Ауыл

Есеп он-лайн режимінде өтті

Әкімдер есебі

Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов қорытынды есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары А.Дубовенко, облыстық мәслихат хатшысы Б.Ордабаев қатысты.

Қандыағаш қаласында ұйымдастырылған есепті кездесу он-лайн режимінде өтті. Әкім есебі кабельдік телеарна арқылы тікелей эфирде таратылды. Тікелей байланыс желісі де жұмыс жасады. Жаңа технологияның арқасында есепті ембіліктер де тыңдады. Аудандық Мәдениет үйіне 200-ге жуық қала тұрғыны жиналды. Айта кетерлігі, бұл байланысқа шалғайдағы ауыл тұрғындары да қосылды. Есеп туралы алдын ала құлағдар болған жұртшылық аудан әкімінің жеке электронды блогына да сауал мен тілек жолдап үлгеріпті. Серік Шаңғұтовқа электронды жүйе арқылы 5 сұрақ қойылды.

Аудан әкімінің қорытынды есебі Елбасы Жолдауы жарияланған күнмен тұспа-тұс келген болатын. С.Шаңғұтов баяндамасында Жолдауда басымдық берілген міндеттер мен мәселелердің аудан аумағында да жүзеге асырылуы керектігін атап көрсетті. Әсіресе, өзіміздің өнімімізді өндіру мен өңдеу ісін қолға алу қажет екендігін айтты. Ауыл әкімдеріне ауылда шағын және орта бизнесті дамыту, оған жағдай жасау туралы қатаң тапсырма берді.

Егер бұл мәселе тағы да көлеңкеде қалатын болса, онда мен жұмысқа салғырттығы үшін ауыл әкімін қызметтен босату туралы шара аламын, — деді С.Шаңғұтов.

Жұрын ауданының тұрғыны Ш.Бекжанов тікелей байланыс желісі арқылы ауылдың ауыз су мәселесін алға тартты.

Жұрынның ауыз су жүйесін қайта құру мақсатында сметалық жобалау құжаттары дайындалып, құрылыс жұмыстарына бюджеттен 2010 жылға 100 млн. теңге, 2011 жылға 96 млн. теңге қаралып отыр, — деді Серік Шаңғұтов.

Жиын барысында Ақсу негізгі мектебінің директоры М.Есеева аудан әкімінің жұмысына ризашылығын білдірді.

Аудан әкімі биыл есеп беруге байланысты кездесуін Ақсу ауылында бастаған болатын. Ең бастысы, ауыз судан біраздан бері қиыншылық көрген едік, соны шешіп беруге уәде берді. Жаз шыға жұмыс басталып, үйді-үйге құбыр арқылы су келетін болады. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш. Аудан әкімі С.Шаңғұтовтың сұраныстарына түсіністікпен қарап, облыстан тиісті қаржы бөлуге қолдау жасап отырған облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа алғыс білдіремін. Бұл алғыс — ақсулықтардың аманаты, — деді М.Есеева.

Ембі қаласын толық газдандырудың сметалық жобалау жұмыстары жасалды. Құмжарған, Бірлік ауылдарын газбен қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі және «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасында қабылданған меморандум негізінде АГРС ғимараты және 7,3 шақырым газ жеткізуші құбыры салынды.  Сондай-ақ Жем, Алтынды елді мекендеріне дейін газ құбырларын тарту жұмыстары «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ тарапынан жалғастырылатын болады.

Соңғы бес жыл ішінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылыпты. Бұл Мұғалжар ауданы әкімінің іскерлігінің айғағы деп ойлаймын. Әрине, әлі де мәселелер бар. Алайда бұл мәселелер алдағы уақытта жүйелі түрде шешімін табады. Облыстың экономикалық даму көрсеткіші жоғары. Бұл әлеуметтік мәселелердің де шешілуіне мүмкіндік береді, — деді облыс әкімінің орынбасары

А. Дубовенко.

Тұрғындар аудан әкімінің есебінен риза көңілмен тарқасты.

Н.МАРАТҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

***

Кезекті шаруалар айқындалды

Береке-бірлігі мол ауыл

Ильинка ауылында  жаңа басшының алғашқы есебі болғандықтан болар, аздаған тосырқаушылық пен сыни көзқарастардың болғаны рас. Алайда бұрын да көптеген басшы қызметтерде болған Қабай Сәрсенғалиев жиналғандарды үйіріп әкетіп, барлық сауал-сұрақтарға орынды жауап берді. Оның үстіне ауданның құзырлы мекемелерінің басшылары да өздеріне тиесілі сұрақтарға барынша түсінік беріп отырды.

