миллиард АҚШ доллары жұмсалынады. Сондықтан бірінші кезекте отандық агронарықта алдыңғы қатарлы агротехникалық шаралар кешенiн қолдануға бағытталған ірі тауарлы шаруашылықтар қалыптастырып, «алқаптан тұтынушыға дейінгі» технологиялық үрдісті қамтамасыз ету қажеттігі туындады. Әлеуеттері үлкен кәсiпорындарда ғана инновациялық технологиялар мен ғылыми жобалардың нәтижелерiн енгiзуге болатынын уақыттың өзі дәлелдеді.

Қазіргі кезде ауыл шаруашылығындағы агроқұрылымдардың ұсақтығы ең өзекті мәселе. Олардың саны 185,0 мыңнан асады. Бүгінгі күні агроқұрылымдардың 93,3 пайыз шаруа қожалықтары, олардың 81 пайыз егістік алқаптары 50 гектардан аспайды. Елдегі барлық мал басының 52-ден 63 пайызға дейіні үй шаруашылығында шоғырланған, яғни оларға мал шаруашылығының жалпы өнімінің 74 пайызы тиесілі. Мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен негізінен үй шаруашылықтары айналысатынын ескерсек, саладағы өнімділік пен бәсекеге қабілеттілік деңгейі өте төмен. Көптеген шаруалардың техника сатып алуға қаржылары жетіспейді. Фермерлер өз өнімдерін негізінен ортадағы делдалдар арқылы өткізгендіктен, сатылған әрбір тауар бірлігінен алынатын пайданы (70-75 пайыз) делдалдар көріп келді (шетелдерде бұл көрсеткіш 25-30 пайыз шамасында). Сондықтан бүгінде аграрлық саладағы мамандар кооперацияны дамыта отырып, өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым мен инновация арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек.

Бүгінгі күні Қазақстандағы барлық шаруа қожалықтарының 84,2 пайызы еліміздің алты өңірінде — Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында орналасқан. Бір ғана Ақтөбе облысында 4,3 мың шаруа қожалықтары жұмыс жасайды. Агроқұрылымдардың жалпы санының 95,5 пайызы шаруа қожалықтары екенін ескерсек, олар ауыл шаруашылығының ішкі өнімнің 22,3 пайызын шығарады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыста өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері өндірісі мен оларды өңдеудің тұрақты өсімі негізінде агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту бойынша жұмысты жандандыру барысында бүгінгі күнге дейін 143 ауылшаруашылық кооперативі, оның ішінде ет өндірісі бойынша — 75, сүт өндірісі бойынша — 17, көкөніс өсіру бойынша — 5, дәстүрлі емес немесе аралас типтер бойынша 46 құрылған. 1300-ден астам үй шаруашылықтары ауылшаруашылық кооперативтеріне біріккен. Өңірдің басшысы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өңірде 2017 жылдың соңына дейін 160 ауылшаруашылық кооперативі құрылатын болады.

— Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға арналған заңдар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда университет ғалымдары қандай үлес қосуда?

— Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін — озық білім мен инновациялық ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналуы тиіс. Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. 87 жыл терең тарихы бар отандық аграрлық білім мен ғылымының қара шаңырағы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрларды даярлайды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз болып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке белсене араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз — ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру.

Қазіргі уақытта оқу орнымыз республикамыздағы барлық аймақтардың әкімшіліктермен тығыз қарым-қатынас орнатып, тауарөндірушілерге ғылыми-тәжірибелік қызмет көрсетуде. Халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу және білім беру базасын құрудың замануи тәсілдерін меңгеріп, стратегиялық бағытта жүйелі даму жүйесін қалыптастыра алуы — университетіміздің кейінгі кездегі басты жетістіктерінің бірі.

