АуылБасты жаңалықтар

Ақтөбелік омарташылар кооперативке бірікті

 «… Бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек…»

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы:

жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан.

 

Облыс аймағындағы барлық омарташылар кооперативке бірігіп жатыр. Қазір «Ақтөбе омарташылары» атауымен құрылған ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамында 15 мүшесі бар. Олардың қатарына тек ақтөбелік емес, Батыс Қазақстан облысының омарташылары да қосылыпты. Болашақта кооператив мүшелерінің саны 25-ке жетпек. Бұл туралы «Ақтөбе омарташылары» ауыл шаруашылығы кооперативінің жетекшісі Александр Сенацкий айтты.

Кооператив кеңесі көктемде өтеді

«Ақтөбе омарташылары» ауыл шаруашылығы кооперативі жақын аралықта құрылды. Қазір кооперативтің алға қойған жоспарлары айқын. Кооператив Қарғалы ауданының Петропавловка ауылында құрылған.  Жетекшісі — кәсіби омарташы Александр Сенацкий. Оның айтуынша, қазір кооперативке бірігуге қызығушылық танытып жатқандар көп. «Облыстың барлық өңірлерінен омарташылар кооперативке бірігіп жатырмыз. Өткен жылдың желтоқсанында облыс омарташылары кездесіп, кооператив құру туралы бір ауыздан шешім қабылдаған едік. Биыл қаңтарда әділет департаментінде ресми тіркеуден өттік. Бүгінгі күні кооператив құрамына 15 омарта шаруашылығымен айналысатындар мүшелікке кірді. Алдағы уақытта қатарымыз тағы 10 шаруашылықпен толықпақшы», — дейді А.Сенацкий.

— Бір ауданның емес, әрбір ауданның омарташылары бір кооперативке бірігіп жатырсыздар. Жұмыс қалай жүргізілмек?

— Кооператив базасы — осында, яғни Қарғалы ауданының Петропавловка ауылында орналасқан. Әрине, омарташылардың әрбір ауданнан болғаны жұмыстың жүруіне қиындық туғызатыны рас. Оның үстіне, қыс мезгілі кооперативке біріккен омарташылардың бас қосып, жиын өткізуіне кедергі келтіріп тұр. Себебі, қазір ауа райы құбылып,  кейбір жерлерде боран соғып, үскірік аяз болып жатыр. Соның салдарынан қатынас мәселесі де қиындап тұр. Сондықтан көктемде кооператив мүшелері осында бас қосамыз. Көктемде болатын кездесуде бірігу шараларын нақты  жүргізіп, омарташылармен бірлесіп аралар көп шоғырланатын  жерлерді анықтап, бөлеміз.  Қатарымызда Батыс Қазақстан облысының бал жинаушылары да бар.

— Неліктен кооператив жетекшісі ретінде сізді таңдады?

— Мен бал жинау ісімен тоқсаныншы жылдардан бастап айналысамын. 1997 жылы облыстағы «Омарташылар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі болып тағайындалдым. Аймақтағы омарта шаруашылығымен айналысатындардың арасында өзім жетекшілік ететін «Медовик» шаруа қожалығы ең ірісі саналады. Бал  жинау үшін қожалықта аралар да, арнайы техникалар да баршылық.

Шаруашылықта 3 адам еңбек етеміз. Көктемде Қарғалы аумағында іс жүргізсек, күзге таман Мәртөк территориясына шығамыз. Себебі, күзде күнбағыстың гүлдейтін шағы. Бұл кезде өсімдіктің құрамында ылғал мол болады.  Өткен жылы біздің шаруашылықта 3,6 тонна өнім жиналды. Әрине, өнім өткізуде қиындықтар бар. Ең біріншісі  — бәсекелестіктің ықпалы. Бұл орайда бізге ресейліктер бәсекелес саналады. Солардың өнімі біздің өнімді ығыстырып тұрады.

Енді кооперацияға біріккеннен кейін бәрі басқаша болады деп ойлаймыз. Өйткені кооперация мүшелерінің саны 20-дан асса, Үкімет тарапынан мемлекеттік қолдауға ие боламыз. Соның негізінде бірлесіп, өндірістік мақсатта бизнес жүргізуге мол мүмкіндік болады. Себебі облыстағы омарташылардың дені біздегідей емес, араларды қыстатпайды. Олар көктемде ара сатып алғанмен, күзде қағып тастайды.  Әрине, мен омарташылардың мұндай әрекетін ұната бермеймін. Алайда олардың да жағдайын түсінуге тырысамын. Себебі кейбірі қалада тұрады, біреулердің ара қыстатуға мүмкіншілігі бола бермейді. Енді біреулерінің ара қыстатуда тәжірибесі аз болуы мүмкін.

Соңғы жылдары омарташылыққа ден қоюшылардың қатары көбейіп келеді. Өзім 12 адамды осы кәсіпке баулыппын. Қазір солардың 7-еуі шаруашылық ашып, осы іспен тұрақты айналысады.

— Көрші облыстың омарташылары неліктен ақтөбелік кооперацияны таңдады?

— Оралдық омарташылар өз жерінде жұмыс істегенмен, біздегі кооперативтің құрамына кіріп отыр. Енді олар субсидияны біздер арқылы алатын болады. Әрине, кооперативке біріккеннің тиімділігі мол. Ең бастысы — бірлесіп жұмыс істеудің арқасында өнім көлемін арттыруға күш саламыз, екіншіден — бәсекелестік арта түспек. Оның үстіне, кооперативке біріккен шағын шаруашылықтардың аяғынан тік тұрып кетуі үшін Үкімет тарапынан қолдау да болмақ.  Өздеріңіз жақсы білесіздер, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінсіз қанша жерден табиғи ресурстарға бай болса да, ешбір мемлекет дамымайды. Кооперативке бірігу — заман талабы. Бір адам ештеңе шеше алмайды, ал біз бірлесіп, өзіміздің барлық проблемаларымызды шешетін боламыз.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button