Ауыл

Бектұрсынның бастамасы

Шалқар қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Бектұрсын Төребеков өткен жылдың жаз айында қаламыздың Ідіріс Үргенішбаев көшесінен арнайы көлік жуатын ғимарат салып, қазір халыққа қызмет көрсетіп жатыр.  

%d0%bc%d0%be%d0%b9%d0%ba%d0%b0

Бүгінгі күні халыққа қызмет көрсету орталықтары көптеп салынып, ондағы жұмыс сапасы тұрғындардың көңілінен шығуда. Бектұрсынның иелігіндегі нысан да сондай орталықтардың біріне айналды. Кәсіпкер бұл нысанды өз қаражатына тұрғызыпты. Бүгінде қызмет көрсету орталығы көлік жууға арналған құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған.  Жұмысшылар үшін арнайы жұмыс жасайтын уақыт белгіленген. Олар өздеріне тиесілі міндеттерін сапалы атқаруға тырысады.

Сонымен қатар бұл жерде дәнекерлеу, кілем жуу, автокран, шиномонтаж қызметтері де көрсетіліп, ассенизатормен кәріз құдығын тазартуға тапсырыс қабылдайды.

Бектұрсын Шалқардың Айшуағында дүниеге келген. Бүгінде отыз жеті жастағы жігіттің мамандығы — дәнекерлеуші.  Бегімбет ауылындағы қазіргі Бек Сүлейменов атындағы орта мектепті тәмамдаған ол Шалқар қаласындағы №21 кәсіптік-техникалық училищені (қазіргі Шалқар аграрлық-техникалық колледжі) дәнекерлеуші мамандығы бойынша аяқтайды. Қазір ол өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген. Кейін білімін жоғарылату үшін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдайды. Бір кездері оқушыларға тарих пәнінен сабақ берген жас маман кейін күзет мекемесінде еңбек етіп көрді. Алайда оны өз кәсібін құрып, жұмыс орындарын ашу турасындағы ой мазалайтын. Сөйтіп, 2014 жылы кәсіпкерлікке бет бұрған Бектұрсын көлік жууға арналған нысанның құрылысын бастауды қолға алады. Өткен жылдың жаз айында ғимараттың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, іске қосты.

Қарапайым тұрғындар үшін бағасы да қолжетімді халыққа қызмет көрсету орталығына көлік жүргізушілері кезекке көп тұрады.

Көлік жуу қызметі жауапкершілік пен ыждағаттылықты талап етеді. Нысанның жалпы аумағы — 150 шаршы метр. Көлік жуатын арнайы құрал — трансбойды  да сатып алдық. Қосымша шаңсорғыштар да бар, — дейді Бектұрсын.

Мұнда көліктер арнайы ұнтақ қосылған сумен, жоғары қысымды трансбоймен жуылады. Көлік жуу ақысы — 700 теңге. Жүргізушілер үшін  көліктің қосалқы бөлшектерін де жуғызуға мүмкіндіктері бар. Алайда қосымша  жұмысқа қосымша ақы төленеді.

«Қазір бізге көлік жуатын жұмысшылар қажет. Жұмыс істеймін деп ниет білдіргендерге күніне 2000 теңгеден 6000 теңгеге дейін еңбекақы төленеді», — дейді кәсіпкер.

Мұнда кілем жууға да сұраныс бар. Қазір бұл маңнан аумағы 200 шаршы метрді құрайтын кілем жуу үшін қосымша ғимараттың құрылысы бой түзеп жатыр.

 С.ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button