Экономика

Нұрлыбек МҰҚАНОВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры: Кәсіпкерлерге кедергі келтіретін кез келген проблема қандай да бір заңнан немесе құқықтық актілерден туындайды

Аймақтағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытуға лайықты жағдай жасау үшін ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Былтыр бұл құрылым арқылы облыстағы 3000-нан астам кәсіпкерге төрт мыңның үстінде ақысыз қызмет көрсетілген. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов алдағы уақытта да кәсіпкерлермен ынтымақты жұмыс атқарылатынын айтады.  

 — Елімізде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмыс істеп жатқанына үш жылдан асты. Құрылымның мақсаты — кәсіпкерлерді қолдау, құқықтық қорғау. Кәсіпкерлер құқығы қалай қорғалады?

— Кәсіпкерлер палатасы үш бағытта жұмыс істейді. Бірінші бағыт — кәсіпкерлерді құқықтық және заңдылық тұрғыда қорғау. Қазір кәсіпкерлер шаруашылығына байланысты түрлі мемлекеттік мекемелер мен құқықтық органдармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Егер кәсіпкерлер құқықтық тұрғыда қандай да бір проблемаға тап келсе, палатаға шағымдануына болады.

Екінші бағыт — кәсіпкерлер жобасын қолдау. Үшіншісі — адам капиталын  дамытуға ықпал ету.

Бүгінде облыстық прокуратура мен кәсіпкерлер палатасы арасында меморандум бар. Сол меморандум аясында кәсіпкерлерден түскен арыз-шағымдар тексеріледі.

Кәсіпкерлерді  құқықтық қорғау мәселесіне тоқталар болсам, былтыр бизнесті қорғау желісі бойынша  палатаға 340 арыз-шағым түсіп, оның 66 пайызы немесе 277-сі өз шешімін тапты. Оларды жіктеп қарасақ, жер және құрылыс, сәулет бойынша — 25 пайыз, салықтық қатынас — 21 пайыз, сатып алу бойынша — 18 пайыз, арыздардың 11 пайызы коммуналдық тариф, 6 пайызы  көлік қатынасы мәселесіне байланысты туындады. 2015 жылмен салыстырғанда, былтыр палатаға кәсіпкерлер тарапынан түскен арыз-шағымның көбейгені байқалады.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы 3,5 жыл қызмет мерзімінде кәсіпкерлердің мүліктік құқығын 6,5 миллиард теңгеге қорғады.

— Арыз-шағымның көбею себебі неде?

— Бұл жылдан-жылға кәсіпкерлер құқығы бұзылады деген сөз емес. Ең бастысы —  кәсіпкерлердің өз құқығын қорғауда палатаға  деген сенімінің  артқаны деп білу керек.

— Сонда кәсіпкерлердің бизнес жүргізуіне әкімшілік кедергілер әсер ете ме? — Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіндегі арыз-шағымдарды қарауда, оның әдісіне үлкен мән беру керек. Біріншіден, кәсіпкерлердің өзінен түскен арыз-шағымдар болады. Екіншіден, палата тарапынан әртүрлі сала бойынша кәсіпкерлермен кездесіп, дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылады. Осындай кездесулерде бизнестегілер тарапынан көптеген мәселе көтеріледі. Үшіншісі, өз тарапымыздан кәсіпкерлермен кездесеміз. Мәселелер осындай кезде анықталып жатады. Сөйтіп, кәсіпкерлерге кедергі келтіретін жағдайларды ескере отырып, кейбір нормативтік-құқықтық актілерге талдау жасаймыз. Сол кезде осы төрт әдіс бойынша қандай да бір проблемалар анықталады. Түптеп келгенде, кәсіпкерлер жұмысына кедергі келтіретін кез келген проблема қандай да бір Заңнан немесе құқықтық актілерден туындайды. Содан әкімшілік кедергі пайда болады.

— Кедергі туындағанда кәсіпкерлер палата көмегіне бірден жүгіне ме әлде соңғы сәтте, яғни шарасыз күйде қалғанда  келе ме?

