АуылБасты жаңалықтар

Бизнес және бағдарлама

Мемлекеттік бағдарлама

Түйе өсіру — мал шаруашылығының дәстүрлі салаларының бірі. Кәсіп бастауды енді ғана қолға алған Еділжан Елеуов мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал шаруашылығының ішінде түйе өсіруге ерекше көңіл бөліп отыр. 

 

Түйе бағу —  тиімді іс

Еділжан Елеуов — Ырғыз өңірінің тумасы. Жасы жиырманы енді ғана алқымдаған жас жігіттің алдына қойған жоспарлары көп. «Құласаң нардан құла» демекші, ол  майда-шүйдеге емес, бірден төрт түліктің төресі — түйе бағып, оны көбейтуді мақсат тұтты. Іргелі кәсіпті бастауға түк жүрексінген де жоқ. Тәуекелге бел буды да, көздеген мақсатына жету үшін мемлекеттің қолдауына арқа сүйеді. Сөйтіп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жүзеге асырылатын «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет етті. Биыл ол осы бағдарлама арқылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалынан түйе шаруашылығы үшін 3 миллион теңге несие алды. Бұл — оның мемлекеттен алып отырған алғашқы несие қаражаты. Әрине, бүгінде әрбіреуі жарты миллион теңгеге бағаланатын түйе малын сатып алып, көбейтуге бұл қаражат аздық етеді. Алайда соны қанағат тұтқан Еділжанның бастапқы қадамына мұның өзі үлкен олжа.

Жылдық сыйақы мөлшерлемесі мен сияқты кәсібін енді ғана бастаған адамдар үшін тиімді несие қаражатына жылдам қол жеткіздім. Қазір кәсіпкерлердің іс жүргізуіне мемлекеттен барынша қолдау бар. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі зор. Түйе өсіру — бұрыннан ойымда жүрген іс еді. Кішкентайымыздан мал бағып, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеріп өскен бізге түйе өсірудің еш қиындығы болмайтынын анық білемін. Қолда ұстайтын түйе болғасын, уақытында жем-шөбін дайындап, жақсы күтім жасасаң, бұл малдың да бабын табуға болады. Түйе бағу — тиімді іс, — дейді Еділжан.

Екі түйенің өнімі

Заңгерлік білімі бар азамат мамандығы бойынша еш жерде жұмыс жасамаған. Алдымен оқуын тәмамдап, белгілі бір кәсіптің тізгінін ұстауды мақсат еткен Еділжанның бұл ісіне анасы да дән риза. Ол қолына тигізген несие қаражатының бір бөлігіне әзірге екі боталы түйе сатып алыпты. Оның әрбіреуі 650 мың теңгенің көлемінде бағаланған.

Ақтөбеде түйе малының ең көп өсірілетін жері — Шалқар мен Байғанин өңірлері. Әрине, Ырғызда да түйе ұстайтындар бар, десек те мал саудалап, таңдау жасағанда аталған аудандарға барған дұрыс. Екі боталы түйені осы өңірлерден таңдадым. Бұрын қолға ұстап, үйретілген түйелерімді әрбір екі сағат сайын анам сауады.  Күндіз өрісте жүреді, кешқұрым ауладағы арнайы қоршауда ұстаймын. Бастапқы кезде өрістегі малды сырттай бақылап, жиі қараушы едік. Әзірге түйелер  Ырғыз өзенінен әрі асқан емес, — деген Еділжан  түйені қолға үйреткен кезде оның адамдар үшін басты өнімі — сүті мен шұбатының өзінен көп пайда табуға болатынын айтты.

Екі боталы түйенің өніміне бүгінде сұраныс жоғары. Әсіресе, түйенің сүті мен шұбатын тұрақты сатып алушылардың қатарында үлкендер жағы көп. Олар өнімнің бұл түрін емдік мақсатқа пайдаланады.

