Ауыл

Байғанин ауданында 169 тұрғын курстан өтті

Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында екі күндік семинар өтті.

Семинарға бизнес өкілдері, аудандағы өз кәсібін жаңа бастаған азаматтар, белгілі кәсіпкерлер, тұрғындар барлығы 169 адам қатысты.

Семинарда қатысушыларға маркетинг негіздері, адами капиталды басқару, бизнес жүргізудің заңдық негіздері, кәсіпорынның қаржылық мәселелері туралы мағлұмат берілді. Семинарды кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Бекжан Асаухан жүргізді.

Оның айтуынша, ауыл кәсіпкерлері үшін семинар-тренингтің пайдасы зор. Курсты оқығандардың барлығы өз істерін бастай алады. Негізінен тренингке қатысушылардың көбі қызмет көрсету, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді.

Семинарға қатысып, курстан өткендердің бірі — Қарауылкелді ауылының тұрғыны Бибігүл Қосқұлақова. Ол семинарға бірінші рет қатысып отырғанын, өз кәсібін қайта жандандырғысы келетінін айтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бибігүл жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ғимаратты жалға алып, көрпе, киім, баскиім тігумен айналысқан. Алайда кәсіпкер өз кәсібінде пайдадан гөрі шығын көп болғандықтан, ісін тоқтатқан.

— Семинар аясында біз өз қабілетімізді біліп, қандай бағытта жұмыс жасау керектігін, сондай-ақ кәсіпті бастауда ешқандай кедергінің жоқ екенін түсіндік. Барлығы өз қолымызда, тек еңбек ету керек. Семинарда жобаның бизнес-тұжырымдамасымен танысып, топтасып теориялық талдау жасауға үйрендік, — дейді ол.

Бибігүлге «Бизнес-Кеңесші» жобасымен қысқа мерзімді курстан өткендігін растайтын сертификат алған соң, қаржылай қолдау көрсетіледі. Осылайша өз ісін қайта жандандырмақ.

Кәсіпкерлер палатасы Байғанин аудандық филиалының директоры Мұрат Тасиннің айтуынша, ауданда жеке ісін жүргізуді үйренгісі келетіндер қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, «Бизнес-Кеңесші» жобасы арқылы 2015 жылы 90 адам курстан өтсе, өткен жылы қысқа мерзімді курсты 128 адам тәмамдаған. Олардың көбі өз бизнес жобаларын сәтті қорғап, жеке кәсібін ашқан.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button