ДенсаулықТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Денсаулық сақтау саласында 31,5 миллиард теңгенің құрылыстары салынды

Бұл Тәуелсіздіктің 25 жылының жемісі

 Тәуелсіздік жылдарында құны 31,5 миллиард теңге тұратын 127 медициналық нысан салынды. Бұдан басқа 173 нысан күрделі жөндеуден өтті, оған жұмсалған қаржы 3,5 миллиард теңге деп хабарлады «Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Жалпы ширек ғасыр ішінде денсаулық сақтау саласы ауқымды өзгерістерді бастан өткерді, бұл ақтөбеліктердің денсаулығын қорғау жолында елеулі табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша әрбір 1000 тұрғынға дүниеге келген сәби саны 24,11-ге дейін өсті. Ал балалар өлімі 1991 жылмен салыстырғанда 2,7 есе азайды.

Туберкулезбен сырқаттанушылық 5,6 пайызға төмендеп, туберкулезден қайтыс болу дерегі 2,3 есе қысқарды. Қан айналымы жүйесі сырқатынан өмірден өту 2 есе дерлік азайды.

Жыл өткен сайын ұсынылатын жоғары мамандандырылған медициналық көмектің көлемі мен түрлері ұлғаюда, ауруханаларды технологиялық жаңғырту жалғасуда. Жүрек, ми түтікшелері, буындарды эндопротездеу сияқты күрделі операциялар жасалуда. 2014 жылдан бастап трансплантология қолға алынды — бүйрек ауыстыру операциясы табысты орындалды. 2016 жылы 14 бүйрек, сондай-ақ 4 бауыр ауыстыру жүзеге асты.

Денсаулық сақтау жүйесі дамуының басымдық бағыттарын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2015 жылы барлық медициналық ұйымдарда пациентті қолдау және ішкі бақылау қызметі құрылды.

Бүгінгі күні медициналық кластерді қалыптастыру күн тәртібінде тұр. Ол ірі медициналық нысандарды біріктіру, халықаралық ынтымақтастықты және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жолымен жүзеге аспақшы. Оңтүстік Кореяның, Түркияның, Ресейдің жетекші клиникаларымен жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету және медицина кадрларын әзірлеуге байланысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Түркиядан келген әріптестердің қатысуымен Ақтөбе қаласында жедел медициналық жәрдем стансасы құрылысы басталды.

Медициналық кластерді құру Ақтөбе агломерациясында медициналық туризмді дамытуға қуатты серпін береді деп күтілуде.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button