Білім

Халықаралық олимпиада эстафетасы — бізде!

ақтөбеліктер туды петропавлдықтарға тапсырады

Қаламызда «Қазақстан 51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданы қарсы алуда» атты облыстық математикалық онкүндік (22-30 қаңтар) өтіп жатыр.

Былтыр Германияда өткен 50-ші халықаралық математикалық олимпиадада ТМД елдерінің арасында Қазақстан тұңғыш рет ең беделді интеллектуалдық сайыстың эстафетасын — туды қабылдады.

Биыл 22 қаңтарда облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған қазақ-түрік лицей-интернатында 51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданың туы Қазақстан бойынша біздің Ақтөбе облысына тапсырылды.

Олимпиаданың ашылу салтанатында облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов математика саласындағы жетістіктері үшін 10 ұстазға  (ЖОО-ның оқытушылары, мектеп мұғалімдері) Алғыс хат, ал халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған 16 оқушыға сертификат тапсырды.

Халықаралық олимпиаданың ашылуына орай ұйымдастырылған облыстық математикалық онкүндікке аудандар мен қала бойынша барлығы 85 200 оқушы қатысуда. Онкүндіктің әр күні төмендегідей жоспарланып отыр:

22-26 қаңтарда 51-ші халықаралық математикалық олимпиаданы қарсы алуға арналған шаралар, 27 қаңтарда облыстық математикалық газет шығару мен «Үздік шығарма» байқаулары өткізілмек. 28 қаңтарда 2-10 сынып оқушылары арасында математикалық-логикалық интеллектуалдық ойын байқауы, 29 қаңтарда облыстың 5-8 сынып оқушылары арасында «Сократ» атты алыстан оқыту математикалық олимпиадасы мен математика пәнінің мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік семинар, 30 қаңтарда математик мұғалімдерге арналған педагогикалық олимпиада өтеді.

Математикалық онкүндік 30 қаңтарда аяқталады. Ал 2 ақпанда Халықаралық олимпиада туы салтанатты түрде Ақтөбе қаласынан Петропавл қаласына тапсырылады.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button