Ауыл

Қыдырбайдың қожалығы

Әлия ауылындағы «Табанов» шаруа қожалығының басты мақсаты — етті бағыттағы мал санын көбейту.  

Асылтұқымды мал санын көбейту бағытындағы жұмыстар ауданда тиімді жүзеге асырылуда. Қыдырбай Табанов иелік ететін шаруашылық осы бағытта жұмыс жасайды. Биыл  бұл шаруашылықтың нәтижелі жұмыс жасап жатқанына алты жыл болды.

Қожалық басшысы Қыдырбай — Әлия ауылының тұрғыны. Зайыбы Гүлжамиға да осы ауылдың  қызы. Бастапқыда егін шаруашылығымен айналысқан Қыдырбайдың тәуекелді талап ететін кәсібі алға баспады, бірнеше жыл салған егін көңіл толтырарлық өнім бермей, қиындық тудырды. Ойлана келе, негізгі басымдықты мал өсіруге бұрған шаруашылықтың қазір тасы өрге домалап тұр.

Қожалықтағы қыруар шаруаны Табановтар отбасындағылардың өзі атқарады. Бүгінде қожалықта  50 ірі қара мен 60 қой өсіріледі.

Қожалық басшысы шаруашылықты ірілендіруді жоспарлап, биыл асылтұқымды бұқа сатып алыпты.

Ұзақ жыл жүргізуші болдым. Енді нарыққа бейімделіп, бір жағынан ата-баба кәсібін жалғастырып, азын-аулақ малымды салып, шаруа қожалығын аштым. Бұл істе маған тұңғышым Қуанышбек едәуір  көмектеседі. Өткен жылғы қыстың қаттылығынан мал өліп,  шығынға баттық.  Дегенмен, өсім бар. Өз күшімізбен қоражай салып, жұмыстанып жатырмыз. Әрине, ең бастапқы кезде, яғни 2011 жылдары «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 500 мың теңге несие алып, еділбай қойларын сатып алған едім. Сол үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорындағыларға ерекше алғыс айтқым келеді. Бастапқыда қорқыныштың болғаны да рас. Бұрын-соңды кәсіпкерлікпен шұғылданып көрмегесін, бұл істің ақыры не болар деген ойдың да мазалағаны анық. Несие алып, жетпес жерімізді толтыруға да етіміз үйренді. Осы күнге дейін мемлекеттен барлығы 6,5 миллион теңге несие алыппын, — дейді шаруашылық иесі Қыдырбай.

Қыдырбай мен Гүлжамиғаның шаңырағында үш ұл, бір қыз өмірге келді. Бүгінде олардың барлығы бір-бір үйдің иесі.

Шаруашылық басшысы Қыдырбай Табановтың меншігінде қазір 200 гектар жер бар. Қожалықта мал азығы да дайындалады. Шөп шабу науқаны кезінде Қыдырбай ауылдағы 4-5 адамды жұмыспен қамтиды, оларға ай сайын 60-80 мың теңге мөлшерінде жалақы төлейді.

Қожалық иесі ірі қараның етін Ақтөбе қаласындағы сауда нүктелеріне жиі шығарады. Еттің келісін 1300-1400 теңгеден саудалайды. Қалалықтардың   жергілікті өнімге деген сұранысы да жоғары болады екен.

 Гүлшат СИНГАРАЕВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button