2001 жылы Елбасы университетімізге Ұлттық статус бергеннен кейін, 2002 жылдан бастап білім, ғылым, агробизнес интеграциясын дамутуды қолға алдық. Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану процесіне кіріспес бұрын АҚШ, Еуропа, Азия, Тынық Мұхит мемлекеттеріндегі жетекші аграрлық зерттеу университеттері мен ғылыми орталықтарының озық тәжірибелері мен тың ізденістерін зерттеп, негізге алдық.

Ең алдымен 2010 жылы Халықаралық Жобалық менеджерлер одағымен келісімшартқа қол қойылды. Жобалық басқарудың стандарттарын қолдану арқылы Қазақстан университеттерінің ішінде алғашқылардың бірі болып Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды. Трансформацияланудың бастапқы кезеңінде университетіміздің негізгі бағыттары бойынша бәсекеге қабілеттілікті дамытудың бағыттары анықталды; университеттің 2021 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалды; ғылыми жобалар портфелі әзірленді; университет дамуының 5 негізгі басым бағыттары белгіленді; трансформацияланудың нақты қадамдары мен мақсаттары анықталды.

Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан ғылым, білім және өндіріс интеграциясының тиімді механизмдері әзірленіп, Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы құрылды. 2015 жылы Үкімет қаулысымен үш жетекші аграрлық университет ҚР Білім және ғылым министрлігі қарамағынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына өтті. Сонымен қатар, біздің университет жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы 100 пайыз құрайтын коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылды. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның ерекшелігі табыс акционерлер арасында бөліске салынбайды, ол тікелей университеттің дамуына бағытталады және оқу орнының Жарғысына коммерциялық қызметтің көптеген түрлерін енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар университет автономиясын дамыту, өзін-өзі қаржыландыру тетіктерін іске асыру, сондай-ақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетін құру үшін нақты қадам болып табылады.

— Университеттің құрылымдық сипаты өзгергеннен кейін қандай артықшылықтарға ие болдыңыздар?

2016 жылы университет базасында Агротехнологиялық Хаб құрылды. Бұл университет дамуының жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндіктер берді. Халықаралық талаптарға сай құрылған Агротехнологиялық Хаб аясында орындалатын зерттеулер импорт алмастыру мақсатында экпортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту, шетелдердің озық технологиясын тарту үшін қажетті жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты өзекті мәселелерді инновациялық жолмен шешуге барынша жағдай туғызды.

Агрохаб құрамына Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корей инновациялық орталықтары, Су проблемаларын зерттеу инновациялық орталығы, Инновациялық-индустриялдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы — ИИДМБ-2 аясында құрылған зертханалар, Қазақстан-Беларус агроинженерлік инновациялық орталығы, 7 ҒЗИ, мамандандырылған кафедралардың жанындағы 31 ғылыми зертхана, Жоғары фермерлер мектебі, Экстеншн орталығы, т.б. кіреді.

Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа, Азия мемлекеттеріндегі 36 ғылыми орталықтармен тығыз әріптестік байланыстар орнатылып, әлемнің 13 беделді жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Мысалы, Корнель университетімен жергілікті алманың перспективті сорттарының гендік қорын зерттеу, Колумбияның NASA университетімен, АҚШ-тың Мичиган штаты университетімен климаттық модельдеу арқылы дәнді дақылдардың өнімділігін жоспарлау мәселелері бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, Америка, Қытай, Ресей ғалымдарымен бірге зиянкестер мен сортаңдарды алдын ала анықтау бойынша, «Геоскан» мен NASA ғалымдарымен агроөндірістік кешеніндегі тәуекелдердің ортақ жүйесін құру бойынша жобалар жүзеге асуда.

Таяуда АҚШ-тың ауылшаруашылық департаменті басшылары университетіміздің оқытушыларына,магистранттары мен докторанттарына арнап жайылымдық жерлердің экогидрологиясы жөнінде тренинг өткізді. Жас ғалымдарымыз нидерландтық серіктестермен «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне ұсынылатын бірлескен ғылыми жобаны дайындау үстінде. Бұл ретте, университеттің инновациялық қызметі ауылшаруашылық өндірісті тұрақты дамытуға, әлемдік нарыққа шыға алатын, экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті өнімді арттыруға ықпал етіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге едәуір септігін тигізбек.

Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистрантранттар мен PhD докторантарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 6 айға дейін ұзарттық. Бұл ретте студент 10 апта аудиторияда тәжірибелік сабақ алса, мамандығы мен ауыл шаруашылығындағы өз салаларына байланысты 10 апта өндіріс орнында болады. Жекелеген мамандықтар бойынша теориялық сабақтар да өндіріс базасындағы оқу-білім беру орталықтарында өткізіледі. Бұл жерде айтатын бір мәселе, cтуденттердің орындайтын барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертациялары өздері шыққан өңірлер бойынша зерттеліп, жазылуы керек.

Бүгінде Ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып жатқан оқу орнымыздың 28 кафедрасында 750-дей жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді. Атап айтқанда: ҚР ҰҒА 16 академигі, 112 ғылым докторы мен 279 ғылым кандидаты, 33PhD докторы бар. Соңғы жылдары 150 жас ғалым әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, оқытушы-профессорлар құрамын толықтырды. Университеттің 6 факультетінде 27 ұлттың 10 мыңға жуық өкілі білім алуда. Жыл сайын магистранттар мен докторанттар QS рейтингіне кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтеді.

Университет өткен жылы 5 жылға институционалдық аккредитациядан, ASIN, ACQUIN (Германия) агенттігінен барлық мамандықтар бойынша халықаралық арнайы аккредитациядан өтті. QS рейтингі бойынша 2016 жылы дамыған Еуропа және Орталық Азия университеттерінің арасында 200 жоғары оқу орны ішінен 86-орынға  ие болып, 100 озық жоғары оқу орны қатарына енді.

— Тілектес Исабайұлы, өзіңізге белгілі жоғары оқу орындарына түсу үшін бекітілген ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы — талапкерлерді алаңдатып отырған мәселе. Осы жайында ашып айтып берсеңіз…

— Биыл мектеп бітірушілердің мемлекеттік қорытынды аттестаттау мен ҰБТ тапсыру нәтижесі бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарында кәсіптік біліммен қамтылуы мектептердің білім беру сапалық көрсеткішін айқындамақ. Биыл мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы қабылданды. Оның өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Бітірушілердің білімдерінің теориялық деңгейіне, функционалды сауаттылығына, логикалық ойлау қабілетіне баса назар аударылады. Мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматының қабылдануы барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздарға, білім басқармасы мен білім бөлімдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстардың дайындығына аса мән беруіміз қажет.

— Мектеп бітіруші түлектердің ЖОО-ға түсуі қалай жүзеге асырылады, бейіндік пән таңдауда және шектік балл жинақтауда өзгерістер бар ма?

— Мектептерде өтетін мемлекеттік бітіру емтиханынан кейінгі, жоғары оқу орындарына түсу үшін өткізілетін ҰБТ ауданның базалық мектептерінде ұйымдастырылады. 2017 жылғы ҰБТ форматы 5 пән бойынша 120 сұрақ, оның 3-еуі міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2-еуі бейіні бойынша қарастырылған. Барлық 5 пән сұрақтары ескеріледі.

1-блок, яғни міндетті пәндер, «Математикалық сауаттылық» бойынша тапсырма саны – 20. Оның формасы — ұсынылған бес тапсырманың бір дұрыс жауабын таңдау.

2-ші блок — бейіндік, яғни таңдау пәндері, таңдаған мамандығына сәйкес екі пән бойынша тапсырады. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минутты құрайды. Мемлекеттік жоғары оқу орнына түсу үшін шекті балл саны — 50, ал ұлттық мәртебесі бар жоғары оқу орнына 65 балл құрайды. Бұл жерде атап айтқым келетіні, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Білім (5В012000), ауыл шаруашылығы ғылымдары (5В080100 – 5В081200) және Ветеринария (5В120100 – 5В120200) мамандықтарына мемлекеттік білім грантына конкурсқа қатысу үшін және ақылы келісімшарт негізінде оқуға түсу үшін тестілеу нәтижелері кемінде 60 балл болуы керек.