Ырғызда түйенің сүті мен шұбатын сататындар аз. Қазір күніне 4-5 литр шұбат сатып отырмыз. Бағасы да қолжетімді. Анам шұбаттың литрін 500 теңгеден саудалайды. Әзірге түйенің сүті мен шұбатын арнайы сауда орындарына шығара қойған жоқпыз, сатып алушылар үйден алып кетеді. Алдағы күндері тағы бір боталы түйе сатып алу ойымда бар. Болашақта түйенің санын көбейтіп, өнім көлемін ұлғайтсақ, шұбат сататын орын ашқым келеді, — дейді жас жігіт.

Малдың қамын, алдағы жайын ойлаған Еділжанның ауласында  түйе қора салынып жатыр.

Кедергі — кепіл мүлік

 Жолдыбай Әуесов, Ырғыз аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

— «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы үш бағыт арқылы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаның екінші бағыты кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру мақсатында жүзеге асырылады. Биыл осы бағдарлама шеңберінде ауданда 50 адамға 173,0 миллион теңгеге несие беру жоспарланған еді. Бүгінде елу адам 134,0 миллион теңге көлемінде несие алды.

Қазір облыста «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жаңа жобаны халыққа түсіндіру кестесі жасақталып, ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Түсіндіру жұмыстары әлі жалғасуда.   Биыл осы жоба бойынша несие алушыларға ауданда 259,0 миллион теңге қарастырылып, нәтижесінде 61 адам несие алуға қол жеткізді. Оның ішінде 52 адам мал шаруашылығымен айналысуға бел байлады.  Бұл — облыс әкімдігі мен бірқатар қаржы институттары, сондай-ақ «Алмэкс» холдингі арасындағы меморандум арқылы жүзеге асырылған жоба.

Ауданда бағдарламаға қатысқан азаматтар мал бордақылау алаңдарын салып, монша қызметіне, сондай-ақ, сервистік қызмет көрсету саласын дамытуға, кірпіш, экоблок шығару сынды мақсаттарға несие алды. Несие алушылардың барлығы өз бизнес-ұсыныстарына сәйкес бүгінде жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биылдың өзінде несие алушылардың ашқан жаңа жұмыс орындарына 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.  Бұрын шағын несие алушыларға жеке ісін ұйымдастыруға және кеңейтуге 3 миллион теңгеге дейін берілсе, соңғы өзгерістерге байланысты биылдан бастап ел Үкіметі айқындайтын және оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына қосылған өңірлерге қоныс аударғандарға 5 миллион теңгеге дейін, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ұйымдастыруға 6 миллион теңге несие берілетін болды. Бұл — пилоттық жоба. Әрине, кәсіп ашып, жұмыс істеушілерге бұл үлкен мүмкіндік.

Биыл ақпараттық-насихаттық топтың түсіндіру жұмыстарының арқасында 230 адам несие алуға ниет білдірді. Өкінішке қарай, көптеген адамдардың кепіл мүліктерінің болмауынан және банкте бұрынғы өтелмеген бережақтары болғандықтан, несие алатын мүмкіндіктері жоқ.

Бұрын болмаған бизнес

Байғанин ауданында да мемлекеттік бағдарламаның арқасында шағын несие алып, кәсіп ашуға ынталы болған жандар көп. Биылдың өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға 160 миллион теңге қарастырылған. Байғанин аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Е.Көпжасаровтың айтуынша, мемлекеттік қолдау арқылы шағын несие азаматтардың жеке ісін ұйымдастырып, ісін кеңейту мақсатында беріледі.

Биыл ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға 160 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда осы бағдарламаға 42 адам қатысып, 122 миллион теңге көлемінде несие құжаттары мақұлданды, — дейді орталық директоры.

Байғанин өңірінде бұрын-соңды болмаған құс шаруашылығын дамыту, суармалы жерді игеру мақсатында шағын несие алған кәсіпкерлер бар.

P.S. Бүгінде Еділжан секілді ауыл азаматтары мемлекеттік бағдарламаның аясында несие алып, бірі жайлауында түлігін түлетіп отырса, енді біреулері қоғам талабының сұранысына сай кәсіппен шұғылданып жүр. Мемлекеттің қамқорлығымен осылайша шаруасын ширатып жүргендердің мұндай бағдарламалардың барында әлі талай іс тындыруға мол мүмкіндіктері бар.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button