Ауыл

Қасқырбайдың шаруасы

Агробизнес — 2020

 Қасқырбай екеуміз жас жағынан шамалас екенбіз. Алғаш көріп тұрсақ та, әңгімеміз үйлесе кетті. Мезгіл жаздың іші еді. Қарама-қарсы тұрған  бірі көне, екіншісі жаңа екі үйдің ортақ шарбағының іргесін шайып Ырғыз өзені ағып жатыр. Мынау үйлер екі мезгілдің куәсі сынды: экатон кірпіштен тұрғызып, төбесін сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп көрінетін, сәнді көк қаңылтырлы шатырмен жапқан жаңа үй, жанындағы қашан салынғаны белгісіз, жыпырайған, көне баспанадан әлдеқайда биік, еңселі көрінеді. Бұл жер өзеннің аудан орталығын терістіктен іргелеп, айналып өтетін тұсында екен. Ендеп ақса да, ағыстың бәсең еместігінен болар — суы лай. Айдынданып көрінетін өзеннің арғы жағалауы қалың құраққа ұласатын сияқты. Менің соған назарым ауғанын аңғарған Қасқырбай:

— Анау балауса көк құрақ. Марқұм кемпірім барында осы үйде көп жыл мал ұстап отырдық. Жазда орып алып, кептіріп, қораға тығып, қысқа сақтап қоятынмын. Ақпан, наурыз айларында бұзаулаған сиырға бергенде азықтың көкесі, аса жұғымды. Әсіресе, қыстан арып шыққан  малды көтеріп тастайды, — деді арғы беттегі көк мұнарланып тұрған тұсты қолымен нұсқап.

Бұған дейін мен өзенге сонша жақын тұрған мекенжайды көп көрмеген едім. Қол созым дерлік жерден құбырмен ауладағы бақшасын суарып, алысқа ұзамай-ақ қармағын салып, ауын құрып отырған шаруаға жайлы өзенге құмарта көз салып, кәдімгідей сүйсіндім. Сүйсіндім де, «Ырыздық, несібең іргеңде болған екен» деп қожайынды қолпаштап қойдым.

— Несін айтасың, несін айтасың, — деп, бір сөзін екі қайталап, күрсінгендей болып, Қасқырбай өткен күндерін есіне түсірді. — Көктем шығып, жер отайғасын суға қайық салатынмын. Ертеңгілік екі бұзауды тиеп, арғы бетке жайылысқа шығарып тастаймын. Қайтар бетте орған құрағымды қайыққа тиеп алып қайтамын…

Өзеннің мынадай жайылыма тұсынан қалтылдаған ескекті қайықпен бұзау тиеп өткізу маған мүмкін еместей көрінді. Және бұл ойымды іркіп қала алмай: «Бұзаулар тулап, қайық аударып кетпей ме?» — деп, қаупімді де айтып қалдым. Мұндай ақпа-тегін судың бойында өспеген менің сұрағым таң көрінгендей, бетіме ошарылып қарады да:

— Алғашқы кезде аяқтарын тұсаймын ғой. Содан соң үйренеді. Бос қоямын. Қозғалмай, қатар тұра береді, — деді.

Бір кезде үкіметтің жұмысын жасап жүрсе де, үй шаруасына мұқият болған отағасы, зейнеткерлік жасқа жақындағасын өз алдына шаруашылық ашып алыпты. Шаруа қожалығының аты — «Масақ». Ол және Ырғызда емес, көрші Әйтеке би ауданының аумағында. Оның мәнісін шаруа қожалығының басшысы былай түсіндіреді:

— 2004 жылы әйелім дүниеден қайтты. Комсомол ауылында балдыздарым тұратын еді. Солар: «Ұл-қыздарың үй болды. Қарап отырғасын оймен-ақ қажисың. Бір кісідей шаруаны білесің, қожалық ашып, қасымызда бол. Біз жәрдем берелік» деп шақырды.

Бастапқыда 7 гектар жер алып, 2005 жылы соны аштық. Алғашқыда өзіміздің азын-аулақ малымызды бағып отырдық — 2 бие, 5-6 сиыр ғана еді. Қазір екі үйір жылқы болды. Сиырдың саны — 60-70 басқа жетті. Шамалап қойымыз бар. Қонысымыз —Балжанай, бұрын «Қызылжұлдыз» кеңшарыныңың әйдік фермасы болған жер екен. Мектебі бар кезде біраз үйлер де отырған. Қазір содан 5-6 үй ғана бар, негізінен шаруа қожалықтары. Төңірегінде көп баз тұрған кезінде. Көбін бұзып, кейбірінің төбесін ашып алып кеткен. Сондай баздың бірінің төбесін жауып алдық. Қасына малшы және өзіміз тұратын үй салдық. Басында суы тұщы құдық бар, жері жақсы, шұрайлы.