Есепті баяндаманы тыңдаған ауыл тұрғындары Ильинка орта мектебінің директоры Әлия Сәрсен мен «Парижская коммуна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Асатур Восканян ауыл жағдайымен таныстырып өтіп, әкім жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Ал ауданға белгілі кәсіпкер, «Абылай» шаруа қожалығының басшысы Қыдырбай Ксупов өз шаруашылығының электр желісіне жақын орналасқанын, бірақ ауылында жарық жоқ екенін айтып, басшыдан көмек сұрады. Бұл сауалға жауап берген аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Ә.Алмағанбетов мәселенің мәнісін түсіндіріп берді.

Ильинканың тағы бір тұрғыны Мұғалбай Әбуов «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерін аларда жинайтын қағаздың көптігін, бірін апарса, екіншісін сұрайтынын айтып, реніш білдірді. Ол сондай-ақ ауылда мал соятын алаңның жоқ екенін тілге тиек етті. Алғашқы сауал бойынша аудандық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы А.Нұржан, ал екінші сауалға аудандық ауыл шаруашылығы  бөлімінің бастығы Қ.Қазмағанбетов толыққанды жауап берді.

Ауыл тұрғындарының өтініші

Ильинка ауылындағы есептен есте қалған бір эпизод А.Восканянның ауылды  көгалдандыру туралы айтқан орынды ойы болды. Ол «әркім өз есігінің алдына ең болмаса бір-екі қараағаш ексе» деген тілек айтқан болатын.

Сарықобда — аудан орталығынан шалғай жатқан, бірнеше жылдан бері байланыс мәселесі шешілмей келе жатқан мекен. Аудан әкімінің есебі болардан бір-екі күн бұрын ауылға телефон байланысы келіп, халық мәре-сәре болып  жатыр екен. Тіпті телефон орнатуға кейбір қондырғы жетпей қалған бес-алты адам аудандық телекоммуникация мекемесінің бастығы Ю.Ковалевты «жеп» қоя жаздады. Дегенмен тұрғындардың көпшілігіне телефон қойылыпты, бірен-саран «көңілді» адамдар алғыстарын  қайта-қайта айтумен болды.

Бұл ауылда көтерілген мәселе — қайсыбір зейнеткерлердің  зейнетақысының аздығы, тағы да мал сою алаңының жоқтығы. Оларға құзырлы басшылар жауап берді.

Сарықобда ауылында аудан басшысына арнайы айтылған бір мәселе болды, ауылда азық- түлік бағасының  шектен тыс жоғарылығы. Мысалы, қанттың килограмы — 250 теңге, бес литрлік күнбағыс майы — 2000 теңге тұратын көрінеді. Аудан басшысы тиісті орындарға тапсырма беріп, шара алынатынын айтты.

Қарақобда жолы жөнделеді

Қарақобда — қашаннан қазақылығы мол, момақан, еңбекқор адамдардан тұратын ауыл. Қарақобданың құстың ұясындай жып-жылы мектебінде өткен басқосу  шырайлы, сабырлы өтті. Халық алдында есеп берген аудан әкімі  былтыр басталып, қаржы тапшылығынан бітпей қалған жолдың  алдымыздағы жылы толық жөндеуден өтетінін айтып, тұрғындарды бір қуантып тастады.

Шығып сөйлеушілер де ауылда өткізілген «Мектепке жол», т.б. қайырымдылық акцияларына, «Жол картасы» бағдарламасына  шынайы алғыстарын білдірді.

Ал жер өңдеп, шаруа баққан  ауыл кәсіпкерлері несие алудың қиындығын, жеңілдікпен берілетін арзан жанар-жағармай алуда қағазбастылық көп екенін, ауылға қажетті зоотехник, мал дәрігері, агроном мамандардың жетіспейтіндіктерін тілге тиек етті.

Ауылда дәрігер жоқтығы да сөз болды. Қазір ауылдың мәдени- саяси шараларының барлығы өтетін мектеп үйінің  көнелігі де орынды көтерілген мәселелердің бірі болды.

Қарақобда ауылындағы бас қосудан мынадай ой түйіп қайттық: тек қана осы ауылда емес, басқа да көптеген елді мекендерде  жоғары білімді дәрігер маманның жоқтығы сөз болды. Шындығында ауыл халқының саны 2000-ға жетпесе, олар тиісті көмек алмауы керек пе? Осы саланың мамандары ауылдар арасының қашықтығын, кеңес кезінде қабылданған заңнаманың қазіргі уақытқа жарамайтынын, сондықтан осы мәселені қайта қарау қажеттігі туралы облыс, республика деңгейінде мәселе көтерсе, шешілуге тиіс сияқты.  Оның үстіне қазіргі үкімет бағдарламасына сай ауылға келген  мұғалімдер мен ұстаздарға барлық жағдай жасалады әрі Денсаулық сақтау министрі де білімді, түсінігі мен білігі мол өз жерлесіміз емес пе? Айтып жеткізу жағы аз тәрізді…

Мәдениет үйі мен стадион қажет

Үшқұдық ауылдық округінің орталығы Богословка – құрылыс қаладағыдай қарқынды жүріп жатқан, бірнешелеген ірі кәсіпкерлері бар ауыл. Соншалықты бір алып бара жатқан күрделі мәселе жоқтың қасы. Ауыл-үйдің арасындағы уақ-түйек сұрақтар ауыл әкімі, тәжірибелі  басшы Самат Балғожиннің алдынан әріге аспайды.