Бітіруші қолына ҰБТ қоржынындағы балымен сертификат алғаннан кейін мамандық бойынша жоғары оқу орнын таңдайды. Қазақстанның жоғары оқу орындарының барлық 175 азаматтық мамандығы бейіндік пәндер бойынша 12 комбинацияға бөлінген. Бейінді пәндерді бітіруші түсетін мамандығын анықтауы үшін өзі таңдауы тиіс. Мысалы, математика+физика бейіндік пәндері бойынша, құжаттарын тапсыру кезінде, талапкердің — 52, ал биология+химия бойынша — 22, математика+география бойынша 18 мамандықтың ішінен 4 мамандықты таңдау мүмкіндігі жоғары болады.

Тағы да бір енгізілген өзгерістердің бірі — осы бейіндік және міндетті пәндердің шекті мәні. Мемлекеттік грантқа конкурсқа қатысатын және ақылы келісімшарт негізінде оқуға қабылданатын талапкерлер үшін бейіндік пәндердің балы ескеріліп, одан кемінде 15 балл, ал қалған міндетті пәндерден кемінде 5 балдан жоғары жинауы керек. Көрсетілген шекті балдан кем алған талапкер жоғары оқу орындарына бара алмайтынын ескеруі тиіс. Әрине, бұл жерде айта кететін бір жайт, ол бейіндік пәндер туралы. Мысалы, биология+химия таңдаған талапкердің басқа пәндерден көрсеткіші жақсы болып, химиядан төмен, яғни 15-тен кем болып қалуы мүмкін. Сол сияқты басқа да таңдау пәндері бойынша. Бұл жағдайда талапкердің  жоғары оқу орнына оқуға түсу мүмкіндігі жойылады.

— Тестілеуге қатысуға және жоғары оқу орнына түсуге өтініш қабылдаудың мерзімдерінде қаншалықты өзгерістер бар?

— Жоғары оқу орнына түсу үшін тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау 10 наурыз — 10 мамыр аралығында ҰБТ-ны өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады. Өтініштерді қабылдау әр оқушының мектебінде жүргізіледі. Мектептерде өтетін қорытынды аттестация мерзімі мамырдың 29-нан маусымның 10-на дейінгі аралықта өтіп жатыр. ҰБТ-ны өткізу мерзімі — 20 маусым мен 1 шілде аралығы. Бұл жерде де айта кететін бір жайт, мектептерде қорытынды аттестаттау маусымның 10-да бітеді, қолдарына аттестатты маусымның 15-не дейін алады. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзіміне дейін не бары бес-ақ күн уақыт қалады. Бұл уақыт, әрине, талапкерлер үшін тығыз болмақ. Сондықтан, мүмкіндік болса, талапкер мектепте таңдаған бейіндік пәнін ауыстырмағаны жөн. ҰБТ-дан алған сертификат мен талапкерлер мемлекеттік білім грантын алуға конкурсқа қатысу үшін құжаттарын шілденің 23-31 аралығында жоғары оқу орнына тапсырады.

— Бұрын мектеп бітіріп, оқуға түсе алмай қалған талапкерлер үшін кешендік тест тапсыру қалай ұйымдастырылады?

— Негізгі Кешендік тестілеуге құжаттар қабылдау — 1-20 маусым, ал тестілеу — 17 шілде-23 шілде аралығында базалық жоғары оқу орнында жүргізіледі. Егер талапкер шекті балл жинай алмай қалған жағдайда, ол кешендік тестілеуді екі рет қайта тапсырып, өзін сынауына болады. Кешендік тестілеуді (КТ) қайта тапсыруға құжаттар қабылдау мерзімдері — 2017 жылғы 1-8 тамызда және 2018 жылғы 5-12 қаңтарда.

