АуылБасты жаңалықтар

Орынбайдың дәрі қымызы

Агробизнес — 2020

Кәсіпкер Орынбай Жалмұратов

 Таза шұбат пен қымыз қайда бар?

Кешегі кеңес заманында қазақ өзінің сүйікті асы қымыз бен шұбатты ұмытып еді. Дұрысы — заманы ұмыттырған болатын. («Адамды заман билемек…», Абай). Көпшілік өңірлерден қымыз бен шұбатты іздесең таппайтынсың. Ал қазір, шүкір, ауылда да, қалада да тұр.  Базарға барсаң, дүкенге кірсең, қанша аламын десең де, сатып алуға мүмкіндік бар. Халқымыз жеті атасы ішкен жеңсік асын сағынып-ақ қалған екен, сапасына да қарамай бас қойды. Шынына келсек, бүгінге дейінгі шұбат пен қымыздың сапасының сын көтермейтіні де рас еді. Ауыл қазағы жақсы біледі, шұбат су қосып сатса да, сүт қосып сатса да, көтере береді… Ақырып тұрған бір литр шұбатқа, бір шелек сүт құйып жуасытса, таза шұбат ішіп үйренген адам болмаса, көп аңдай бермеуі мүмкін. Көп жағдайда, шұбаттың базарларда жаз түгілі, қыста да сарқылмайтыны осымен байланысты. Қымызды, әсіресе саумалды бұлай көбейтіп сатудың жолы қиындау болар деп ойлаймыз. Әйтседе, қатты ашыған қымызға су қосатындар кездесіп қалып жатады. Осыдан келіп, бүгінде таза шұбат пен қымыз  табу оңай шаруа болмай тұр. Өндірістік жолмен, арнаулы әдемі құтыларға құйылып шығарылып, супермаркеттерге түсірілген шұбат өнімінің өзіне күдікпен қарайсың. Себебі оның бүйіріндегі жапсырма қағазында «жақсартылып, байытылған шұбат» деп жазылған сипаттамасы бар. Астың төресі саналатын шұбатты не қосып байытуға болады? Бұған дейін шыны шөлмектерге құйылып, сауда орындарында сатылымға түскен қымыздардың ұзақ уақыт өтпей тұруы да оның бағасына емес, осындай сапасына күдіктеніп қараудың салдары екені анық. Егер таза өнім болса, ол өтпейді емес, халыққа жетпейді. Осының бір мысалын мен бір-екі жылдан бері білетінмін. Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қарғалы  селосындағы жеке шарбақта қымыз сатылады. Бір жарым литрлік құтыға құйылған қымыздың дәмі бөлек, бағасы да қолжетімді. Қымыздың барлық талабы сақталып бапталған. Өзге жердегі өнімнен артықшылығын байқаған қала жұртшылығы қырдан жеткізілген қымызды жиі сарқып сатып әкетеді. Тұтынушылар «Орынбайдың  қымызы» деп жатады. Бірақ ол қымыздың нақты қай жақтан келетінін біле бермейтін. Жақында  жолым түсіп, сол қымыз өндіретін елді мекенді көргенге дейін мен де білгенім жоқ.

«Шыңғыс» шаруа қожалығы

Әйтеке би ауданының шаруашылықтарын аралап, шаршап-шалдығып аудан орталығына жеткен жұмыс тобы, енді одан әрі 140 шақырым жердегі  жылқы ауылға барып, «Шыңғыс» шаруа қожалығының  қымыз өңдеу цехымен танысатыны айтылғанда, екі ұдай пікір туды. Еркіне салса, біреулердің барғысы келді, біреулердің қалғысы келді. Менің  өзім де соңғыларға қосылуға бейіл едім. Себебі, өзге жерлерден қымызды құтыға жабатын отбасылық шағын цехтарды көргенім бар еді. Сондай дүние болар деп ойлағанмын.

Қымыз өңдеу цехы

 

Қостанайға қарай шығатын күре жолмен 100 шақырым жүріп барып, Құмқұдықтың тастақты сүрлеуіне түсіп, шамалыдан соң далалық сорапқа ілігіп, қыр астындағы ойға орналасқан  жылқы ауылға жетіп бардық. Назарды өзіне аударатын екі-үш ғимаратқа қарап-ақ, мұның жаңа қоныс екенін  аңдай қойдық.

