Жеңіс

Ел қорғаған ер еді…

Ұлы Отан соғысының әрбір күні өмір мен өлім арпалысы іспетті болғанын тарихтан жақсы білеміз. Бір қадам жер үшін қаншама адам қан төкті, қаншама адам ауыр жарақаттанды. Олардың амандығын тілеп елде қаншама бауырлары жүрегі қан жылап жүрді.

Ал Тәкібай Әлдірзин соғыс басталғаннан Жеңіс туы желбірегенше сол от пен оқтың ортасынан шықпады деуге болады. Қарап көріңіз. Ол 1938 жылдың қыркүйегінде әскер қатарына алынып, 1939 жылдың қазанына дейін Полоцк қаласындағы №45 «МА» әскери бөлімі жанындағы полк мектебінде оқиды. Осы жерден кіші командир деген әскери атақ алып шығады. Жиырма екі жасар жас офицер бірден майданға аттанады. Бұл кезде фин-орыс соғысы қызу жүріп жатқан еді. Оны фин майданының алдыңғы шебіндегі №139 атқыштар дивизиясының 609-атқыштар полкіне бөлім командирі етіп тағайындайды. 1940 жылдың 13 қаңтарында финдермен шайқас кезінде бірінші рет ауыр жарақат алып, Калинин қаласындағы әскери  госпитальға түседі. Одан шыққанан кейін Халық Комиссариатының бұйрығымен Орта Азия әскери округінің қарамағына, Түрікмен республикасындағы Чарджоу қаласы әскери құрамындағы 682-атқыштар дивизиясына жібереді. Соғыстан алған жарақаты мұнда да сыр беріп, қиындықтар тудырған соң, оны Чарджоу облыстық әскери комиссариатына писарь қызметіне бекітеді.

1941 жылдың жазында неміс фашистері Кеңестер Одағына тұтқиылдан соғыс бастап кетеді. Тамыз айында Тәкібай Әлдірзаұлын Ташкент облысы Шыршықтағы 79-атқыштар полкіне командир етіп жібереді. Мұнда ол жауынгерлерді майданға әзірлеу жұмыстарына жетекшілік етеді. Ал келер жылдың сәуір айында оны Брянск әскери-саяси училищесіне бағыттайды.

Училищеде оқып шыққан қызыл командир 190-шы бағыттағы 5-атқыштар дивизиясына жолдама алады. Сөйтіп, тағы да қолына қару ұстап, қан майданның ортасынан бір шығады. Осында 1943 жылдың ақпанына дейін алдыңғы шепте болып, көптеген қанды шайқастарға қатысады, жауынгерлерді ілгері бастайды. Жаумен бетпе-бет осындай арпалыста ол екінші рет ауыр жарадар болады. Бұл жолы Тула қаласындағы әскери госпитальда емделеді. Госпитальдан қайтадан майдан даласына аттанады. Жігерлі командир бірнеше рет ерлік үлгісін көрсетеді, өзінің әскерлерін сөзімен де, ісімен де алға жетелеп отырады.

1943 жылдың қазан айында оны 28-артиллерия полкінің офицерлерін қайта даярлайтын курсқа жібереді. Бұл курстан өткеннен кейін ол Брянск майданындағы артиллерия дивизионы командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалады.

Кезекті шабуылдардың бірінде ол үшінші рет жараланады. Бір айдан аса әскери госпитальда емделіп, үшінші рет майдан шебіне аттанады. Бұл жолы 129-ерекше атқыштар дивизионы командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары ретінде соғысқа кіреді. Осылайша ол Жеңіс күніне дейін қолынан қаруын тастамайды.

Соғыс аяқталғанымен ол үшін үстінен жауынгерлік шинельді шешуге әлі ерте еді. Тәкібай Әлдірзаұлы 1946 жылдың мамырына дейін Минск әскери округына қарасты 898-артиллерия дивизионында партиялық ұйымдастырушы қызметін атқарады. Содан кейін Түркістан әскери округі қарамағына жіберіліп, Қызылордада әскери комиссариатта саяси бөлімнің нұсқаушысы болады. 1947 жылдың мамырында ғана Қызыл армия қатарынан босатылады.

Тоғыз жыл бойы қолына қару ұстап, әскер қатарында алдыңғы қатарда жүрген командир Тәкібай Әлдірзин бейбіт күнді жақындатуға осылайша үлес қосты. Оның майдандағы ерліктері «Қызыл жұлдыз» орденімен, сондай-ақ «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен атап өтілді. Сталиннің Алғыс хатымен марапатталды.

