ЖеңісМереке

Хабарсыз кеткен сарбаз

«Қара қағаз»

Ұлы Отан соғысы жылдарында  ұрыс кезінде  қаза болған жауынгердің отбасына майдан шебіндегі әскери бөлімшеден қаралы жағдайды баяндаған жазбаша хабар келетін болған. Оны ауыл қазағы «қара қағаз» атаған.

Менің қолымдағы сол. Арада 66 жыл уақыт өткесін, қағазы да сарғайған. Алайда баяғы сиялы қаламмен жазылғандықтан, жазуы тайға таңба басқандай әлі де анық.  Соғыс жылдарында  бір отбасына жаманат хабар жеткізген әскери орындардың ресми қатынасы орыс тілінде жазылған. Мазмұны мынау: «Хабарлама №416. Сіздің еріңіз, қызыл армия жауынгері Өтегенов Үсен  1905 жылы Ақтөбе облысының Родников ауданының Петропавловск поселкесінде туған, Социалистік Отанымыз үшін ұрыста, 1941 жылдың 22 желтоқсанында Мәскеу облысының Нарофален ауданының Романов деревнясы маңында хабарсыз кетті. Осы хабар әлеуметтік жәрдем алуға ұсыну үшін құжат болып табылады».

Бұл — 26 мотоатқыштар пулемет батальоны командирі қол қойған құжаттың  көшірімесі. Ол қызыл армия жауынгері Үсен Өтегеновтің елдегі жесірі Башық Тілесоваға табысталған.

Бұл шақта Башық (шын есімі Ақілгек) хабарлама қағазда көрсетілген мекенде тұрған. Ері соғысқа аттанғанда ұлы Орынбасар 3 жаста, қызы Тыныштық сол күні шыр етіп дүниеге келген екен.

Соғыс жүріп жатқан кез жағдайға қарамаған, 1941 жылдың тура 23 шілдесінде сәбилі болған Үсен сол күні әскерге аттанып кете барған. Әуелі Ақтөбе қаласында жасақталған 312-атқыштар дивизиясының құрамына алынып,  бір ай Елек өзені бойында дайындықтан өткен. Содан аттанып барғанда, Мәскеу облысының Нарофален ауданының Романов деревнясында Мәскеуді қорғау шайқасына кірген. Арада 4 ай өткенде отбасы әлгіндей хабарлама қағаз алады. Алайда онда нақты қаза болғаны айтылмайды, ұрыста хабарсыз кеткені ғана мәлімделеді, өзге дерек жоқ.

Мұндайда біздің қазақ «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп, үмітін үзбей күтеді. Үсеннің отбасы да соғыспен өткен төрт жылда, одан кейін соғыс өрті тыншып, жауынгерлер елге оралған кезде бір үміт, бір күдікпен алаң көңілде болады.

Үсеннің тұяғы

Мұны бізге майданда хабар-ошарсыз кеткен Үсеннің бүгінгі жалғыз тұяғы, сексеннің ауылына аяқ басқан Орынбасар ақсақал айтады.

— Қазір Желтау аталған Петропавловкаға әкем 1930 жылы Түркіменстаннан көшіп келіпті. Осында «Пролетарская революция» деп аталған ұжымшар болған екен. Тракторшы мамандығын меңгеріп сол ұжымшарда бірсыпыра жыл тракторшы болып жұмыс істеген. Соғысқа трактор бригадасының бригадирі қызметінде жүріп аттанған. Әкемнің түр-түсін көз алдыма келтіре алмаймын, есімде жоқ. Тіпті кішкентай болғанмын ғой. Бергіректе дүниеден өткен шешемнің айтуымен ғана білемін. Мені керемет жақсы көргені сондай, жұмыстан келгенде құмарланып сүйіп, кіші дәретімді ауызына тосып алып отырады екен, — Осыны айтқанда  ақсақал әсерленіп көзіне жас алып, әңгімесін қайта жалғады:

— Әкем мен шешемнің менің алдымда көрген тұңғышы Жақсылық есімді ұлдары ерте шетінеп, іле мен өмірге келіппін. Менің есімімнің Орынбасар аталуы содан. Соғыс жылдарында есейген ұрпақпыз.

Бала болсам да, бәрі есімде. Жеңіспен бірге әкеміз де жететіндей, әне-міне келіп қалатындай зарығып күттік. Соғысқа біздің ауылдан әкеммен бірге Михаил Черненко деген орыс аттанған. Екеуі ұрысқа бірге кірген. Сол, соғыс бітіп елге келгенше, біздің қолымызда әкеміз хабар-ошарсыз кетті дегеннен басқа  еш дерек болған жоқ.