Соның бірі — қымыз өңдеу цехының ғимараты еді. Маңдай бетіндегі шарбағының алдын қуалай стендтер қойылған екен. «Шыңғыс» шаруа қожалығының қымыз өңдеу цехын баяндайтын стендтен мынадай мағлұматтарды оқыдық. «Басшысы: Ахметбаева Жайнагүл. Құрылған жылы: 2008 жыл. 2016 жылы қымыз құю цехы іске қосылды. Жобаның қуаттылығы: тәулігіне 1500 литр. Ашылған жұмыс орны: 5 адам.

Шаруашылықтағы мал басы: жылқы 678 бас, оның ішінде аналық мал басы — 300 бас, сауын бие — 100 бас. Ірі қара — 124 бас, оның ішінде аналық мал басы — 120 бас, асылтұқымды бұқа — 4 бас.

Жоспарланған бағдарламасы: Бірінші кезең. Автоматтандырылған қымыз өңдеу цехын ашу. Қымыз өнімін нарыққа шығару. Екінші кезең: шағын шаруашылықтардың басын қосып, өндірістік кооператив құру. Жақын орналасқан Ақтасты, Жабасақ, Құмқұдық ауылдарынан сүт өнімін қабылдау. Үшінші кезең: Сүт өнімін қабылдау пунктін ашу. Сүт өнімін қайта өңдеу, ыдысқа құю арқылы нарыққа шығару».

Бие сауу сәті

Шаруаның жайымен бізді осы иеліктің басшысы Орынбай Жалмұратов таныстырды. Әңгімеміздің басында айтқан, елдің аузында жүрген Орынбай осы екен. Жоғарыдағы жоспарланған бағдарламаның біразының қазірдің өзінде іс жүзіне асқанын көрдік. Қымыз өңдеу цехын аралағанда, кішігірім зауытты көргендей болдық. Сауылғаннан бастап, құтыға құйылып, дүкенге түсетін қымызға-тауарға айналғанға дейінгі процесті қамтитын үлкен жүйе —голландиялық технологияға сүйенеді екен. Адамның қолы араласуын тілемейтін, айнадай жарқыраған өңшең автоматты құрылғылар. Қымыз толтырылатын үш ағаш күбінің өзі де автоматты түрде пісіледі. Осының алдында бірер күн бұрын теледидардан Жамбыл ма  әлде Қызылорда ма екен, әйтеуір оңтүстіктегі бір облыстың жылқы фермасында осындай күбідегі қымызды бір әйелдің қолмен пісіп тұрғанын көрген едім. Мынау оның жетілдірілген түрі болып шықты.

Осы жерде қымыз барлық бабымен, біз айтқан 3 ысталған ыдыстан өтіп, пісіліп, автоматты түрде бір жарым  литрлік ыдысқа  құйылып ( бұл жерде қандай мөлшердегі ыдысқа да құюға болады), саудаға шығаруға дайын күйінде қорап қағазға түседі.  Бағасы да қымбат емес, литрі — 500 теңге. Тап осы технологиямен сиыр сүті де  өңделіп, құтыға құюлы дайын тұрғанын көрдік. Бірақ ол жөнінде Орынбай:

— Мен 10 жылдан бері қымыз шығарып, халыққа сатып жүрмін. Қымыздан қорықпаймын. Ал мына сүтті шығарып сатуға тәуекелім жетпей тұр. Жақында Алматыдан арнайы адамдар келіп, зертханада жан-жақты тексереді. Содан кейін ғана саудаға шығарамын, — деді.

Орынбайдың қымыз бен сиыр сүтін шығаруды қосақтап отыруының да реті бар екен. Мына сүт өңдейтін шетелдік құрылғылар кәсіпкерге 9 млн 400 мың теңгеге түскен. Бұдан бөлек сауатын құрылғылары бар. Ал осының бәрі — ертең биелер суалғанда, келер жылғы құлын байлағанға дейін текке тоқтап тұрмақ. Сондықтан тәулік ішінде тоқтаусыз ауысыммен жұмыс істеуге арналған шетел технологиясын тоқтатпаудың қамымен сиыр сүтін өңдеуді қолға алған.