— Әр жағдайда әрқалай. Бұрын бізбен жұмыс жасап, қандай да бір көмек алғандар, қайта кедергіге тап келсе, тікелей палатаның қолдауына жүгінеді. Ал кейбір кәсіпкерлер уақыт өткізіп келеді. Проблемалардың біразы құқықтық жағдайларға келіп тіреледі. Сосын бұдан әкімшілік кедергі туындайды.

Былтыр палата тарапынан  79 әкімшілік кедергіні анықтадық. Оның 35-і — республикалық, ал 44-і жергілікті деңгейде шешілді. Мысалы, республикалық деңгейде шешілген әкімшілік кедергілердің бірі — кәсіпкерлер ісін жүргізуде құрылыс нормалары мен құрылысты салу ережесінің бір-біріне қайшы келуі. Бұл мәселе 2014 жылы біздің аймақтағы құрылыс компаниялары өкілдерінің басын қосып өткізген дөңгелек үстелде айтылған еді. Яғни, құрылыс компаниялары жеке коммерциялық тұрғын үйлерді пайдалануға берерде мемлекеттік комиссия құрылады. Мемлекеттік комиссия заңнамаға  байланысты үйдің әрлеу жұмыстарына дейін мұқият тексереді, яғни пәтер қабырғаларының сырланып, ішкі есіктері мен еден төсеніштердің, кафельдің қалануына дейін қадағалайды. Құрылыс компаниясындағылар көп жағдайда  сатып алушылардың пәтерді өз талғамына сай әрлейтінін айтады. Бұл орайда компания өкілдері ішкі әрлеу жұмыстарының нәтижесінде пәтердің өзіндік құны көтерілетінін, сондықтан үйді тапсырған кезде бұл жұмыстарды атқармай-ақ, уақыт үнемдеуге, осылайша халықты пәтермен қамтамасыз етудің үлесін арттырудың тиімді тұстарын алға тартты. Біз бұл мәселені Ұлттық палата, министрлік деңгейінде көтеріп, былтыр оң шешілуге ықпал еттік. Сөйтіп, құрылыс салу, оны қолданысқа беру ережесіне өзгерістер енгізіліп, бұл құжат құрылыс нормалары, яғни техникалық құжаттармен сәйкестендірілді. Қазақстан Республикасының Құрылыс нормалары мен ережелеріне енгізілген өзгеріс түптеп келгенде елімізде үй бағасының шаршы метрінің өзіндік құнына әсер етеді. Бұл — республикалық деңгейде шешілген әкімшілік кедергінің бірі.

— Сонда қазіргі талап бойынша жеке коммерциялық үйлер қалай тұрғызылады?

— Үйге ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілмейді. Пәтерлер осылай қолданысқа беріледі. Алайда сатып алушының талғамына сай құрылыс компаниясы пәтерге әрлеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл — тек сатып алушының ұсынысы бойынша атқарылатын шара.

2013-2014 жылдары коммерциялық мақсатқа алынған нысанның құжаттарын дайындап, оны қолданысқа енгізгенге дейінгі аралық 6 кезеңнен тұратын. Біріншісі — жер алу мәселесі. Екіншісі — архитектуралық жоспарлау тапсырмасы. Үшіншісі —  эскиздік жобаның келісімін алу. Төртіншісі — жобалық-сметалық құжаттардың келісімін алу. Бесінші — жобалық-техникалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамадан өткізу. Алтыншысы — құрылысты салып, пайдалану актісін алу.

Заңдық тұрғыда кәсіпкер үшін бұл істі бітіруге қанша уақыт кететінін есептегенімізде, оған 25 құжат қажет екен. Бұл құжаттарды дайындауға  138 күн керек. Бұл дегеніңіз —  4,5 ай. Мұндай істің 7-8 айға ұзарғаны туралы деректер де кездесті.  Біз осы мәселеге сараптама жасап, жергілікті әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс жүргізудің нәтижесінде  қазір қажетті  құжаттар санын 25-тен 15-ке  азайттық. Құжаттарды дайындау мерзімін 138 күнтізбелік күннен 106 күнге қысқартуға ықпал еттік. Былайша айтқанда, құжат дайындау ісі 1,5 айға қысқарып отыр. Бұл да әкімшілік кедергілерді жою деген сөз. Құжат дайындау мерзімін әлі де қысқарту жөнінде облыс әкімінің тапсырмасы бар.

