ЖаңалықтарСпорт

Ел кубогы жолындағы жарыс өтіп жатыр

Бейсенбі күні Ақтөбеде жүзу спортынан ҚР Кубогы жолындағы жарыс басталды. Жарысқа келген спортшылар арасында Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де бар.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі:

— Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тұсында Қазақстан Кубогының Ақтөбеде өткізілуі — біз үшін үлкен құрмет. Осы жарысқа орай Ақтөбеге Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина келіп, міне, қазір, ортамызда тұр. Оларға жерлестеріміздің атынан алғыс айтқым келеді. Олардың спортта қол жеткізген табыстары барлық қазақстандықтар үшін зор қуаныш болды, ал кейінгі жастар мен балалар оларды мақтаныш етіп қана қоймай, үлгі тұтып, жаңа жеңістерге қол созатын болады. 8 жасында спортқа келген Дмитрий Баландин 13 жыл ішінде Олимпиада чемпионы атанды. Әрине, мұндай табыстың жайдан-жай келмейтінін, тынбай тер төгудің, ізденістердің, ешқандай қиындықтан тайсалмайтын табандылықтың арқасында ғана келетінін жастарымыз түсінеді, олар да таудай талап, зор ынтамен алға ұмтылады деп үміттенеміз. Осы жарыс елімізде су спорты түрлерінің одан әрі дамуына жол ашсын, — деді өңір басшысы. Ол жарысқа қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

Бұдан соң жиналғандар алдында синхронды жүзуден Азия чемпиондары болып табылатын теміртаулық қонақтар өз өнерлерін көрсетті.

ҚР Кубогы жолындағы жарыстар «Достық» су спорты түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің облыстық мектебінде өтіп жатыр. Алғашқы күні көрермендер арасында Сидней Олимпиадасының чемпионы, боксшы Ермахан Ыбырайымов, 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, дзюдошы Рүстем Ыбыраев, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқан жерлесіміз, балуан Нұрислам Санаев, өзге де ел намысын қорғап жүрген спортшылар мен олардың бапкерлері болды.

Жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларынан және Ресейден командалар келген. Ал қатысушылар саны — 225, олардың бесеуі — ресейліктер. Жарыстар суға жүзудің барлық түрлері (брасс, еркін, т.б.) және барлық қашықтықтар бойынша өткізіледі және 23 қазанға дейін созылады.

 Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button