Құқық

Меншік құқығы қалай қорғалады?

Дамыған және өркениетті әрбір мемлекет меншік құқығының қорғалуын әрқашанда басты назарда ұстайды. Меншіктің қорғалуы әрбір мемлекеттің негізгі заңымен, яғни Конституциясымен бекітіледі. Осындай жағдай біздің мемлекетте де қалыптасқан.

Әр елдің Конституциясы сол елдің негізгі заңы ретінде басқа заңдардың қабылдануына бағыт-бағдар беруші акт болып табылады және басқа заңдар оған қайшы болмауға тиіс.

Еліміздің Конституциясының 26-бабының үшінші тармағына сәйкес соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 260-бабына сәйкес меншік иесі өзгеден заңсыз иеленген өз мүлкін талап етуге құқылы. Сонымен қоса, осы кодекстің 264-бабына сәйкес меншік иесі өз құқықтарының бұзылуы иеліктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.

Кез келген меншік негізінен осы екі тәртіппен, яғни екі түрлі талап қою арқылы қорғалуға жатады. Біріншісін виндикациялық, екіншісін негаторлық талап қою тәртібі деп атайды. Соңғы кезде ғалымдар меншік құқығын қорғаудың тағы бір жолы бар, ол мүлікке меншік құқығын тану болып табылады деп көрсетеді, яғни адам сотқа жүгіну арқылы өзінің иелігіндегі мүлікке меншік құқығын тануды сұрай алады.

Виндикациялық тәртіпте меншік құқығын қорғау мүлікті нақтылай иеленушіден талап етіп алу болып табылады, яғни мүлікті заңсыз иеленуші оны меншік иесіне қайтаруға тиіс. Бұл тәртіппен мүлікті алып беру мүлік бар болған жағдайда ғана жүргізіледі. Мүлік болмаған жағдайда оны алып беру мүмкін емес, сондықтан бұндай жағдайда меншік иесі мүліктің құнын өндіре алады.

Виндикациялық тәртіпте берілген талап арыз, егер мүлік нақтылай иелігіндегі адамның заңсыз әрекетінен пайда болған жағдайда меншік иесінің құқығы барлық кезде қорғалуға және мүлік оның меншігіне алып берілуге тиіс.

Егер мүлікті нақтылай иеленуші оны заңсыз түрде иеленіп отырмаса, мысалы, сатып алу-сату шарты бойынша иеленген болса, онда мүлікті бастапқы меншік иесіне алып беру қиындайды, кейде тіпті алып беруге болмайды. Бұл жерде мына жайлар ескеріледі: 1) адал емес иеленушіден мүлік барлық кезде алынуға жатады; 2) адал иеленушіден, яғни мүлікті алған кезде өзінің заңсыз иеленуші екенін білді немесе білуге тиіс адамнан, егер мүлік тегін берілген жағдайда барлық кезде алынуы мүмкін; 3) егер мүлік ақы төлеу арқылы алынған болса, мүлікті адал иеленушіден алып қоюға болмайды.

Азаматтық кодекстің 261-бабына сәйкес, егер мүлік оны иеліктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны білмесе және білуге тиіс болмаса (адал алушы), мүлікті меншік иесі немесе меншік иесі мүлікті иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуінен де

ұрланған, не олардың иеленуінен бұлардың еркінен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншік иесі бұл мүлікті алушыдан талап етіп алдыруға құқылы.

Яғни заң талабына сәйкес мүлікті қайтару үшін меншік иесі өз мүлкінен екі жағдайда ғана айырылғанда жол беріледі. Біріншісі — мүлікті меншік иесі немесе меншік иесі мүлікті иеленуге берген адам жоғалтқан және екіншісі — олардың екеуінен де ұрланған жағдайда жол беріледі.

Адал иеленушінің құқықтары барлық кезде қорғалуға тиіс.

Егер мүлік сот шешімдерін атқару үшін белгіленген тәртіп бойынша сатылған болса, осы тәртіпте көрсетілген негіздер бойынша мүлікті талап етіп алдыруға жол берілмейді.

Сотта сатушының мүлікті сатуға құқығы болмаған, алайда мүлікті сатып жіберген, сондықтан құқығы бұзылған адамның сот арқылы мүлікті сату-сатып алу шартын заңсыз деп тану жөніндегі істер көптеп қаралады. Бұндай жағдайда сот егер мәмілеге қатысушылардың бірі оны міндеттемені орындаудан немесе үшінші тұлға не мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетімен жасасқанын анықтаса, ал мәміленің басқа қатысушысы бұл ниет туралы білген болса немесе білуге тиіс болса, мүдделі тұлғаның арызы бойынша мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Мысалы, А. деген азамат өзінің Б-ның алдындағы қарызы үшін кепілге берілген мүлкін кепіл ұстаушыға айтпастан, оның келісімінсіз С-ға сатып жіберген. Сот Б-ның мәмілені заңсыз деп тану, мүлікті қайтару жөніндегі талап арызын қарап, оны қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. Өйткені сатып алушы С-ның сатушының басқаның алдындағы жауаптылықтан жалтару үшін осы мәмілені жасап отырғанын білгені немесе білуге тиіс екені дәлелденбеген.

Меншік құқығын қорғаудың екінші түрі бұл негаторлық талап қою құқығы. Яғни меншік иесі өз құқықтарының бұзылуын мүлікке иелік етуден айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап ете алады.

Заңға сәйкес меншік иесінің өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы болады. Кейбір жағдайларда меншік иесінің мүлікке билік ету құқығы бұзылмағанымен, меншік иесі мүлікке толық көлемде иелену, пайдалану құқықтарын жүргізе алмайды.

Бұл жолмен меншік құқығын қорғау мүлікті басқаның меншігінен алып қоюмен байланысты емес. Меншік иесінің мүлікке меншік құқығы бұзылмайды, алайда меншік иесі өзінің меншік құқығын басқаның кінәсіне байланысты толық көлемде жүргізе алмайды.

Т. деген азамат Ақтөбе қаласындағы өзінің меншігі болып табылатын үйден Ж-ны отбасы мүшелерімен бірге шығаруды сұрап арыз берген. Талап арызға қарағанда Т-ның меншік құқығы Ж-мен бұзылмаған, жауапкер үйге меншік иесінің келісімі арқасында кірген. Алайда, арызды қанағаттандырмауға негіздер жоқ, өйткені меншік иесі мүлікке иелену және пайдалану құқықтарынан айырылған.

Сондықтан әрбір азаматтың өзінің меншік құқығының бұзылмағанын қалайтын болса, ол азаматтың өзі басқаның меншік құқығына нұқсан келтірмеуі тиіс. Ал дау туындаған жағдайда оны заң талаптарына сай, әділ шешу соттың басты міндеті болып табылады.

Мемлекет пен қоғамда туындайтын барлық дауларды өркениетті түрде, яғни заң талаптарын басшылыққа ала отырып, сот төрелігін жүзеге асыратын органдардың өкілеттіктері арқылы шешу — демократиялық принциптерге негізделген еліміздің дамуының басты көрсеткіші болып табылады.

Нұрсапа ПРИМАШЕВ,

облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button