Білім

ҰБТ-дағы өзгерістер

Ұлттық бірыңғай тестілеуге биыл негізінен үш өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап сынақ тапсыратын уақыт ұзартылады. Яғни ҰБТ тапсыру үшін 3 сағат 30 минут беріледі. Бұл – бір. Екіншіден, тестілеудің апелляциялық комиссиясының жұмыс істеу тәртібі өзгертілді. Үшіншіден, өзбек, ұйғыр, тәжік  мектептерінің оқушылары да ҰБТ тапсыратын болады.

Осы және сынақ тапсыруға қатысты өзге де жайттар туралы Білім және ғылым министрлігі, білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің сыртқы емтихан басқармасының бастығы  Зинаш Жанділдина айтады:

– Сынақ тапсыратын уақытты ұзартуға ата-аналар мен түлектердің өтініші түрткі болды. Олар физика, математика, химия пәндерінің есебін шығару үшін уақыттың аздық ететін айтады. Бұл өтініш-тілекті тек қана былтырғы түлектер айтқан жоқ,  оларға дейінгі түлектер тарапынан да уақытты ұзарту туралы шағым айтылған-ды. Тестілеу уақытына 30 минут қосу түлектер үшін қаншалықты тиімді болатынын сынақ нәтижесі көрсетеді. Бірақ мектеп бітірушілердің «уақыт аз, есеп күрделі» деп байбалам салуларына негіз жоқ. Себебі сауалдар мектеп бағдарламасынан, оқулықтан алынады. Яғни мемлекеттік білім беру стандартының талабына сәйкес жұмыс жасалады.

Ал тест сауалдарын еліміздің мектептеріндегі пән мұғалімдері дайындайды. Олар әзірлеген сұрақтар сараптамадан өтеді. Одан кейін мектептерге жіберіліп, тағы да сүзгіден өтеді. Содан кейін барып қатаң түрде сақталады.

Биылғы тест тапсырудағы екінші жаңалық – апелляциялық комиссияның жұмыс істеу тәртібіндегі өзгеріс. Апелляциялық комиссияға кез келген мектеп бітіруші тесттің қорытындысы шыққан күннен бастап келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін шағымдана алады. 24 сағат көлемінде апелляцияның қорытындысы шығарылуы керек. Түлек өз өтінішін сұрақтың мазмұнына немесе техникалық қателерге байланысты беруіне болады. Егер комиссия өтініштің қисынды екендігін анықтап, балл қосатындай жағдай болса, онда іс республикалық апелляциялық  комиссияға жіберіледі. Сол жерде өтініш тағы бір тексеріліп, шешім қабылданады.

Егер түлектер ҰБТ кезінде кітапшалардың арасынан таза парақтарды көріп, немесе қазақша мәтіннің арасынан орыс тіліндегі мәтінді байқаса, болмаса бір пәннің сауалдарының арасында екінші бір пәннің сауалдары араласып кеткенін аңғарса, дереу кезекшіге айтуы қажет. Мұндай қателер бұрын болды. Бұл біздің қате болғандықтан, соны аңғарған түлекке 1 балл қосылады.

Айта кететін жайт, апелляциялық комиссияға түлектің өзі ғана баруы керек. Ол үшін ата-анасы немесе сынып жетекшісі шағымданбауы тиіс.

Үшінші жаңалық: биылдан бастап өзбек, ұйғыр, тәжік мектептерінің оқушылары да ҰБТ тапсырады.

Сынақ 1-10 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр. Мектеп бітірушілерден өтініш наурыздың 10-ы мен сәуірдің 25-іне дейін қабылданады.

Жалпы, ҰБТ-ның форматы 2008 жылғы көлемінде өтеді. Талапкерлер 5 пән бойынша сын тапсырады: оқыту тілі (қазақ тілі немесе орыс тілі), математика, Қазақстан тарихы, қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін орыс тілі, ал орыс тілінде оқытатын мектептер үшін қазақ тілі және талапкердің таңдау пәні. Әр пәнде 25 сұрақтан болады. Шектеулі балл – 45. Оның ішінде таңдау пәндері бойынша 7 пайыз ұпай жинау керек. Ал әр пәннен 3 пайыздан кем ұпай жинамауы тиіс. Себебі одан төмен ұпай жинағандар орта және жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алмайды.

ҰБТ-ға мектеп бітірушілер өз еріктерімен қатысатыны мәлім. Дегенмен «Алтын белгі», «Үздік» аттестаттан үміткерлер білімдерін дәлелдеу үшін міндетті түрде сын тапсырады. Сонымен қатар ағымдағы жылы жалпы білім беру пәндері бойынша ғылыми жарыстардан республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері де сынаққа қатысады. Орта және жоғары оқу орындарыда білім алғысы келетін талапкерлер де ҰБТ тапсыруға міндетті.

«Біз Қазақстанда оқымаймыз. Шетелде оқимыз. ҰБТ тапсырмауға бола ма?» деген мазмұндағы сұрақты қоятын түлектер бар. Шетелде білім алғысы келетіндер ҰБТ тапсырмауына болады. Бірақ ескеретін жайт, егер ҰБТ тапсырмаған түлек 2-3 жылдан кейін әлдебір себептермен елімізге қайтып келсе, онда осындағы оқу  орындарында білімін жалғастыра алмайды. ЖОО-да дәріс алу үшін кешенді емтихан тапсырып, 1-курстан бастап қайта оқуына тура келеді.

Жыл сайын ҰБТ тапсыруға өтініш білдіріп жатқан түлектердің саны азайып келеді. Бұл демографиялық жағдайға да байланысты. Бұл – бір. Екіншіден, қазір колледждердің маман даярлау сапасы жоғары болғандықтан, кейбір балалар 9-сыныптан кейін колледждерге түсуге ниет білдіреді. Олардың колледжді бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарында білімін жалғасыруға мүмкіндіктері бар.

Биыл салмақ негізінде мемлекеттік комиссияларға түседі. Былтыр Алматыда болған түсініспеушіліктер мемлекеттік комиссияның дұрыс жұмыс істемегендігінің салдарынан болды. Мемлекеттік комиссия сынақты дұрыс деңгейде өткізсе, ешқандай әңгіме болмас еді.

Егер түлек тестілеуден кешіксе, оның сынақ тапсырып-тапсырмауын мемлекеттік комиссия шешеді. Егер бала ауырып қалса, қандай да бір нақты дәлелдері болса, оны сынаққа жіберу керек. Ол үшін шу тудырудың қажеті жоқ. Бірақ кешіккен балаға уақыт қосылмайды.

Тағы бір айта кететін жайт, тест өтетін аудиторияда міндетті түрде сағат болуы керек. Температура бірқалыпты болғаны жөн. Егер күн тым ыстық болса, салқындатқыш орнату керек. Сонымен қатар балаларды да, ата-аналарды да ауыз сумен қамтамасыз ету қажет.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button