Спорт

Қонақтар жеңіске жетпеген күн

Премьер-Лига

Сонымен футболдан ХХVІ Қазақстан чемпионаты басталды.

Алғашқы турда ел чемпионы «Астананың» «Ордабасыдан» ірі есеппен жеңілуі сенсация десек, алғашқы бестікте болған «Оқжетпестің» Премьер-Лигаға биыл қайта оралған «Қайсардан» ұтылуы да елеулі оқиға болды. Қола жүлдегер «Ертістің» өз алаңында «Ақжайықты» 88-минута пенальтидің көмегімен әзер жеңуі де биылғы доданың қызу өтетінін аңғартқандай.

Маусымашар ойынды «Ақтөбе» сырт алаңда өткізді.

Күні кеше ғана «Астананың» қақпасына жауапсыз екі гол соғып, Суперкубокқа ие болған, мақталуының еш кемдігі жоқ, ылғи мықтылардан тұратын құрамы да әбден қалыптасқан «Қайраттың» бұл ойында басым болатынын айтпағандар кемде-кем шығар-ақ. Тіпті «Қайраттың» ірі есеппен, мысалы, 4:0 есебімен жеңіске жететінін болжағандар да табылмай қалған жоқ. Бірақ тіпті де олай болмады. Алаң иелері екінші таймда бір голды әзер соқты және сол есепті сақтап қалу үшін ескерту қағазын алуға да бейіл болды.

Рас, кездесу бірден алаң иелерінің басымдығымен басталды. Михаил Бакаев, Жерар Гоу, Исаэль бірінен соң бірі біздің қақпаны нысанаға алумен болды. Бірақ командамызға қайта оралған қақпашы Андрей Сидельников асқан шеберлік көрсетіп, қай бағыттан келген допты да толық бақылауда ұстады, сөйтіп, мәселені тездетіп шешіп тастауға тырысқан алматылық мергендердің діңкесін құртып бақты. Осылайша тынымсыз шабуылдаған «Қайрат» ойыншыларының екпіні бірінші таймның ортасына таман бәсеңси бастауға мәжбүр болды. Оларға толық еркіндік бере қоймаған ақтөбелік футболшылар сауатты қорғанумен бірге шабуылдар да ұйымдастырып отырды. Мысалы, төтен тұстан шыға келген Альмейданың добына кештеу ұмтылған қайраттық Стас Покатилов қақпасын жарақат алып қала жаздап барып әзер құтқарды. Осылай өрбіген кездесудің алғашқы бөлігі голсыз аяқталды.

Екінші таймды да алаң иелері шабуылмен бастады, бұл шабуылдарға ақтөбеліктер де лайықты жауап беруден танбады. Әттең, 64-минутта бұрыштамадан келген допты баспен соққан Жерар Гоу біздің қақпашыны қапы қалдырды. Чемпионатымыздағы үздік сұрмерген біздің қорғаушыларымыздың сәл бақылаусыз қалдырған сәтін тамаша пайдаланып кетті — 0:1.

Әрине, қонақтар бұдан соң мұндай қателікке жол бере қойған жоқ, дегенмен қарымта гол соғудың да сәті түспей қойды. Кирилл Шестаковтың соққысын қайраттық қақпашы қақшып үлгерсе, Антон Шурыгин допты қақпадан сәл асыра соқты. Оның үстіне «Қайрат» ойыншылары да өздеріне тиімді осы есепті ұстап қалу мақсатында уақытты әрқилы тәсілдер арқылы созбалаумен болды. Соның бір көрінісі — қақпашы Стас Покатиловтың ескерту қағазын алып тынуы. Ойын осылайша 0:1 есебімен аяқталды.

Алғашқы кездесудің есебі осылай болғанымен «Ақтөбе» өз жанкүйерлеріне алдағы уақытта қуаныштар сыйлайтынын аңғартты. Әрине, бірінші ойында футболшылардың бір-бірін жеткілікті түсінісе қимылдауы жетіспей жатуы заңдылық. Қанша дегенмен де, күнде бірге жаттығудың орны бөлек те, алаңға алғаш шығудың жөні басқа ғой. Бас бапкер Игорь Рахаев та мұны ұққаны анық. Ол кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында бұл кездесуде тек жеңіске жету ғана міндет етіп қойылғанын, бірақ команда бұл міндетті орындай алмағанын бекерге айтқан жоқ. Демек, командамыз алдағы кезеңде ойдағыдай шыңдала түспекші. Ең бастысы, бапкерлер штабы «Ақтөбенің» қазіргі құрамын жасақтауда қателеспегені байқалып тұр.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 1:0

Гол авторы: Жерар Гоу, 64-минут (1:0).