Осылайша, Қасқырбай тұрған жерінің жайлылығын айтқанда, аспанға көтереді. Одан жұмақ жер жоқ сынды суреттейді. Рас, қонысы бірбұрулау, жоғары кернеулі электр желісінен ажыратылған көрінеді. Бірақ адамның жақсы тұруына барлық жағдай жасалған. Электр қуатын беретін мотор жұмыс істейді. Теледидар көрсетеді, қалта телефоны арқылы байланысқа шығуға болады. Осындай жайлы жерді иемденіп отырған шаруа қожалығының басшысы Қасқырбай Үмбетовтің бір ғана алаңы бар, ол—малшы табудың қиындығы.  Ол жөнінде:

— Малшы жоқ. Жақсы айлығын берем дегенге, малшы келмейді. Келеді, бірақ мал бағатын адам болмайды. Олар ең болмаса, өздерінің шаруасын, жағдайын ойламайды. Мал ұстамайды. Шамалы күн мал бағып қоңданса болды, тайып тұрады  басқа жерге. Біз малшының өз малын бағуына да жағдай жасаймыз. Айлығының үстіне, малына шөбін тегін түсіріп береміз. Сол арқылы өз малыңды да көбейт дейміз. Жыл сайын соғымын сойып, азық-түлігін әкеліп береміз. Сөйтіп отырғанда малшы тұрмайды. Мал бағатын дұрыс адам табылмайды, — деп қынжылады  шаруа қожалығының басшысы.

Көзін малмен ашқан азамат, осындайларды айтып отырып, мал бағудың оңай шаруа емес екендігін де мойындайды. Тіпті мал бағатын сенімді адам табылған күннің өзінде де, шаруа қожалығының басшысы ішінде араласып өзі жүрмесе шаруасының оңға баспайтынын  айтады.

Өзінің малды ауылдан  көп ұзамайтыны да содан екен. Ырғызға балаларына сиректеу соғып, сағынғанда немере-жиендерін иіскеп қайтады. Бүгінгі келгені — бұрын өзі тұрғанмен, қазір қызы-күйеу баласы қоныс етіп отырған үй екен. Балаларын аралап, шаруаларына бас-көз болып қайтатын әдетімен бір-екі күннен бері осында бөгеліп қалған.

Шаруа адамы ұзақ жата ала ма? «Малды бағып отырған сенімді екі жігітім бар. Дегенмен өзім басында жүрмесем қиын, қыруар шаруа күтіп тұр», — деп арасында ертең жүретіндей тызығып отырды.

— Қысқа таман мал бағатын адам көбейеді. Себебі, қыста адамдар босайды ғой. Солар келеді. Тәп-тәуір жәрдем беріп,  қыстай жүреді. Біз оларға тегін тамақ береміз, еңбегін төлейміз. Бір қызығы, жаз шығып, арқасына  күн өткесін, олар тайып тұрады. Оңаша, оқшау мекеннен зерігетін сияқты, — дейді Қасқырбай.

Әрине, оның қонысы улы-шулы елді мекендерден жырақ. Айналада өзен-су да жоқ. Бірақ мал өсіруге қолайлы жердің мүмкіншіліктерін шаруа қожалығының басшысы бес саусағындай біліп тұр. Сұраса мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек те жеткілікті. Әсіресе, мал бағамын, мал тұқымын асылдандырып, мал басын көбейтемін дегендерге жеңілдікпен берілетін несиелер көп.

— Біз алған жоқпыз. Өзіміздің мүмкіндігіміз жетіп тұрғасын не істейміз. Лизингке техника да алмадық. Өзіміздің тракторымыз, шөп шабатын косилкаларымыз бар. Ала жаздай шөпті өзіміз шауып, дайындап аламыз. Аудан орталығындағы мекемелермен шартқа отырып, пішен дайындап береміз. Оларға шөп керек. Кейде техникадан көмектеседі. Аудан орталығындағы зейнеткерлердің малына соның есебінен тегін шөп береміз, — деп әңгіме арасында қолқайырымын да айтып қалады шаруа басшысы.

Әйтеке би — егістік жері мол аудан. Егер егіншілікпен шұғылданса, бұл шаруашылыққа да жер табылғандай. Бірақ Қасқырбай екіге жарылып шаруа жүргізуге әзір күшім жетпейді деп есептейді. Оның орнына бірыңғай мал өсірумен айналысып, қожалықтағы малдың санын көбейтуді мақсат тұтып отырған жайы бар. Кейінгі жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақбас сиыр тұқымын өсіруді қолға алған. Мал тұқымын асылдандырумен шұғылдануда. Болашақта жылқы шаруашылығын дамытып, үлкен көлемде қымыз дайындауды қолға алмақ.

