Спорт

Келесі қарсыласымыз — «Ордабасы»

Премьер-Лига

12 наурыз күні өткен 2-турдан соң 6 ұпаймен қызылордалық «Қайсар» көш басына шығып, сенсация жасады. Ал  әуелгі турда ұтылып, бұл турда тең ойнаған «Астана» 11-орынға тұяқ іліктіруге мәжбүр болды. Өз алаңында ойнаған «Қайрат» «Оқжетпестен» айласын асыра алмады.

Екінші турды да «Ақтөбе» сырт алаңда өткізіп, қостанайлық «Тобылмен» кездесті.

Алғашқы турда «Атырауды» ірі есеппен (3:0) жеңген қостанайлықтар бұл ойында да үш ұпай олжалауды көздегені анық. Сол есеппен де олар бірден-ақ қарқынды шабуылға шықты. Біздің қақпаны әуелі Д.Деспотович, одан соң Д.Мирошниченко нысанаға алды, бірақ нәтиже шықпады. Бұған жауап ретінде алаң иелерінің қақпасына бірде И.Зенькович шүйлігіп, діңгекті жанамалата соққы жасаса, келесіде Кассианоның соққысын қорғаушылар мен қақпашы қайтарып үлгерді. Бұны аз десеңіз, ақтөбеліктер «Тобылдың» ту сыртына шығып алып, қатарынан жеті рет бұрыштама доп соқты. Әттең, жібек торды бүлк еткізудің сәті түспей-ақ қойды. Бірінші тайм осылайша тең текетіреспен аяқталды.

Екінші таймда жасыл алаңға үйреніскен ақтөбеліктер қателіксіз мығым қорғаныспен бірге шабуылдар ұйымдастыруға да белсене кірісті. Рас, қостанайлық А.Щеткин, А.Тағыберген тәрізді футболшылар ішкерілей кіріп, соққылар жасады. Бірақ бірде бұрынғыша Самат Отарбаев қатесіз қимылдаса, келесіде доп нысанадан аулақ кетіп жатты. Оның үстіне допты тең дәрежеде бақылауда ұстаған ақтөбеліктер де қарсыластар қақпасына жорықтар жасап, мысалы, Кирилл Шестаков алаң иелерін сан соқтыруға сәл қалды. Дегенмен ойынның екінші бөлігі де командаларға гол сыйлай алмады. Осылайша қостанайлықтар өз алаңында үш ұпай алып қалу мүмкіндігіне қол жеткізе алмады.

Қалай болғанда да «Ақтөбе» футболшылары қандай қарсылас кезіксе де сауатты қимыл жасай алатын ұйымшыл команда екендіктерін анық танытты.

Сондай-ақ біздің футболшыларымызға жанкүйерлеріміз де шын жанашыр екендіктерін ерекшелеп айтқан жөн. «Затоболец» стадионында өткен бұл кездесуде ақтөбелік жанкүйерлердің үн-қолдауы жергілікті фанаттардың даусынан әлдеқайда басым болды.

Осы кездесуден соң «Тобылдың» жеті ойыншысы, соның ішінде «Ақтөбе» командасымен өткен кездесуге қатысқан  алты ойыншы — С.Малый, А.Щеткин, А.Мухутдинов, Г.Сартаков, Д.Мирошниченко, В.Дмитренко —  Әлем чемпионатының іріктеу турнирлері қарсаңындағы Қазақстан ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына шақырылғанын ескерсек, «Ақтөбе» қандай клубпен ойнағанын оңай таразылап көруге болады.

 

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 0:0

«Тобыл»: Дмитрий Непогодов, Джордже Деспотович, Фернандер Кассай, Душан Савич (Рауль Джалилов, 60-минут), Томаш Шимкович (капитан), Виктор Дмитренко, Дмитрий Мирошниченко,  Альмир Мухутдинов, Григорий Сартаков, Алексей Щеткин (Тоқтар Жаңғылышбай, 79-минут), Асхат Тағыберген.