«Қайрат»: Стас Покатилов, Жарко Маркович, Исаэль (Ян Вороговский, 87-минут), Андрей Аршавин (Иво Иличевич, 46-минут), Жерар Гоу, Сезар Арзо Ампоста, Елдос Ахметов, Ғафуржан Сүйімбаев, Ойбек Балтабаев, Бауыржан Исламхан, капитан (Георгий Жуков, 69-минут), Михаил Бакаев.

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Диас Морейра, Боргес Барбоса, Александр Воловик, Гуйе, Альмейда, Рафхат Аслан, Бауыржан Байтана (Игорь Зенькович, 67-минут), Дамир Даутов (Асланбек Кәкімов 70), Кирилл Шестаков, Антон Шурыгин.

Ескерту қағазын алғандар: С.Покатилов, 90+3 минут («Қайрат») — А.Воловик, 7-минут; Диас Морейра, 15-минут; А.Шурыгин, 33-минут; Альмейда, 53-минут.

8 наурыз. Алматы. Орталық стадион. 10 000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Астана» — 3:0

Гол авторлары: Мардан Төлебек, 15-минут (1:0); Азат Нұргалиев, 74-минут (2:0); Абдулай Диакате, 88-минут (3:0).

8 наурыз. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион.

«Тобыл»-«Атырау» — 3:0

Голдардың авторы: Алексей Щеткин, 13-минут (1:0); Алексей Щеткин, 58-минут (2:0); Алексей Щеткин, 62-минут (3:0).

8 наурыз. Затобольск кенті. «Затоболец» стадионы.

«Қайсар»-«Оқжетпес» — 1:0

Гол авторы: Стефан Николич, 90+2 минут, пенальти (1:0).

8 наурыз. Қызылорда. «Локомотив» стадионы.

«Ертіс»-«Ақжайық» — 2:1

Гол авторлары: Аслан Дарабаев, 46-минут (1:0);  Ортиз, 83-минут (1:1); Стефан Живкович, 88-минут, пенальти (2:1).

8 наурыз. Павлодар. Орталық стадион.

«Тараз»-«Шахтер» — 0:0

51-минутта Давронжон Эргашев («Тараз») ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

8 наурыз. Тараз. «Ұлан» стадионы.

*   *   *

1-турдың нәтижелері:

Алғашқы турда барлығы 11 гол соғылды. Алаң иелері 10 гол соқса, қонақтар 1 доп қана өткізді.

Алты ойынның бірде-бірінде тура өткен жылғы чемпионаттың алғашқы турындағы тәрізді қонақтар жеңіске қол жеткізе алмады.

Чемпионаттағы алғашқы голдың әрі ең шапшаң голдың авторы — Алексей Щеткин («Тобыл»). Сондай-ақ ол биылғы чемпионатта бір ойында үш гол соғып, алғашқы хет-триктің авторы атанды.

Шапшаң голдың авторлары — А.Щеткин, 13-минут («Тобыл»); М.Төлебек, 15-минут («Ордабасы»).

Екі пенальтиді екі Стефан орындады — С.Николич («Қайсар»); С.Жикович («Ертіс»).

Алаңнан қуылған алғашқы футболшы — Д.Эргашев («Тараз»).

Сонымен 3 ұпайдан жинаған «Ордабасы», «Тобыл», «Қайсар», «Қайрат», «Ертіс» ілгері шықса, 6-7 орындарда бір-бір ұпайлары бар «Шахтер» мен «Тараз» тұр. Ұпайы жоқ командалар — «Ақжайық», «Ақтөбе», «Оқжетпес», «Атырау», «Астана».

*   *   *

2-турда да «Ақтөбе» сырт алаңда, Қостанай қаласында ойнайды. 12 наурыз, жексенбі күні «Тобылмен» кездеседі.

Бұл күні өткізілетін басқа ойындар:

«Ордабасы» — «Атырау»

«Ертіс» — «Астана»

«Қайсар» — «Тараз»

«Қайрат» — «Оқжетпес»

«Ақжайық» — «Шахтер»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button