Ауыл

Облыс омарташылары жиналды

Кеңес

Қарғалы ауданының Петропавловка ауылында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен бал арасын өсіруші кәсіпкерлердің облыстық кеңесі өтті.

Кеңеске  «Бал-Ара» Қазақстан омарташылар ұлттық одағының вице-президені Ғабит Нұрәділұлы қатысып, бал арасын өсірушілерге нақты ұйымдық және іскерлік кеңестер берді. Бұл саланы дамытудың мүмкіндіктері көп екенін айтып, кәсіпкерлердің назарын ара шаруашылығын ілгерілетудің  жолдарына, одаққа мүше болу тәртібіне аударды.

Елбасының  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында  айтылған аграрлық  секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру тапсырмасына сәйкес, дәстүрлі емес салалардың бірі — бал арасын өсіруді аймақтарда дамытудың маңызды болып отырғанын еске салды. Оның айтуынша, еліміздің жер жағдайы омарташылықты кез келген аймақта кеңінен өрістетуге мүмкіндік береді. Алайда бұл іс тым баяу дамып келеді. Мұны еліміздің тұрғындарының бал арасын тұтынуы әр адамға шаққанда жылына 50 грамнан ғана келетінінен көруге болады. Ал Германия сынды елдерде әр адам жылына 14 келі бал тұтынады екен.

Кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек  Бимұратов соңғы жылдары Ақтөбе аймағында да бұл саланың жақсы дамып отырғанын атап айтты. Облысымызда бүгінгі күні бал арасын өсіретін 11 кәсіпорын тіркелген. 2016 жылы олар 35 тонна бал өндірген. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындар  кооперативке бірігіп, ара балын 18,5 тоннаға көбейтіп, 53,5 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлауда. Мәртөк ауданында орналасқан «Таңшолпан» шаруа қожалығы ара балын шаруашылықтардан қабылдап, қайта өңдеп, арнайы орауыш қаптамада шығару мақсатында  жұмыстар атқаруда.

Дәстүрлі емес саланы дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көптеген қолдау шаралары ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, биылғы жылға бал арасы ұясымен селекциялық және асылтұқымдық жұмыс жүргізу шығындарын қайтаруға 7 млн теңге қаржы қарастырылды.

Бал арасын өсірушілердің басқосуында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев омарташыларға ветеринария саласы бойынша қойылатын талаптарды жеткізді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button