Білім

Балдырған

Біздің сынып

«Әліппемен» қоштастық

Жақында біздің 1 «б» сыныбында «Әліппеге мың алғыс» тақырыбында ертеңгілік өтті. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап қолымызға ұстаған алғашқы оқулығымыз — «Әліппемен» қоштастық.

Ертеңгілік ұстазымызбен бірге «Білім» атты ғажайып әлемге ендік. Бұл әлемде бізді Көлтауысар, Саққұлақ, Тазша бала сияқты ертегі кейіпкерлері қарсы алды. Олар бізді ғажайып әлемге ену сәтіндегі қиындықтардан құтқарып, түрлі тапсырмалар берді. Тапсырмаларын дұрыс орындасақ, бізбен дос болатынын айтты. Біз олардың жұмбақтарын шешіп, «Адасқан сөздер», «Адасқан әріптер», «Бір сөзден бірнеше сөз құра» тапсырмаларын интерактивтік тақтада орындадық. Олар бізге риза болды.

Ертеңгілік қатты ұнады. Өзімізді шынайы ғажайып әлемде жүргендей сезіндік. Білім бастауы — «Әліппеге», әріп танытып сауатымды ашқан ұстазымыз Құлжанова Айкенже апайға алғысымыз шексіз.

Жолжан НҰРАЙ,

№2 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

Біздің кеш

Өлең мен өрнек

Біздің мектебімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын апайларымыздың ұйымдастыруымен «Қазақтың қайсар қызы — Фариза ақын» деп аталатын жыр кеші өтті.

Кеште ақын Фариза Оңғарсынова апамыздың өлеңдерін қайталап оқып, поэзия сиқырына бойлай түстік. Ақынның «Ана», «Жылу», «Қанат туралы хикая», «Перзент сөзі», «Баланың ойы» тәрізді өлеңдері отбасына, ата-анаға деген сүйіспеншілік сезімімізді арттырса, «Тақ пен тіл», «Менің халқым», «Қазақтың батырлары», «Ұрпаққа», «Бауырластарыма» өлеңдерін оқып, өз ұлтымызды, халқымызды сүюдің үлгісін алғандаймыз..

Зинаида Мұқанова апайдың «Фариза — бақытты ақын» атты баяндамасынан ақынның өмір жолы мен шығармашылығын бағдарласақ, Балым Ұлықпанова, Жанаргүл Ақбисенова апайлардың оқыған өлеңдері мен айтқан естеліктерінен қаламгердің өз халқына, ұлттық дәстүрге деген ерекше ықыласын түсіндік.Мирас пен Жаңылсын орындаған «Ұлға тілек» пен «Қызға батаға» да риза болдық. Ақын өлеңдерінен оның жан дүниесінің нәзіктігін, мейірімділігін, шыншылдығын, өткірлігін, өршілдігін аңғарып, сөзіне жазылған әндерінен үлкен әсер алдық.

Кеш соңында мектеп директоры Нұртас Нұрмағанбетов оқушыларға, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Иә, Фариза апамыз «Сөз патшасы» — өлеңін аяласа, біз асқақ рухты ақын апамызды ардақтай береміз.

Әсем ЖАҢБЫРШЫ,

Бабатай орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Алтын ұя

Екінші үйіміз еңселі

Мектеп — екінші үйіміз. Біз ынталы болсақ, мектептің бізге берері көп. Сондай берері көп білім ордаларының бірі — мен оқитын Ж.Жүсібалиев атындағы мектеп.

Жақия Жүсібалиев — Қазақ ССР-ының еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақ ССР-ының халық ағарту ісінің үздігі. Мектепте білім алып жүрген барлық оқушылар «Жүсібалиевшілер жырын» жатқа айтып, мектепті мақтан тұтады. Бізде үлгілі сабақтар мен кездесулер, акциялар мен концерттер көп өткізіледі. Осы шаралардың қай-қайсысынан да біз мол үлгі аламыз.

Мен де сондай шараларға белсене қатысып, сабақта бестік бағалар алып, ата-анамды, ұстаздарымды, мектебімді қуантпақпын. Балалық көңілден шыққан тілегім — осы.

Диас ШЫҒЫРБАЕВ,

Ж.Жүсібалиев атындағы орта мектептің

2-сынып оқушысы.

Ойыл селосы.

Оқушының өлеңі

Туған жер

Әрқашан да қиялымды тербеткен,

Туған жерім, ыстық едің сен неткен!

Бақтарыңда бұлбұлдарың сайраған,

Күнде жайнап құлпырады айналам.

Гүлдендіріп мен де туған жерімді,

Өскеннен соң қуантамын елімді.

Фарида РАЕВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы.

Өтірік өлең

Сүйреп әкеп қоянды,

Үйіме мен қондырдым.

Сойып беріп тышқанды,

Етке әбден тойдырдым.

Бекжан СҰЛТАНОВ,

№6 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Пікір

Байлық деген не?

Байлыққа қызығушылық, дүние-мүлікке шектен тыс құмарлық, тәубаны ұмыту адамдар арасында талай жанжалдар туғызып келеді.

Абай атамыз өзінің «Қара сөзінде» байлықты күллі адам баласын құртатын кеселдер қатарына қосқан. Қадірсіз байлықтың тез келіп, көзді ашып-жұмғанша тез кететіні жайында көптеген данышпандар ой қозғады. Солардың бірі Қаз дауысты Қазыбек би «Байлық не?» деген сауалға «Байлық — еритін мұз» деп жауап қайтарған екен.

Менің түсінігім бойынша, байлық деген — аспанымыз ашық, деніміз сау, ата-ананың бар болғаны. Басқа байлыққа қызығудың керегі жоқ деп ойлаймын.

Ақгүл ҚАЛИ,

№7 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

Жасыл әлем

Мамығы бар жұмсақ ағаш

Терек — тал тұқымдасының бір туысы. Бұл ағаш Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдеуінде көбірек таралған.

Жер шарында теректің 100-ден астам түрі бар. Қазақстан жерінде ақ терек, көк терек, қара терек, мырза терек сияқты 18 түрі өсіріледі.

Өте тез өсетін және биіктігі 50 метрге дейін жететін бұл әсем де ірі ағаш көше бойына, аулаға, су қоймаларының жағалауына отырғызылып, қалалар мен селоларды көгалдандыруға, егіс алқабын қорғауға пайдаланылады.

Оның тағы бір артықшылығы, терек көп күтім тілемейді және оны қалемше — көшеттерінен-ақ көбейтуге болады. Көктемде 30 сантиметрлік қалемше отырғызсаңдар, күзге қарай ол 2-3 метрлік ағашқа айналады. Қайсыбір түрлері 120-150 жыл өседі.

Жаздың басында теректің мақта секілді мамығы ұшып, желмен жан-жаққа таралып жатады. Мұндай мамық аналық теректерден ұшады және осы мамықта ағаштың тұқымы болады. Терек осы тұқымнан да көбейеді.

Терек қолданылмайтын жұмыс саласы аз. Ағашы жұмсақ болғандықтан, одан сіріңке, қағаз, фанера, түрлі бұйымдар жасалады, сондай-ақ ол құрылыста да жиі пайдаланылады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button