БілімБасты жаңалықтар

«Мансап» мемлекеттік қызмет мектебі — тың жоба

Ақтөбеде былтыр наурыз айынан бері «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебі жұмыс істейді. Жобаның жүзеге асуына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті ұйытқы болған. Мақсат — жастарды мемлекеттік қызметке тарту.

 Мемлекеттік те, жекеменшік те ЖОО-ның студенттері қабылданады

Бастапқы жылы мектепке 3,4-курстарда оқитын 25 студент қабылданған. Қорытындысында, 19 студентке  сертификаттар табыс етіліпті. Мемлекеттік қызмет мектебіне қабылдау үшін іріктеу конкурсы ақпан айында да ұйымдастырылды. Бұл жолы оқуға 4-курстың студенттері ғана қабылданған.

252 студент «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебінде оқуға ықылас білдірді. Дегенмен, олардың арасынан 22 студентті таңдап алдық, — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы, жобаның үйлестірушісі Елеусіз Нұрғалиев. Ол студенттерді «Мансап» мектебіне қабылдарда жоғары оқу орнының меншік нысанына қарай бөлмейтіндігін айтады.

Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын оқу орнының басты міндеті — сапалы білім беру. Сол себепті, жоғары оқу орнының меншік иесіне маңыз берілмейді,  — дейді жоба үйлестірушісі.

«Мансап» мектебінде оқитын студенттердің екеуі — С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің, біреуі Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенті. Қалғандары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері.

— Бұл тың жобаның авторы —  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөнінегі кеңес төрағасы Қайыржан Тоқышев.

Мақсат — дарынды, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Жастар арасында мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, — дейді Елеусіз Нұрғалиев.

«Мансаптың» талабы қандай?  

«Мансапқа» қабылдану үшін үміткерлерге қандай талап қойылады? Бұл туралы Елеусіз Нұрғалиев былай дейді:

Олар да мемлекеттік қызметкер өтуі тиіс тестті тапсырады. Қазақстан Республикасының Конституциясынан 15 сұрақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңынан 20 сұрақ, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңынан 15 сұрақ беріледі. Тестілеуден өту үшін осы 50 сұрақтың кем дегенде 30-ына дұрыс жауап беру керек. Дегенмен, әрбір нормативтік-құқықтық актіден 5 дұрыс жауаптан төмен ұпай алмауы қажет. Яғни, екі заң бойынша берілген тапсырмалардан жоғары ұпай жинап, біреуінен 5-тен төмен ұпай алса, онда сыннан өтпейді. Тестілеуге берілетін жалпы уақыт: 60 минут. Бұл — бірінші кезеңнің талабы. Екінші кезең әңгімелесу түрінде өткізіледі. Мұнда студенттің жеке қасиеттерін және оның мемлекеттік қызметке деген көзқарасын анықтаймыз.

Оқу курсы және екі сертификат

Оқу мерзімі — 3,5 ай. Бастапқы айда — наурызда студенттер өздеріне бекітілген мекемелерде тәжірибеден өтеді. Сәуір, мамыр айларында оларға оннан астам мемлекеттік мекеменің басшылары дәріс оқиды. Сабақ аптасына екі рет, сабақтан тыс уақытта өткізіледі. Осы  үш жарым ай оқуының қорытындысында, олар тағы да тест тапсырады. Жоба қорғайды. Сыннан өткендерге екі сертификат беріледі. Бірі — оқу курсын аяқтағандығы туралы болса, екіншісі мемлекеттік қызметші ретінде тестілеуден өткендігі жөніндегі сертификат. «Мансап» мектебінің түлектеріне сертификаттар 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні тапсырылады.

Бұл сертификаттардың пайдасы — олар бос жұмыс орындары үшін өткізілетін конкурста қайтадан тестілеу тапсырмайды. «Мансапта» оқып, сыннан өткен студенттердің бәрі мемлекеттің қызметке құжаттармен жұмыс істей алатын дайын маман болып барады. Олар мемлекеттік қызметші істеуі тиіс жұмыстың бәрін жасай алады. Үйретудің қажеті жоқ, — дейді жоба үйлестірушісі. Оның айтуынша, «Мансапта» оқып жатқан студенттердің арасында Ақтөбе қаласымен қатар, Мәртөк, Байғанин, Алға, Темір, Әйтеке би аудандарының жастары бар.

— Яғни, осы жастар өз ауыл, аудандарында мамандықтарына сай келетін қызметке сұраныс болса, мемлекеттік қызметшілер тапсыратын тестілеуді тапсырмай-ақ, бірден жұмысқа орналасуларына мүмкіндіктері бар, — дейді Елеусіз Нұрғалиев.

Теория мен тәжірибе

Қазір «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебінің 22 студенті мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өтіп жатыр. Мысалы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері Мақсат Әбекенов пен Ризат Қарасаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде тәжірибе жинақтап жүр.

Мемлекеттік мекеменің жұмыс жүйесімен танысамыз. Оқу курсын аяқтаған соң жоба қорғаймыз. Яғни, тәжірибеден өткен мекеменің құрылымы, жарғысы, жұмысы туралы жан-жақты зерттеп, сол бойынша әзірленген жобамызды қорғаймыз. Құжаттармен қаншалықты жұмыс істей алатынымыз да тексеріледі.

Бізге мемлекеттік қызмет түрлері, қаулы, қарарлар, бұйрықтар, хат алмасу тәртібі және басқа да құжаттармен жұмыс істеу жан-жақты үйретіледі. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару мамандығында оқимын. Теория  мен тәжірибені ұштастырудың пайдасы көп екен. Тәжірибенің арқасында көп нәрсені үйреніп, білдік, — дейді Мақсат Әбекенов.

Мақсат пен Ризат  «Мансап» мектебінде былтыр да дәріс алып, мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өткен. Биыл да іріктеу конкурсына қатысып, сын тапсырыпты.

Тестілеу тапсырғанда біз өзімізді мемлекеттік қызметке қабылданатындай сезіндік. Өйткені мемлекеттік қызметке қабылданатындармен бірге тестілеу тапсырдық. Бізді студентсіңдер деп бөлген жоқ. Бәріміз бірге тестілеуге қатыстық.

«Мансап» мектебіне оқуға қабылданатын үміткерлерге үш заң бойынша тапсырмалар берілді. Тыңғылықты дайындалғандықтан, жоғары ұпай жинап, оқуға қабылдандық, — дейді Ризат Қарасаев.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button