Сүт бұлағы — «Темірлан»

Сүт өңдеу цехына шикізатты үзбеудің мұнда барлық мүмкіндігі бар. Оны осы жерде құрылған «Темірлан» өндірістік ауылшаруашылық кооперативі қамтамасыз етеді. Сол кезде сүт өңдеу цехы тәулігіне 1360 литр сүт шығарады. Бұл өңделетін сүт — «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен, «Шыңғыс», «Әлихан», «Толы дән», «Сәуле», «Маралбек», «Нұрбек» , «Шанбай». «Біләл» шаруа қожалықтарынан, «Жабасақ», «Құмқұдық», «Ақтасты» ауылдарындағы жеке қожалықтардан келмек. Осы жерде аталған елді мекендерден жеткізілетін сүттің мөлшеріне дейін көрсетіліп жазылып қойылған. Сонымен бірге, сүт өңдейтін цехтан шығатын өнімнің жеткізілетін рыногы, сауда орындарына дейін көрсетілген. Ішкі сауда орындары, жабық мекемелер толық есепке алынып,  олардың сұранысына қарай, жеткілікті мөлшерде сүт өнімін жеткізу көзделген. Мұның сыртында, көршілес  Қостанай облысының Қамысты ауданына, Ресей Федерациясының Орынбор облысына сүт өнімін шығарып, сыртқы сауданы қыздыруға жол ашылып отыр.

Осы жердегі шаруаның ұйымдастырылуы туралы облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев:

— Біздің мақсат — осындай үлгідегі шаруаны өзге өңірдегі басшылар, мамандар, кәсіпкерлер де көріп, жүзеге асырса дейміз.  Өткен жылы ғана осында келіп, шаруашылықпен танысқанбыз. Биелерді баздың ішінде ана бағанаға, мына бағанаға байлап сауады екен. Бірақ қымыз дайындаудың технологиясын әбден игерген, қымызының сапасы өте жоғары.

«Табыс» базарына салып сатады, өтуі де жақсы. Аудан әкімі бар, соны көріп ойласып, осы жерден цех ашуды ақылдасқанбыз. Оны тығынмен бекітіп, мемлекеттік стандарттан ұлықсатын алып, заңдастырып, құтыларға құйылып, тығынмен бекітілетін, жалпы көпшілікке шығарып сатуға лайық өнім жасауды кәсіпкерге ұсынғанбыз. Кәсіпкер мұны тез жүзеге асырды. Бір жылдың ішінде осы тұрған құрылыстарды тұрғызып, баз салды, скважина қаздырып, су жеткізді, басқа да біраз жұмыстарды атқарды, — деді.

Әйтеке би ауданының әкімі Аманғали Бердалин:

— Бұл шаруа қожалығы 2008 жылы құрылған. Қазір қымыз өңдеу цехының бірінші кезеңін ашып жатыр. Жылқының басы көбейіп, оның ішінде сауылатын биенің  саны артып келеді. Қазір 100 бие сауылады. Сонымен бірге,  ірі қара мәселесімен де айналысып жатыр. Бірінші жоспарлаған кезең автоматтандырылған қымыз өңдеу цехын ашу және санитарлық нормаға сәйкес барлығы автоматтандырылуға тиіс еді, қазір солай болды. Жылқыны сауудан бастап, ақтық өнімге дейін қол күші араласпайды. Бұрын 5-6 әйел сауатын. Енді бұл жұмыстар бірлескен голландия-түрік құрылғылары арқылы жүргізіледі. Сауудан бастап, бөтелкеге құйылғанға дейін  адам факторы жоқ,  барлығы автоматтандырылған түрде құйылады.