Өткен жылдары бие саууды қолға алып,  қымыз дайындап, литрін 200 теңгеден сатып тұрыпты. 14 биеден күніге алынған 100 литр бие сүті бағасы арзан болғасын соншалықты тез өтіп отырған.

Өкінішке қарай, биыл бұл істі жалғастыра алмаған. Оған себеп, сол баяғы малшының тапшылығы. Соның өзінде де, өзі бір-екі бие байлап, қымыз ішіп, немерелеріне саумал беріп отырған. Оны да өзі сауады екен. Қасқырбай жылқы саууды ар көрмейді. «Жылқышының баласы болып, құйттайымнан үйренгенмін» дейді. Бұдан көп жылқы байлап саууға жәрдемші болар адамы жоқ.

— Әр жерде күнін әзер көріп отырған отбасыларына: «Жылқыны сауып, сүтін, қымызын сатып ақшасын да өзің ал» деп шақырамын. Сонда да келмейді. Бүгінде адамдар әбден жалқау болып алған. Жылқы түгілі, сиыр сауғысы жоқ. Нанасыз ба, біздің сиырларымыздың бір бөлегі өрісте ала жаздай бұзауымен жүреді. Ауылда тұратын балаларымның үйіне жаңа бұзаулаған сиырларды айдап апарып беремін. Келіндер 5 сиырдан артық сауа да алмайды. Оның үстіне аудан орталығында өріс тар, мал тез азады, ай салып араға сауын сиырларды ауыстырып тұрамын. Олар май, қаймағын дайындап алғасын тоқтатамын, — дейді шаруа басшысы.

Қасқырбайдың айтуынша, мал өнімі өтпейді емес, халыққа жетпейді. Шаруа қожалықтары экологиялық жағынан таза сүт өнімдерін: қаймақ, май, ірімшік, сүзбе, басқа өнімдерді қала халқына жеткізе алмай отыр. Әсіресе жылқының саумалын, қымызын дайындау адамның жетіспеушілігінен жолға қойылмай келеді. Бұған өзі осы өнімдерді дайындаған жылы анық көз жеткізген. Ондаған бие байлап, шелек-шелек сүт сауып, 2 бөшкені қымызға толтырып қойғанда, күні бойы Комсомол ауылынан, Хромтау қаласынан адамдар өз көліктерімен келіп, күн  сайын алып кетіп отырған. Жері қашық, бұру демеген.

— Менің ойымша, бірсыпыра адамдар малды ауылда тұрғысы да келетін сияқты, — дейді Қасықырбай өз ойын ортаға салып. — Оның пайдалы екенін де біліп тұр. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өмір сүруге дағдыланған адамдар байыз тауып, тұрақтап қала алмайды. Енді бір бөлігі — күнін көре алмай жүрсе де, біреуге жалданып жұмыс істеуді ар санайды. Олар үшін біреуге жалданып мал табу — қорлық, ал еңбек етпей, арақ ішіп, азып-тозып жүрген ұят емес.

Қасқырбайдың әңгімесіне қарағанда, мал бағу, оның ішінде сиыр малын бағудың еш қиындығы жоқ. «Әсіресе, сиыр малын жазда бағу рахат. Көз салып қойып отырса, болды. Ертеңгілік ерте шығады да, жайылады. Құдықтағы мотор қосылғанда, суға өздері келеді», — дейді ол.

Зейнеткерлік жасқа жеткенмен, Қасекең әлі қажырлы. Білек қайраты қайтпаған. Қай іске де құлшынып тұрғандай. Шаруаны айтқанда, ұзақ жыл отасқан серігін іздейді.

— Кемпір болғанда жұмыс істейтін адам іздеп те әуре  болмас едім.  Қан қысымынан қапыда көз жұмды. Одан бері де 12 жыл өтіпті. Балаларым, немерелерім үшін тырбынып тынбай еңбек етіп келемін. Жаңа айттым ғой, бір балам сырқаттанып, сол саумал ішсін деп, былтыр ала жаздай 2 биені өзім саудым. Ештеңесі де жоқ. Екі сағат сайын, күніге 5-6 рет сауылады. Әр бие тәулігіне 14 литр сүт береді. Бұл қаншама пайда?» — дейді шаруа басшысы.

Иә, үйлестіре білгенге, малдан келер табыс көп.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ырғыз ауданы. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button