Дегенмен әр ауылдағы тәрізді мұнда да көптеген уақыттан бері қордаланып, шешімін таппай отырған мәселелер де бар.

Мысалы, ауыл мектебінің ұстазы Қуаныш Хұсайынұлы мектептің материалдық базасының нашар екендігін, көрнекі құралдар жетіспейтіндігін тілге тиек етсе, тағы бір ақсақал ауылдағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу қажеттігіне тоқталды. Шындығында да, бір кездері аудандағы бай кітапханалардың бірінен саналатын Богословка ауылының кітапханасы да осы  жылымайтын Мәдениет ошағында сақтаулы тұр.

Сондай-ақ бұл ауылда жайылым жерлерінің тарылып бара жатқандығы сөз болды.

«Нұр Отан» көмек қолын созады

Тоқпансай ауылдық округі — атағы аудан, облыстан асып, республикаға белгілі болып отырған мекен. Кешегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды елестетіп, ауылдың бір кірпіші құламай, сол күйінде сақталған. Өткен жылғы есеп кезінде  ауылдағы мектептің төбесінен су ағып тұрғаны сөз болған еді, бірақ «Жол картасы» бағдарламасының аясында ол мәселе оңтайлы шешіліп, мектептің төбесі жабылды. 2012 жылға дейін  көгілдір отын келеді деп елеңдеулі отырған халық, қырқына шыдаған, қырық біріне де шыдайтын түрлері бар.

Әкім есебін байыппен тыңдаған ауыл тұрғындары өздері де мінберге көтеріліп, жаңа басшыға ақ жол, сәт сапар тіледі.

Ауыл тұрғындарын елеңдетіп отырған мәселе — малдағы сарып ауруының көбейіп кеткендігі. Ауылда қаңғыбас иттердің дер кезінде атылмайтындығы.

Бүгін-ертең  газ келеді деп қомпылдап отырған халық сол отыннан кіші Тоқпан, шойын жол стансасының да тыс қалмауын қолқалады. Ауыл көшелерінде  жарық жоқтығы айтылды.

Есепті жиынға арнайы келіп қатысқан «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркеш Қалиев Тоқпансай стансасының үстінен өтетін пойыздардың тоқтау уақытын ұзарту мәселесін қойын дәптеріне түртіп алып, шешуге көмектесетінін жеткізді.

Тағы да сарып жыры

Аудандағы мал ауруларының алдын алу және емдеу жұмысымен мүйізі қарағайдай, ауданға бағынбайтын, облысқа қарайтын, республикадан қаржыландырылатын аумақтық инспекция айналысатын еді. Мал басының өсімі, мал сою алаңдары мен пункттерінің салынуын қадағалайтын  жергілікті атқарушы органдар  тағы бар. Бұл екі мекеме аз болса,  осы жылдан бастап аудандық әкімшілікте ветеринария бөлімі ашылғалы жатыр. Оған қоса «тендерді ұтып аламыз» деп білек сыбанып,  «Алға –Тазалық» дейтін мекеме және қосылып отыр.

Аудандық газет бастап, оны облыстық  баспасөз бен телеарналар әрі қарай көтерген сарып мәселесі талай адамның бас ауруына айналғаны рас. Бірақ созылмалы ауруға айналды,  олай дейтініміз, сарып  көбеймесе азайған жоқ.

Осы кезге дейін немен айналысқандарын кім білсін, әйтеуір, барлық дерлік ауылдық округтерде көтерілген сарып мәселесіне аумақтық  инспекция бастығы Өсербай Еламанов енді бұл іспен ашылғалы жатқан ветеринария бөлімі, сондай-ақ ауыл округтері әкімдерінің жанындағы ветеринария мамандары айналысатынын айтып, әдемі құтылды. Қысқасын айтқанда, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?».

Бесқоспа ауылдық округінде  көтерілген басты мәселе — осы мал ауруы, малдан алынған қанның дер кезінде қорытындысы келмейтіні. Ал оған қайтарылған жауап жоғарыдағыдай, «түсінсем түсінбей кетейін» дейді мұндайда.

Аудандық газет өзінің алдағы сандарының бірінде осы мәселені жіліктеп айтып, түсіндіре алатын маман болса,  оның пікірін газет бетінде жариялауға дайын. Тағы бір айта кететін нәрсе, барлық мәселе  саны көп те, сапасы аз мал мамандарына тіреліп тұрған жоқ, үйден шыққан ауру малды сою, құрту кез келген қожайынның қолындағы шаруа. Ауру малды соймаймын деп, бала-шағаға  дерт жұқтырып алсаңыз, оларды да сойып сатпайсыз ғой…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button