Бір күні әкемнің әлгі майдандас орысы елге оралды.  Обалы не керек, шаңырағына бас сұғып шықты да, еңірегенде етегі жасқа толып, біздің үйге келді. Мені маңдайымнан сүйіп, бауырына басып, көтеріп алды. Сосын шешеме әкем Үсенмен соңғы шайқасқа дейін бірге болғанын. Командирлердің 1941 жылдың 22 желтоқсаны күні әкемді алғы шептен босатып, штабта қалдырғанын, ал өзінің алғы шептегі қорғанысқа кеткенін, кешке қырғын ұрыстан оралып келгенде, ертеңгілік әкем қалған штабтың орнында терең апан ғана жатқанын айтты.Орасан зор бомба түсіп, штабта қалған адамдардан бірде-бір жан қалмаған.Командирлер, сарбаздар түгел қырылған, жоқ болған.

Черненконың хабары

Осыны өз көзімен көрген Михаил Черненко елге келгеннен кейін, майдандас досының үйіне келіп бар жағдайды хабарлады.

— Үсен хабар-ошарсыз кеткен жоқ. Ол Отанын, оның ішінде Мәскеу қаласын қорғау кезінде майданда қаза болды. Мен бұған куәмін. Үсеннің ерлігінің тарихын жақсы білемін, — деді Михаил Черненко жерлесі, соғысқа дейін ұжымшарда бірге жұмыс істеген әріптесі, майдандас досы туралы.

Оның бұл хабары Үсеннің отбасының алаң көңілін тыныштандырғамен, біржола үміттерін үзіп, ауыр қайғыға салып кетті. Әсіресе жалғыз ұлы Орынбасардың жүрегіне әкесінің соңғы демі үзілген жерді бір көрсем, нақты дерегін білсем деген арман шемен болып бекіді. Содан бері, міне, 62 жыл бойы майданда жоғалған әке дерегін ойлап, іздеумен келеді. Өзінің атынан, анасының атынан әскери комсариаттарға, одақтың әскери мұрағаттарына сұрау салып, талай хаттар жазды. Олардан келетін жауаптар бір сарынды. Дегенмен, соның өзінен анық бір дерекке көз жеткізді. Ресей Федерациясының Қорғаныс Министрлігінің Орталық мұрағатының  және майдандас досы Михаил Черненконың берген дерегі бойынша  әкесінің соңғы демі үзілген жер белгілі. Естуінше, сол жерде ұрыста қаза болған кеңес жауынгерлеріне ескерткіштер тұрғызылып, есімдері жазылған. Олардың бірсыпырасы кейін толықтырылыпты. Естуінше, соның ішінде әкесінің туған ағасы Көптілеу Өтегеновтің де есімі бар екен. Ол әкесімен бір ауылда тұрып, 1942 жылы 19 қаңтарда әскер қатарына алынған. 1948 жылы хабар-ошарсыз кеткендігі туралы жұбайы Қарамаза Өтегеноваға хабарлама табыс етілген.

Ілгеріректе шығарылған Ақтөбе облысынан соғысқа қатысқандар туралы «Естелік кітабының» 5-томының 186-187-беттерінде ағайынды екі азаматтың туған, өлген жылдары және «хабар-ошарсыз кетті» деген жазу ғана тұр.

Соғыс өмірін қиған сарбаздың жалғыз тұяғы Орынбасар Үсенұлының жанын қинайтын да осы соңғы сөз. Ол әкесі хабар-ошарсыз кеткен жоқ, рухы сол соңғы демі үзілген жерде деп есептейді. Сол мекенге барып, мінажат ету перзенттік парызым деп есептейді. Өткен жылдарда қазақстандықтардың атынан Ржев қаласы түбінде көз жұмған қазақстандық жауынгерлерге мемориалдық кешен орнатылғаны белгілі. Оның ашылуына Ақтөбе облысынан да үлкен делегация барып қатысты. Орынбасар осы ұйымдастырылған даңқ жолымен жорығына қатыса алмағанына өкінеді. Біріншіден, хабарды кеш естіді. Екіншіден, сол тұста екі бірдей ота жасатып, жағдайы да болмады. Әке басына елдің топыраған қосу міндетін өткеруге әлі де жиналып отырған жағдайы бар. Ең болмаса, әкесінің қолында суреті де жоқ, сақталмаған, түспеген де болуы мүмкін.

Көңіліне бір медет ететіні, әке атына кір келтірген жоқ. Орынбасар қойған әкесінің сенімін ақтап, ұрпағын жалғастырды. Жоғары білім алып, тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысты. Қазіргі Қарғалы ауданының ізіндегі шаруашылықтарда бас агроном, бас экономист қызметтерін атқарды. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасында аға ревизор, зейнеткерлікке шығардың алдындағы он жылда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында қаржы бақылау және ревизия бастығы қызметтерінде болды.

Зайыбы Күнсәуле Аязбаева екеуі ұл-қыз өсіріп, олардан немере сүйіп, ата-әже қызығын бастан өткеруде. Армансыз адам жоқ десе де, өмірге риза. Ендігі тілек, әке аманатын орындасам, қаза болған жерін көріп, рухына дұғамды бағыштасам дейді. Осы ой соңғы кезде тіпті жиі мазалайтын болып жүр. Жолға шығып кетуге жастың келіп қалғандығы, денсаулықтың нашарлығы ғана алаңдатады. Ресми орындардан мұндайда қандай жәрдем бар деп те қояды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button