Екінші кезеңнің жұмысы да қолға алынып жатыр. Ол — шағын шаруашылықтардың басын қосып,  өндірістік кооперативтің базасында «Шыңғыс» шаруашылығы арқылы сүт өнімін қабылдау. Бұл жердегі технология қымыз өңдеумен бірдей деуге болады. Осы жермен көп шаруашылықтар, елді мекендер жақын, іргелес отыр. Біздің есебімізше, үш селолық округтің тұрғындарының сүтін осы жерге жинап тапсыруға болады. Шаруа қожалығының өзі де қосымша сиыр ұстайды.Қазірдің өзінде 124 сиыры бар. Бірақ кәсіпкерге бұл тиімді емес, оны алмастырып, сүттік бағыттағы сауын сиыр табынын ұстауы керек. Сонда қыста қымыз үзілген кезде, сиыр сүтін рынокқа шығарып, қаржы табады.

Міне, біздің белгілі кәсіпкеріміз Орынбай Жалмұратов басқаратын шаруа қожалығы бұл жұмыстарды осындай екі кезеңмен жүзеге асырып жатыр.

Әкімнің берген деректеріне қарағанда, сүтті, қымызды өткізудің жолы көп және оған алаңдаудың жөні жоқ. Аудан орталығы Комсомол селосының өзінде қанша халық бар. Ұзын жолдың бойы, теміржол, тасжол үстімен өтеді.

Бие саууды қызықтау

Қожалық бие сауатын үш құрылғы алған. Сол шетелдік құрылғымен бие саууды көзбен көруге бәріміз де құмарта қалдық. Көпшілік дүркіреп сауын биелер қамалған қоршауға қарай қозғалып еді. Орынбай бірден: «Сіздер дабырлап жүгірмей, ақырын барыңдар. Жылқы шошып, шам шығаруы мүмкін» деп көпшілікке ескерту жасады.

Жаңа құрылғылар

 

Жылқыларды автоматпен саууға екі айда шақ үйретіпті. Үркіп, сүт шықпай біраз әуреге салған. Қазір жуасып, қалыптасып қалған. Биелер қондырғыға кезекпен келіп тұра қалады екен. Екі жігіт құрылғыны еркін меңгеріп тұр. Бұған дейін қолмен сауған кезде сауыншы әйелдерді жылқы тепкен жайлар болған. Қазір мүлде қауіпсіз. Бірі 13 жыл, екіншісі 4 жыл жылқышы болған азаматтар өз мойындарына алып, 100 биені сауып тұр. Орынбай бұл жылқылардың жазда күніне 7 рет, қазір 5 рет сауылып тұрғанын айтады.

Бұрын қолмен атқарылатын көп жұмыстарды жеңілдеткеніне кәсіпкер қуанышты. Мұның оңай болмағанын, осындай құрылғы барын естіп, Қазақстанның біраз өңірлерін аралағанын, ақырында қалай қолға түсіргенін жыр қылып айтады. Егер мұндағы барша жабдықтарды тұтас алар болса, аса қымбатқа түскендей екен. Ал Орынбай құрылғыларды, олардың қосалқы бөлшектерін жеке-жеке сатып алған.

— Бұған дейін бір әйел 30 бие сауатын. Ауыр жұмыстан ол әйел ауырып-сырқап қалғанда, орнына барған жаңа адамды биелар жатырқап маңына жуытпайтын. Бір әйелді теуіп, жілігін екі жерден сындырды, — деп құрылғыны қолға түсіргенге дейінгі көрген қиындығын ортаға салды кәсіпкер.

Сауын биелер

 

Иә, ауыл шаруашылығында жеңіл келетін пайда жоғын білеміз. Тіпті көп жұмысты автомат атқарады дегеннің өзінде де, өнімнің қандай болмағы, сапасы адамға байланысты. Орынбай сынды маңдай терін сыпырып еңбек етіп, қымыздың бапты, тұтынушыға жағымды болуын ұдайы қадағалайтын өндірушінің өнімі, әрине, осал болмайды. Олардың өнімінің сапасын төмендететін ортадан кіретін делдалдар, алыпсатарлар. Сондықтан кәсіпкер өз өнімінің сапа белгісін түсірмейтін сауда орындарының болуын армандайды.

«Сапырған сары ожаумен сары қымыз, ысталған сары местен дәрі қымыз…» дегендей, дәмі тіл үйірген балдай қымыз іздегендер кәсіпкер Орынбайға жолықсын.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Әйтеке би ауданы. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button