БілімБасты жаңалықтар

ҰБТ-ның жаңа форматы: талаптары мен ерекшеліктері қандай?

Биылғы мектеп түлектері үшін ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өткізіледі. Емтихан екі кезеңде ұйымдастырылады.

Біріншісі, түлектер мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады. Мұны тапсыру барлық түлек үшін міндетті.

Екінші кезеңдегі емтихан жоғары оқу орындарына оқуға түсуге ниетті талапкерлер үшін өткізіледі. Мұндағы мақсат — жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау және мемлекеттік гранттың бөліну жүйесінің функциясын реттеу.

Өзгерістер не үшін керек болды? Мұның себебін Білім және ғылым министрлігі былай түсіндіреді. Оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер ҰБТ-ны жоғары оқу орнына түсу емтиханы деп қана қабылдайды. Тестілеу оқушылардың, мектептің білім сапасын анықтау үшін керек. Министрлік осы уақытқа дейін ҰБТ — білім сапасының көрсеткіші десе де, тестілеу қорытындысынан оқушылардың қаншалықты сапалы білім алатынын анықтай алмайды екен. Өйткені тестілеуге түлектердің бәрі бірдей қатысуға ықыласты емес: қатыспайтындардың үлесі — 30 пайыз. Жыл сайын осы деңгей сақталып отырады екен. Ал бұл ҰБТ қорытындылары бойынша еліміздегі орта білімнің сапасы туралы тұжырым жасауға болмайтынын білдіреді. Себеп — осы.

Ал жаңа формат бойынша емтиханға барлық мектеп бітіруші қатысуға міндетті. Сөйтіп, әр мектептің, ауыл, қала, аудан, облыстың білім сапасы анықталады. Жаңа форматта өткізілетін екінші кезең — жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ өткізуде де мектеп әкімшілігінен, педагогтерден жауапкершілік алынбайды. Керісінше, талап күшейтіле түседі. Президент әкімшілігі бекіткен бұйрыққа сәйкес, биылдан бастап білім саласындағы мемлекеттік органдардың оң көрсеткіш иеленуі мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуден шектеуі балл алуымен қатар, жоғары оқу орындарына түсуіне де байланысты. Сондай-ақ, мектеп түлектерінің жоғары оқу орындарына берілетін мемлекеттік білім грантын иеленуі облыс, аудан әкімдерінің рейтингісінің көтерілуіне де ықпал етеді.

Біз ҰБТ-ның жаңа форматы туралы толығырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасының бас маманы Дина Орыновамен сөйлескен едік.

Қорытынды аттестаттау

Емтиханның бұл түрі мектеп бітірушілердің мектебінде өтеді. Оқушыларды сыртан келіп ешкім бақыламайды. Бұрынғы тестілеу кезінде түлектер бақылаудың күшейтілетінінен алдын ала қобалжып, мазалары болмайтын. Психологиялық тұрғыдан қиындау тиетін-ді. Енді қорытынды аттестаттау мектеп бітірушілердің өз мектебі, өз кабинетінде өткізіледі. Олардың жауаптарын өз мұғалімдері бағалайды.  Ал тапсырмаларды, емтихан материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы таратады.  Аттестацияның уақыты министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» (2017 жылдың 30 сәуіріне дейін) бұйрығы арқылы белгіленеді. Шамамен 29 мамыры мен 9 маусым аралығында ұйымдастырылады, — дейді Дина Орынова.

Мектеп бітіру емтиханы бес пән бойынша өтеді. Оның біреуі — таңдау пәні, қалғаны міндетті пән. Төрт міндетті пән: ана тілі және әдебиеті (эссе жазу), қазақ тілінде білім беретін мектептерде орыс тілі пәні, ал орыс мектептерінің оқушылары үшін қазақ тілі пәні (тест түрінде), алгебра және анализ бастамалары (жазбаша), Қазақстан тарихы (ауызша емтихан). Сондай-ақ, түлектер бесінші пән — таңдау пәні бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс тілдері) тест тапсырады.

Бірінші емтиханның талабы бойынша түлектер 250-300 сөзден тұратын эссе жазады. Ұсынылған үш тақырыптан оқушы бір тақырыпты таңдайды. Эссеге 3 сағат беріледі.

Екінші емтихан —  орыс тілі (қазақ тілі) пәні бойынша жалпы 40 тест тапсырмасы беріледі. Берілетін уақыт — 80 минут. Тапсырмалар үш блоктан тұрады: лексикалық-грамматикалық, тыңдалым және оқылым. Лексикалық-грамматикалық блокта 20 тест тапсырмасы болады. Тыңдалым блогында аудиожазба бойынша 10 тапсырма беріледі. Оқылым блогында да 10 сұрақ беріледі, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

Ал алгебра және анализ бастамалары пәнінен өтетін жазбаша емтиханда 5 тапсырма беріледі. Тапсырмалар түлектердің математикалық фактілерді, түсініктерді және тәсілдерді меңгеру деңгейін анықтауға, есеп шығару және логикалық тапсырмаларды шешу дағдыларын, функционалдық сауаттылығын білуге бағытталған. Берілетін уақыт —  5 сағат.

Қазақстан тарихы пәнінен емтихан ауызша өтеді (билет бойынша). Әр билетте 3 сұрақтан болады. Екі сұрақ Қазақстан тарихының барлық курсының негізгі бөлімдерінен теориялық сұрақтар бойынша берілсе, 3-сұрақ — шығармашылық тұрғыдағы тапсырма (карта, кескіндер, портреттер, хронологиялық кестелер пайдалану арқылы тапсырмалар, т.б.).