Профессор Зәкіратдин Байдосов біраз уақыт еңбектеніп, «Тәкібай» деп аталатын құнды кітап жазып шығарды. Белгілі тарихшы-ғалым бұл еңбегінде Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер Тәкібай Әлдірзаұлының өнегелі өмір жолына кеңінен тоқталып, оның кіндік кескен жері, өскен ортасы, шыңдалу мектебі, жауынгерлік жолдары, бейбіт күндердегі еңбегі, ұрпақтары жөнінде салиқалы байыптама жасайды.

Тәкібай Әлдірзин 1917 жылы Шалқар ауданының №9-Қорғантұз ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келген. Ол өзінің өмірбаяндық анықтамасында: «Әлеуметтік тегім — жарлы-шаруа, 1942 жылдың желтоқсан айынан ВК(б)П мүшесімін. Соғысқа дейін Шалқардағы фабрика-зауыттық училищені бітіргенмін. 1934 жылдың желтоқсанынан 1938 жылдың тамызына дейінгі аралықта Шалқар депосында токарь болып еңбек еттім» деп жазып қалдырыпты.

Тәкібай Әлдірзаұлының соғыстан соңғы жылдары Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқып келгеннен кейінгі өмір жолы Қарабұтақ өңірімен байланысты. Оны осында аудандық партия комитетінің Бөгетсай МТС аймағы бойынша хатшысы етіп сайлайды.

Сол өңірдегі «Шербаков» кеңшары тыңгерлердің басын қосқан, адамдары Одақтың түкпір-түкпірінен келген ірі ұжым болатын. Партия тәжірибелі қызметкерін елуінші жылдардың соңына қарай осы шаруашылыққа жібереді. Осында партия ұйымын басқарған ол халық арасында адал еңбегімен, жігерлі іс-қимылымен зор беделге, ерекше құрметке ие болады.

Тәкібай тағдырының өзгешелеу бір тұстары бар. Ол соғыста алғашқы жараланып, госпитальда емделген соң белгілі бір уақытқа демалысқа елге жіберіледі. Сол тұста ол өзінің өмірлік серігі Бибісарамен үйленіп, оны өзімен бірге майданға ала кетеді. Бибісара дивизион командирінің әйелімен бірге майданның санитарлық бөлімінде қызмет етеді. Елге де жеңіспен ерімен бірге оралады.

«Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған». Тәкібай атаның артында қалған ұрпақтары да өз қатарының алдын бермей, жұлдыздары жарқырап жетілді. 1947 жылы дүниеге келген үлкені Нұрадин Алматы құрылыс-архитектура институтын 1970 жылы үздік бітіріп, Шалқар, Новоресей аудандарында басшылық қызметтерде болды. Облыстық деңгейдегі мекемеге жетекшілік жасады. Сөзі де өтімді, ісіне де мығым азамат еді, елу жеті жасында дүниеден өтті.

Екінші ұлы Арыстан ұлттық қауіпсіздік қызметі саласында подполковник шенінде қызмет етіп, отставкіге шықты. Қазір де жауапты салада еңбек етуде.

Мұқамбетқали Қарағанды политехникалық институтын бітірген соң Дөң кен байыту комбинатында тау-кен инженері болып еңбек жолын бастап, Хромтау ауданы әкімінің орынбасары, Қарғалы ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Одан кейінгі уақыттарда Ақтөбе өңірінде ірі кәсіпорындарға жетекшілік етті, қазір Атырау облысы, Индер ауданы әкімінің орынбасары.

Тәкібай атаның қыздары Орынша, Шара, Шамшырақ, Құралай, Қарлығаш та өмірден өз орындарын тауып, отбасылы болды, өз мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп, абырой биігінен көрінуде.

Биылғы мамыр айының ортасында Ұлы Отан соғысының жалынды жауынгері Тәкібай Әлдірзиннің дүниеге келгеніне 100 жыл толмақшы. Ол небәрі қырық екі жыл ғұмыр кешті. Қысқа болса да, мағыналы, мәнді ғұмыр. Одан бері де елу сегіз жыл өте шығыпты.

Бірақ ел қорғаған ердің есімі ел жадында сақталып қала бермекші.

 Нұр ДОСБОЛОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button