Жеңіс

Алты жыл әскерде болған…

Жыл сайын Жеңіс күні жақындағанда әкемнің жорық жолдары, ол басынан өткерген ауыр кезеңдер ойыма оралады. Нағыз жалындаған жастық шағында қолына қару ұстап, ел қорғағаны, өлім мен өмір арпалысында талай тайталасқаны көз алдыма келгендей болады.

Менің әкем Отарғали Ізтілеуов 1917 жылы Қобда ауданының Құмсай ауылында дүниеге келген екен. Әке-шешесінен ерте айырылып, тұрмыс тауқыметін бір кісідей-ақ тартады. Ағайындарының қолында тәрбиеленген ол 1939 жылы әскери борышын өтеу үшін армия қатарына шақырылады. Смоленскідегі әскери училищеден дәріс алады.

Ал соғыс басталған күні әкем қызмет етіп жатқан 1314-атқыштар полкін бірден бірінші Беларусь майданына жібереді. Бұл неміс фашистерінің бақайшағына дейін қаруланып, қуатты техникамен екпіндеп алға ұмтылып, жолындағының бәрін қырып-жойып қарқынды келе жатқан сәті екені тарихтан белгілі. Сол қанды қырғын ішінде әкем майдандастарымен бірге талай қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, жаудың ілгері аттаған қадамына тосқауыл қояды.

Ол Батыс Украина, Беларусь мемлекеттерін азат ету шайқастарының бел ортасында жүреді. Партия мүшесі ретінде азаматтық антына берік, Отанына адал азамат ретінде көзге түседі.

Могилев қаласы маңындағы шайқастар әкемнің жауынгерлік жолында ерекше орын алады. Ол сондай-ақ Днепр өзенінен өтуге, сондай-ақ осы аумақтағы немістер басып алған қалалар мен деревняларды жаудан азат етуге қатысады. Бобруйск арқылы шекарадағы аймақтарды қорғаудағы бетпе-бет шайқастардың бел ортасында жүреді. Сол тұстарда деревнядан қашып шығып үлгермеген бала-шаға, қарт адамдарды фашистердің жауыздықпен азаптап өлтіргендерін, солардың бәріне бірдей араша түсу мүмкіндігі бола бермегенін қынжылыспен айтып отыратын. Талай елді мекендердің қаңырап бос қалғанына куә болған.

Әкем кескілескен шайқастардың бірінде ерекше көзге түседі. Қанды қырғында сол аяғынан жарақат алып, госпитальдан бір-ақ шығады. Кейін осы жолғы ерлігі үшін ІІ дәрежелі жауынгерлік «Даңқ» орденімен марапатталады.

Біз әсіресе Жеңіс күні қарсаңында ол кісіні ортамызға алып, көңілін көтеретінбіз, арасында суыртпақтап майдан әңгімелерін сұрайтынбыз. Сондай сәттердің бірінде «мына аяғымнан жарақат алғанда бастапқыда ештеңе сезген жоқпын» деп, балаларына балтырын көрсеткен. «Жүріп келе жатып қисаңдап құлай беремін. Сонда да ұмтылып тұрып, қаруымды алға кезеніп, жолдастарыммен бірге ілгерілеп келемін. Біраздан соң аяғымның жаны кетіп қалғандай болды. Етігімнің іші суланып, шылпылдай бастады. Дереу кідіріп, етігімді шешіп, шұлғауымды алуым мұң екен, аққан қанды тоқтата алмадым. Жаралы жауынгерлерді қадағалап келе жатқан санитарка жарақатымды таңып, госпитальға жеткізді»,— деп сол күндерді еске алушы еді әкем.

Ол қаншалықты қиын болса да, өткен күндерге оралып отырушы еді. Сондайда «Қарулас жолдастарыңның жараланған кездегі жан ұшырып қиналғанын, тіпті көз жұмғанын көру қиынның қиыны еді. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Біз жауды жеңеміз деп не көрмедік? Бұл соғыс кімдерді жалмамады, небір жақсылар мен жайсаңдар кетті ғой»,— деп күрсініп отыратын.

Әкемді соңғы жарақатынан кейін, денсаулығына байланысты 1945 жылдың сәуір айында елге қайтарады. Ол туған жерге жеткен соң бірден еңбекке араласып кетеді. Ауылда күні-түні жұмыс, техника атауымен жоқ, еңбек ететіндер — әйел, бала-шаға, майданнан жараланып келген жауынгерлер, кәрі-құртаң шал кісілер. Әкем солардың ортасында жүріп, елдің шаруасына иығын тосады.

Ол келесі жылы Орынбор облысы Ақбұлақ стансасының қызы Забира Әбілдиновамен бас қосады. Екеуінің шаңырағында он перзент дүниеге келеді. Олардан өрбіген 15 немере, 31 шөбере бүгінгі күні майдангер аталарының ерлігін мақтан тұтады.

Әкем жоғарыда айтылған ІІ дәрежелі жауынгерлік «Даңқ» орденінен басқа, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен, басқа да көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған.

Ол өзінің ел қорғауға қатысқанын, болашақ ұрпақтың бейбіт күнде өмір сүруі үшін қан төккенін, елге аман-есен оралып, соңынан қара-құра ерткенін тәубешілікпен айтып отыратын.

Әкем «Тәуелсіз еліміз өркендеп, болашақ ұрпақ соғыс өртін көрмесін. Елбасымыз, ел болашағы — жастар аман болсын. Жас буын жапырақ жая көктеп, ел-халқына адал еңбек етіп, бейбіт заманда өмір сүрсе екен» деп отыратын.

Ол 2005 жылы 30 тамызда сексен сегіз жасында дүниеден озды. Тірі болғанда, биыл ғасыр жасына келер еді деп ойлап қоямын…

 Мәдина ОТАРҒАЛИҚЫЗЫ,

зейнеткер-ұстаз.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button