Спорт

Каникулдағы футбол мерекесі

Оқушылардың қысқы каникулы кезінде Ақтөбе қаласы әкімінің жүлдесіне арналған қардағы футболдан дәстүрлі қалааралық турнир болып өтті. Турнирге қала командаларынан басқа Ақтау қаласынан 3 команда, Алға, Хромтау аудандарынан жас футболшылар қатысып, қала әкімі жүлдесін сарапқа салды.

Алдымен 10 команда екі топқа бөлініп, өзара күш сынасты. Екі топтан озып шыққан 4 команда жүлделі орындар үшін күресті. Бірнеше күнге созылған жарыста 3-орын үшін Қазақстанның өткен жылғы чемпионы «Ақтөбе-96» мен Алға футболшылары кездесті. Тартысты өткен ойында чемпиондар алғалықтардан 3:1 есебімен басым түсті. Ал жеңімпаз «Ақтөбе-95» және «ОБЖСМ-95» арасындағы ойында анықталды. «Ақтөбе» футбол клубының резерві болып саналатын «Ақтөбе-95» 4:0 есебімен айқын басымдылықпен жеңді.

Сонымен чемпион атанған «Ақтөбе-95» қала әкімі кубогын иеленіп, алтын медальмен, дипломмен марапатталды. Күміс және қола жүлдегерлер «ОБЖСМ-95», «Ақтөбе-96» командалары да тиісінше медальдарға, дипломдарға ие болды. Ал үш команданың да әрібір ойыншысы бағалы сыйлықсыз қалмады. Аталмыш командаларға жүлделерді қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова, облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов және спорт ардагері, осы турнирдің алғашқы ұйымдастырушысы Владимир Олейник тапсырды.

Сондай-ақ бірнеше номинациялар бойынша үздіктер анықталды. «Каспий-95» командасының қақпашысы Ақтаудан келген Саламат Жұмаш  («Каспий-95)» «Ең үздік қақпашы»,  Евгений Николаенко («Ақтөбе-96») «Ең үздік қорғаушы», Талғат Әбдуғалиев («Алға-БЖСМ») «Ең үздік жартылай қорғаушы», Вадим Торопов (ОБЖСМ) «Ең үздік шабуылшы», Азамат Молдабергенов («Ақтөбе-95») «Ең мерген» атанды.

Турнирдің жабылуында сөз алған Сәния Қалдығұлова бұл турнирдің 1983 жылдан бері өтіп келе жатқанын және қандай да жағдайларға, қаржы қиындығына қарамастан өте беретінін айтты. Қаланың кәсіпорындары мен кәсіпкерлерінің демеушілік көмек көрсетуінің нәтижесінде турнирді ұйымдастыруға 700 мың теңге жұмсалды. Қала әкімінің жүлдесі үшін басқа да жарыстар өтіп тұрады. Бірақ бұл турнирдің орны бөлек, өйткені бұл балаларға арналған.

— Осы жылдар ішінде бұл турнирге көптеген елдер мен қалалардан жас спортшылар келді, 6 мыңнан астам жас футболшы өнер көрсетіп, шеберліктерін шыңдады, — деді Сәния Мұсақызы. — Ақтөбе елімізде футболдың отанына айналды десе де болады. «Ақтөбе» командасы бірнеше жылдан бері чемпиондықты бермей келеді. Барлық қатысушыларға, оның ішінде Ақтаудан, Алғадан, Хромтаудан келген барлық ойыншылар мен жаттықтырушыларға алғыс айтамын. Ал, жас футболшылар, қысқы каникулды жақсы өткіздіңіздер. Енді мектепте сабақтарыңды жалғастырып, жақсы оқыңдар. Сәттілік тілеймін. Осы турнир алаңынан бастау алған жолдарыңыз үлкен футбол стадиондарында жалғасып, жеңіске жете беріңіздер. Қазақстанның туын көтеріңіздер.

1983 жылдан бері өтіп келе жатқан бұл турнирге Кеңес Одағы кезінде Грузия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден, тіпті алыс шет елдерден балғын футбол командалары қатысқан. Бүгінгі белгілі футболшылар Юрий Логвиненко, Сергей Лисенков, Игорь Абдушеев, Дмитрий Кищенко, Ақтаудың «Каспий» командасында ойнап жүрген Дмитрий Басенков және басқалар осы турнирде өз шеберліктерін шыңдады.

Салауатты өмір салтын насихаттауды, жастар арасында футболды дамытуды мақсат еткен турнир бұл жолы да сәтті өтті. Жарысты ұйымдастырушылар турнирдің жақсы өтуіне барлық спорт мектептерінің басшылары, демеушілік жасаған азаматтар және «Химик» стадионының басшылығы үлес қосқанын айтады.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button