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев (капитан), Кассиано, Боргес Барбоса, Гуйе, Соуза Альмейда (Александр Воловик, 62-минут), Берік Айтбаев, Рафкат Аслан, Дамир Даутов, Игорь Зенькович, Кирилл Шестаков (Александр Ермаченко, 87-минут), Антон Шурыгин (Бауыржан Байтана, 67-минут).

Ескерту қағазын алғандар: А.Мухутдинов, 73-минут, Т.Шимкович, 87-минут, Г.Сартаков, 90-минут («Тобыл») — А.Шурыгин, 24-минут, Р.Аслан, 31-минут, К.Шестаков, 80-минут («Ақтөбе»).

12 наурыз. Затобольск кенті. «Затоболец» стадионы. 4000 адам.

 

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ақжайық»-«Шахтер» — 3:1

Гол авторлары: Матиас Рубио, 2-минут (1:0); Изу Азука, пенальти, 8-минут (2:0); Дәуренбек Тәжімбетов, 69-минут (2:1); Изу Азука, 72-минут (3:1).

12 наурыз. Орал. «Ақжайық» стадионы.

«Қайсар»-«Тараз» — 2:1

Гол авторлары: Руслан Мухаметшин, 15-минут (0:1); Владимир Аржанов, 35-минут (1:1); Саиди Нтибазонкиза, 71-минут (2:1).

80-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Андрей Горбанец («Тараз») алаңнан қуылды.

12 наурыз. Қызылорда. «Локомотив» стадионы.

«Ертіс»-«Астана» — 1:1

Гол авторлары: Серікжан Мужиков, 14-минут (0:1); Евгений Ткачук, 30-минут (1:1).

12 наурыз. Павлодар. Орталық стадион.

«Ордабасы»-«Атырау» — 1:1

Гол авторлары: Юре Общивац, 83-минут (0:1); Мардан Төлебек, 90+4 минут (1:1).

12 наурыз. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион.

«Қайрат»-«Оқжетпес» — 2:2

Гол авторлары: Александр Козлов, 19-минут (0:1); Жарко Маркович, 34-минут (1:1); Андрей Аршавин, 83-минут (2:1); Виталий Волков, пенальти, 90+4 минут (2:2).

53-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Елдос Ахметов («Қайрат») алаңнан қуылды.

12 наурыз. Алматы. Орталық стадион.

 

*   *   *

2-турдың нәтижелері:

Бұл турда барлығы 15 гол соғылды. Алаң иелері 9 гол соқса, қонақтар 6 доп өткізді.

Алты кездесудің төртеуі тең есептермен аяқталды.

Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ.

Екі гол пенальтиден соғылды.

Ең шапшаң голдың авторы — Матиас Рубио, 2-минут («Ақжайық»).

Екі футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Бұл турдан соң әйтеуір бір ұпайға ие болмаған команда қалған жоқ.

Сонымен 6 ұпай жинаған «Қайсар» топ бастады.

Одан кейін 4 ұпайы бар төрт команда жайғасты: «Ордабасы», «Тобыл», «Қайрат», «Ертіс».

6-орындағы «Ақжайықтың» 3 ұпайы бар.

7-11 орындар — «Оқжетпес», «Ақтөбе», «Тараз», «Шахтер», «Астана». Бұлар 1 ұпайдан жинады.

12-орында «Атырау» тұр (-8). Чемпионат басталарда атыраулық командадан ФИФА шешімімен 9 ұпай шегерілгенін еске саламыз.

*   *   *

 

3-турда «Ақтөбе» биылғы чемпионатта алғаш рет өз алаңымызда ойнайды. 18 наурыз, сенбі күні Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдайды.

Басқа ойындар:

17 наурыз, жұма

«Тараз» — «Қайрат»

«Астана» — «Ақжайық»

18 наурыз, сенбі

«Шахтер» — «Қайсар»

«Оқжетпес» — «Тобыл»

«Атырау» — «Ертіс»

  Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button