— Тілектес Исабайұлы, биылғы жылы «Алтын белгі» иегерлері және тағы да басқа олимпиадалар жеңімпаздары туралы не айта аласыз?

— Биылғы жылғы «Алтын белгі» иегерлері, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ-ны жалпы негізде тапсырады, бірақ балл саны бірдей болған жағдайда білім беру гранттарын алуда оларға басымдылық беріледі. Дегенмен, жай бітірушінің жинаған баллы жоғары болған жағдайда, «Алтын белгі» иегеріне басымдық берілмейді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлінеді.

— Колледж бітірушілердің жоғары оқу орнына түсуі үшін тапсыратын кешенді тестілеудің жаңа форматы бойынша бұрынғыдан қаншалықты өзгерістер бар?

— Колледж бітірушілері үшін талапкерлерді кешенді тестілеу (ТКТ) форматы өзгертілді. ТКТ-ның жаңа форматы бойынша колледж бітірушілер үшін 60 сұрақ қарастырылған, оның 20-сы жалпы пәндер және 40-ы бейінді пәндер бойынша. Егер бітіруші өз бейіні бойынша, колледжден алған мамандығын ары қарай жалғастырамын десе, осы формат бойынша тапсырады. Мысалы, ветеринарлық мамандықты бітірген талапкер осы мамандыққа сәйкес келетін мамандықты таңдауы тиіс. Ал мамандық бейінін өзгертіп, басқа мамандық таңдаған бітіруші тестілеуді ҰБТ форматы бойынша 5 пәннен тапсырады.

Мамандық бейіні сәйкес келетіндер үшін тестілеу уақыты — 100 минут. Жалпы бейінді пән 20 ұсынылған бес жауаптан бір дұрыс жауапты таңдай отырып, тапсырмалар базалық пән бойынша академиялық білімін тексеруге бағытталған. 30 ұсынылған көп жауаптан бір дұрыс жауабын таңдай отырып, тест тапсырмалары базалық пән бойынша терең академиялық білімін және практикалық қабілеті мен дағдыларын тексеруге бағытталады. Бейінді пән бойынша 10 ұсынылған көп жауаптан бірнеше дұрыс жауапты таңдай отырып, тест тапсырмалары базалық пән бойынша терең академиялық білімін және практикалық қабілеті мен дағдыларын тексеруге бағытталады.

Мемлекеттік грантқа конкурсқа қатысатын және ақылы келісімшарт негізінде оқуға қабылданатын талапкерлер үшін бейіндік пәндердің балы ескеріліп, одан кемінде 13 балл, ал қалған міндетті пәннен кемінде 5 балдан жоғары жинауы керек. Көрсетілген шекті балдан кем алған талапкер жоғары оқу орындарына бара алмайтынын ескеруі тиіс.

Тестілеуге қатысуға өтініш маусымның 20-на дейін қабылданады. ТКТ базалық жоғары оқу орнында орналасқан ҰБТ-ны өткізу пункттерінде өткізіледі. ТКТ 17 шілде мен 23 шілде аралығында өткізіледі. Шекті балл — 35, жоғары балл — 70.

Биылғы жылдан бастап мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ның жаңа форматы үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл бағытта білім басқармалары мен аудандық білім бөлімдерімен бірлесіп университет тарапынан іс-шаралар қарастырылып, ата-аналар мен оқушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, осы Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде (Ақтөбе қаласы, Ә.Молдағұлова, 34) Қазақ ұлттық аграрлық университетіне талапкерлерден құжаттар қабылдау пункті жұмыс жасайды. Ол пунктке жауапты Кенжебай Мұханбет-Шәріптің байланыс телефон номері: 8-777-271-73-97.

Сөз соңында мектеп бітіруші түлектерге айтарым, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің есігі сіздер үшін әрқашан да ашық! Білім алушы жастарды біздің университетке шақырамын.

Сұхбаттасқан Дастан АЗАМАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button