Таңдау пәні бойынша да 40 тест тапсырмасы үшін 80 минут беріледі. 40 тест тапсырмасының 20-сының бір-бірден дұрыс жауабы болады. Әр дұрыс жауапқа 1 балл қосылады. Қалған 20 сұрақтың бірнеше дұрыс жауабы болады. Сол бірнеше сұрақтың бәрі дұрыс белгіленсе, 2 балл қойылады.

Айта кету керек, қазақ мектептерінің оқушылары үшін орыс тілі пәнінен, орыс мектептері үшін қазақ тілі пәнінен және таңдау пәні бойынша өткізілетін емтихандар бір күнде өткізіледі. Қалған үш пән бойынша өтетін емтихандар үш күнде өткізіледі.

Қорытынды аттестаттауды бағалауды, берілген дұрыс жауап кодтары негізінде жауап парақтарын тексеруді мектепте құрылған емтихан комиссиясы жүргізеді.

Емтиханға берілген бағалаумен келіспеген жағдайда, мектеп бітіруші келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін аудандық, қалалық білім бөлімдерінің және облыстық білім басқармаларының жанынан құрылған комиссияға шағымдануына болады, — дейді Дина Орынова.

«АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ ДЕ КОНКУРСҚА ҚАТЫСАДЫ

Екінші кезеңде өткізілетін емтихан талапкерлерді жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау және мемлекеттік грантты бөлу үшін ұйымдастырылады. ҰБТ-ға қатысуға ниетті оқушылардан өтініштер тестілеу пункттерінде 10 наурыздан бастап 10 мамырға дейін қабылданады. Емтихан ҰБТ өткізілетін пункттерде өтеді.

Еліміз  бойынша ҰБТ шамамен 20 маусым мен 1 шілде аралығында ұйымдастырылады.

Тестілеуге берілетін уақыт — 3 сағат 30 минут. Белгіленіп отырған төменгі шекті деңгей — 50 балл.

5 пәнннен жалпы 120 сұрақ (20+20+20+30+30=120 тапсырма) беріледі. Оның үшеуі  міндетті пән. Ал қалған екі пәнді талапкердің өзі жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты таңдайды.

Міндетті үш пән: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы пәндері. Бұл үш пән бойынша тест тапсырмалары 20 сұрақтан болады. Ал екі бейіндік пәннен 30 сұрақтан жалпы 60 сұрақ беріледі, — дейді Дина Орынова.

ЖОО-ның  барлық 175 мамандығы 10 комбинацияға бейінді пәндер шегінде бөлінген. Бейінді пәндерді бітіруші түсетін мамандығын анықтауы үшін өзі таңдауы керек. Бейінді пән ретінде математика мен физикадан берілген тапсырмаларды орындаған талапкер өз мамандығын 52 мамандықтың ішінен таңдау мүмкіндігі бар. Ал биология мен химияның сауалдарына жауап берген талапкер мамандығын 22 мамандықтың ішінен таңдай алады.

 

 

Бейінді пәндер Мамандықтар саны
1 Математика + физика 52
2 Математика + география 18
3 Тарих + география 7
4 Биология + химия 22
5 Биология + география 12
6 Шет тілі + тарих 11
7 Оқыту тілі және әдебиет (қазақ немесе орыс) + тарих 7
8 География + шет тілі 4
9 Химия + физика 5
10 Тарих + Адам. Қоғам. Құқық 4
11 Шығармашылық емтихан 33
Барлығы 175

 

 

Тестілеу балдарын жалпы орта білім туралы

аттестаттың бағаларына ауыстыру

шкаласы

 

№ р/с Пән 2
(қанағаттанарлықсыз)
3
(қанағаттанарлық)
4
(жақсы)
5
(өте жақсы)
1 Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілінде оқытатын мектептер үшін қазақ тілі 0 – 8 9 – 26 27 – 32 33 – 40
2 Қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін орыс тілі 0 – 8 9 – 26 27 – 32 33 – 40
4 Геометрия 0 – 12 13 – 38 39 -48 49 – 60
5 Физика 0 – 12 13 – 38 39 -48 49 – 60
6 Химия 0 – 12 13 – 38 39 -48 49 – 60
7 Биология 0 – 12 13 – 38 39 -48 49 – 60
8 География 0 – 12 13 – 38 39 -48 49 – 60
9 Дүниежүзі тарихы 0 – 12 13 – 38 39 -48 49 – 60
10 Орыс әдебиеті 0 – 12 13 – 38 39 -48 49 – 60
11 Қазақ әдебиеті 0 – 12 13 – 38 39 -48 49 – 60
12 Ағылшын тілі 0 – 8 9 – 26 27 – 32 33 – 40
13 Француз тілі 0 – 8 9 – 26 27 – 32 33 – 40
14 Неміс тілі 0 – 8 9 – 26 27 – 32 33 – 40
15 Информатика 0 – 6 7 – 13 14 – 20 21 – 27

 

ҰБТ-ның тағы бір ерекшелігі «Алтын белгі» иегерлері, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бұрынғы жеңілдіктер, яғни жоғары оқу орнының гранты берілмейді. Барлық талапкерге қойылатын талап біреу: кімнің ұпайы жоғары сол тізім бойынша мемлекеттік тапсырыс беріледі. Тек бір ғана жағдайда, егер «Алтын белгі» иегері мен мектеп бітірушінің екеуі де бірдей балл алса, онда грант «Алтын белгі» иегеріне беріледі.

  Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button