— Палата жанында кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі жұмыс жасайды. Кеңесте қандай мәселе қаралады?

— Бұл — ұжымдық орган. Кеңес төрағасы  — Есмұқан Құрманғазин. Кеңес мүшелері облыс әкімінің орынбасары, прокуратура қызметкерлері, белгілі кәсіпкерлерден құралған. Комиссия мүшелері алдында қандай мәселе көтеріледі? Комиссияға қандай да бір шешілмей жатқан кәсіпкерлер проблемасын бір ортада талқылаймыз, шешілу жолдары қарастырылады. Проблеманың деңгейіне байланысты комиссия әртүрлі мекемелерге өз ұсыныстарын береді.

Былтыр кеңестің 11 отырысы өтті. Нәтижесінде 19 мәселе шешіліп, қазір 4 мәселе қаралу үстінде. Бұл — кәсіпкерлерді құқықтық жағынан қорғаудың тағы бір түрі.

Шетелдік капитал тартуда Ұлттық палатаның рөлі қандай?

— Кез келген кәсіпкерге, ол отандық болмаса шетелдік болсын, олар үшін бизнес ортаның жақсы болғаны тиімді. Шетелдік инвесторлар осы  жағына үлкен  мән береді. Шетелдік инвесторларды біздегі мемлекеттік бағдарламалар қызықтырады. Алайда соңы 2-3 жылда шетелдік инвесторлардың Қазақстанға келмеуінің бірден-бір себебі —  ұлттық валютамыздың еркін айналымға түсуі. Өйткені шетелдік инвесторлар бизнеске өз валютасын салады, ал қаражаттың қайтарымы теңгемен жүреді. Сол жағы шетел инвесторларына тиімсіз болып тұр. Ұлттық валютамыз еркін айналымға жіберілгенге  дейін біз Ақтөбеге шетел инвесторларын тарту бағытында жұмыс жасағанбыз.  Теңге еркін айналымға кеткеннен кейін көбісі жұмыс істеуден бас тартты. Ұлттық валютаның күн сайынғы құбылуы байқалған кезде тек шетелдіктерге ғана емес, отандық кәсіпкерлер үшін де жұмыс жүргізу қиын болды. Себебі, олар бүгін тауар алуға келісімшарт жасаса, сол тауардың ақшасын төлегенге дейін немесе тауар келгенге дейін курс өзгеріп кетуі ықтимал болды. Кәсіпкерлерден «мынадай жағдайда пайдамыздың қанша болатынын да есептей алмаймыз» дегенді жиі еститінбіз. Қазіргі таңда төл теңгеміз тұрақтанды.

— Қазір қазақстандық мазмұнның үлесін арттыру, жергілікті өнім көлемін ұлғайту мәселесі көп айтылады. Бұл істе палатаның ықпалы қандай?

— Бүгінде біз отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір Ақтөбеде  270 отандық тауар өндіруші бар. Онда 3000-ның үстінде тауар түрі шығарылады. Мемлекеттік сатып алу ісінде кәсіпкерлердің отандық өнімді пайдалануына ықпал етіп жатырмыз. Бұл — импорттың санын азайтуға, жергілікті өнімнің маңызын арттыруға септігін тигізеді.

Шаруашылықтарды кооперативке біріктіру ісінде палата тарапынан кәсіпкерлерге қаншалықты қолдау көрсетіледі?

— Былтыр 1 қаңтардан бастап елімізде «Кооперация туралы» Заң күшіне енді. Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында бұл бағытта бірігіп жұмыс істеу туралы меморандум бар. Былтыр ақпан айынан бастап біз аймақта кооператив құру мәселесімен толыққанды жұмыс жүргіздік. Бүгінгі таңда облыстағы 100-дің үстіндегі кооперативтің 50-ден астамы палатаның ықпалымен құрылды. Өткен жылы біз кооператив құру мәселесіне басымдық берсек,  ал биыл сол құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің сапасын арттыру бағытында жұмыс жасаймыз.

— Сонда кооперативтер жұмысының сапасын арттыруда нақты қандай жұмыстарға басымдық беріледі?

