Басты жаңалықтарЭкономика

Облыс бюджетіне салықтан 343,7 миллиард теңге түсті

Жыл қорытындысы

 Жыл қорытындысына сәйкес, салық бойынша бюджетке түскен қаражат —  343,7 миллиард теңге. Болжанған жоспардан 21,5 миллиард теңге артық түскен. Бұл туралы кеше Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте айтылды.

Жиынға салық, кеден және құқық қорғау органдарының  өкілдері мен бірқатар құрылымдардың басшылары қатысты.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджетке 343 миллиард теңгеден астам салық пен міндетті төлемдер өндірілді. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет бүгінгі күні артығымен орындалып, болжанған жоспардан  21 миллиард теңге артық өндірілді. Жергілікті  бюджет 106,9  пайызға орындалды немесе жоспардан тыс 5,7 миллиард теңге артық түсті.  Өткен жылы департаментте уәкілетті органдармен бірлесіп, салық базасын кеңейту жөнінде нақты жұмыстар атқарылған  болатын. Соның нәтижесінде 17,1  миллиард теңге қосымша төлем көздері анықталып, бюджетке өндірілді, — деді  Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Талғат Мамаев.

Департамент басшысының баяндауынша, былтыр кірістер бойынша жоспардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында көлеңкелі айналымды қысқарту бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, бюджетке қосымша түсім резервтері анықталыпты. Сондай-ақ, камералдық бақылау және өткізілген әңгімелесулер нәтижесі бойынша да нақты көрсеткіштер айтылды. Бұл бағытта атқарылған шаралардың нәтижесі бойынша бюджетке  қосымша 14 млрд теңге көлемінде түсім түсірілген. Өткен жылы 1417 кеден құнын түзету анықталып, бюджетке 562,8 млн теңге төлем түсті. Былтыр аймақта 500-ден аса кедендік және салықтық тексерулер жүргізілген. Осы істердің нәтижесінде бюджет 1,0 млрд теңгемен толыққан.

Былтыр салық органдарына 1083 өтініш пен қылмыстық құқықбұзушылық туралы хабарлама түскен.

Жиын барысында өткен жылы аудандарда салық жинау ісінің орындалуы сөз болды. Бұл орайда Хромтау және Темір аудандарында жоспар орындалмаған. Аталған аудандардағы салық басқармаларының басшылары жыл бойы салық түсіру ісіне қатысты салғырт жүргізген жұмыстарының кесірінен облыс әкімінен сын естіді.   Бұл орайда Ақтөбе қаласы салық басқармасы басшысының атына да бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Бердібек Машбекұлы салық органдарының өзге де қадағалаушы органдармен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Әрбір мемлекеттің экономикасының дамуы салықтың толық түсуіне байланысты. Сондықтан біздің өңірдің экономикасының дамуы да салық органдарына көп байланысты. Дүниежүзіндегі экономикалық жағдайлар Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбеге де әсерін тигізді. Соған қарамастан, берілген тапсырмалар толығымен орындалды. Енді 343,7 миллиард теңге салық — ол аз емес, 7 пайызға өсім бар. Әлеуметтік төлемдер толығымен төленді. Ең негізгі үлкен мәселе — салық органдарының өзге де қадағалаушы, құқық қорғау, сот органдарымен қарым-қатынасы. Егер барлық билік өкілдері бірігіп жұмыс істейтін болса, сонда ғана біздің жұмысымыз нәтижелі болады. Әсіресе, тексеру органдарында, — деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы өз сөзінде еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

салық органдары жұмысына тікелей байланысты екенін  баса айтты. Бұл орайда облыс әкімі салықтың дер кезінде төленуі, қоғамда әлі де болса кездесетін — конвертпен жалақы төлеу мәселесін жою, заңсыз көлік тасу, пәтерді жалға беру  сияқты өзге де кедергілерге қадағалаушы орган ретінде тосқауыл жасау қауіпсіздіктің алдын алуға ықпал етпек.

Қазір кәсіпкерлерге бизнес жүргізуде ешқандай кедергі жоқ. Бірақ, сол кәсіпкерлер дер кезінде салық төлеуі тиіс. Өкінішке қарай, бұл жөнінде әлі де бізде үлкен мәселелер бар. Тағы бір айтатын мәселе — базарлардың, сауда орталықтарының жұмыс жасауы. Үкіметтің қаулысы бойынша, әрбір сауда жүргізілген орындарда кассалық аппарат болуы шарт. Мен қаланы көп аралайтын адамдардың бірімін. Барасың, көбісінде кассалық аппарат болмайды. Болса да, сен барған кезде болады, содан кейін болмайды. Әрбір сауда орындарындағы күнделікті сауда айналымы туралы мәліметті салық органдарының мамандары білуі тиіс. Такси қызметі, электронды сауда, қоғамдық көліктердегі билет мәселесіне қатысты да солай.

Салық жөніндегі берілген тапсырма толығымен орындалуы керек. Жыл енді басталды. Сондықтан біз ай сайын талдау жүргізіп отырамыз. Салық толық көлемде, былтырғыдан көп түсуі керек. Ол үшін барлық органдар бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Ең негізгісі — динамика болу керек. Динамика — экономика өсімі. Әсіресе, салықтан түскен түсім жоғары болу керек. 2015 жылмен салыстырғанда былтыр Алға мен Байғанин ауданында өсу қарқыны төмендеді. Бұлай етуге болмайды, — деді облыс әкімі.

Кеңейтілген мәжілісте аймақ басшысы көлеңкелі экономика, әсіресе жалған кәсіпкерлікпен айналысушыларға қадағалауды күшейту турасында салық қызметкерлерінің алдына нақты тапсырмалар жүктеді. «Көлеңкелі экономика — тек қана біздің елдегі проблема емес, бұл — әлемдік проблема. Әзірге біз жалған кәсіпкерлікке қатысты келеңсіздіктерден құтылған жоқпыз. Бұл бар нәрсе. Тағы бір мәселе — букмекерлік кеңселердің жұмысы. Себебі, мұндай нысандардың түнгі сағат 12-ден кейін казино немесе басқа да ойын орындары ретінде жұмыс жасамайтынына сенім аз. Сондықтан солардың жұмысын қарау керек. Әрине, мен бұл жайында департамент басшысына тапсырма бердім, — деді Б.Сапарбаев.

Жиында облыста жер қойнауын пайдаланушылардың салық төлеуіне қатысты мәселе де сөз болды. Облыс әкімінің айтуынша, мұндай кәсіпорындар  келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындауға тиіс. Шартты бұзған кәсіпорындарға тиісті шара қолданылуы қажет.

Енді аймақтағы барлық қадағалаушы органдар жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша ай сайын мемлекеттік кірістер департаментіне есеп береді.

Жиында департамент басшысы тарапынан айтылған бірқатар ұсыныстар облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button