— Кооперативтердің арасында жеке қосалқы шаруашылықтардың, сондай-ақ ұсақ шаруашылықтардың өзара бірігуінің нәтижесінде құрылғандары бар. Енді біз олардың әрмен қарай жүйелі жұмыс жасауына ықпал етуіміз керек. Былтыр біз палатаның ықпалымен құрылған кооперативтердің жұмысына сараптама жасадық. Құрылған кооперативтердің өзінде әртүрлі проблемалар болды. Мысалы, олардың кейбіріне жер жетпесе, енді бірі техника мәселесін алға тартты. Алдағы уақытта кооперативтерде туындаған осындай мәселелердің оң шешімін табуға ықпал етеміз. Былтыр аймақтағы 1-2 кооператив шаруа жүргізуге «Беларусь» тракторын алуға ынталанды. Палата мамандары техниканың осы түрін шығаратын зауыттың басшылығымен сөйлесу арқылы, нәтижесінде трактордың  бағасын төмендетуге ықпал еттік. Кооперативтерге несие алу жағынан да қолдау көрсетеміз. Мәселен, былтыр Әйтеке би ауданында құрылған «Рахат» кооперативіне «Ақтөбе ауыл микрокредит» қаржы институтынан 4 жылға несие алуға көмектестік.

Палата — кәсіпкерлер үшін құрылған мекеме. Былтыр кәсіпкерлерге 12 оқыту семинарын ұйымдастырдық. Тәжірибе алмасу семинарлары шаруашылықтардың базасында өткізілді.  Дәл осындай оқыту семинарлары биыл да жалғасын таппақ.

Былтыр палатада 3000-нан астам  кәсіпкерге төрт мыңның үстінде қызмет көрсетілді.

— Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықаралық қаржы ұйымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуге мейлінше көңіл бөлу қажеттігін жиі айтады. Бұл тұрғыда палатада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Бүгінгі күні біз Ресейдің «Орынбор облысының сауда-өнеркәсіп палатасы» одағымен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Арада меморандум бар. Наурыз айының басында Ақтөбеде Македония Елшісін күтіп отырмыз. Елшінің аймаққа жасаған сапарында кәсіпкерлермен кездесу өткізіп,  Македония елінің мүмкіншіліктерін танытқымыз келеді. Қазір Македония арқылы Еуропаға тауар шығаруға және туризм саласы бойынша бірігіп жұмыс жасауға болады. Қазір ақтөбелік кәсіпкерлердің қаржы көзін іздестіріп жүрген бірнеше жобасы бізде топтастырылған. Сол жобаларды біз Елшіліктерге ұсынып жатырмыз. Елшіліктер арқылы сол елдің бизнестегілеріне жобаларды қаржыландырудың,  сонымен қатар Ақтөбенің  бизнес-ортадағы жайлылығы мен барлық мүмкіндіктерін, мемлекеттік қолдаудың түрлерімен қоса ақпараттандыру ниетінде жұмыстар жан-жақты жүргізілуде. Бұл — аймаққа инвестиция тартуға немесе шетел кәсіпкерлерін облысқа шақыруға ықпал етеді деген ой.

Бүгінгі күні елімізде кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жасалып, интернет ресурстарында жүзеге асырылуда. Оны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірледі. Картада шетелдіктер үшін Қазақстанның, оның ішінде әрбір аймақтың географиялық орналасуы, бизнес жүргізудегі мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілген. Тіпті сол аймақ халқының мінез-құлқына дейін жазылған. Шетелдіктер мұның бәріне мән береді. Мәселен, Жапонияда жұмысқа қабылдар кезде адамның жұлдызнамасы мен туған  жылы, айына дейін мән беріледі.

Жапондықтар секілді жұлдызнамасына қарап жұмысқа қабылдау үрдісі бізде де қалыптасуы мүмкін бе?

— Мүмкін.  Қазірдің өзінде бізде жаңа форматта жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер бар. Олар қарым-қатынас орнатуда өте сыпайылық танытады. Бір ерекшелігі, бір адам бірнеше жұмыс атқарады. Түскен қаражатты мансапқа емес, кәсібін дамытуға жұмсайды.

 Әңгімелескен

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button