АуылБасты жаңалықтар

Берекелі қожалық

Мемлекеттік бағдарлама

Алға ауданының Ақай селолық округінен 24 шақырым қашықтықта орналасқан «Абылай» шаруа қожалығында бүгінде 300 жылқы, 700 қой, 230 ірі қара бар. Шаруашылық бес жылдан бері қымыз өндіреді. Сондай-ақ қазақтың ақбас сиыры тұқымын өсіруді қолға алған.

 

Мал саны көп, субсидия жоқ…

 Шаруа қожалығының иесі Қыдырбай Ксупов — кешегі тоқырау заманында, ел іші  қиыншылыққа тап болған тұста тәуекелге бел буып, өз шаруашылығын ашқан шаруалардың бірі. Келер жылы шаруашылықтың құрылғанына 20 жыл толады. Бүгінде  қымызымен ауданға ғана емес, облысқа танымал болған шаруа қожалығының өнімінен қазір басқа өңірден келгендер ауыз тиіп, дәмділігіне таңдай қағып, еріксіз мойындайды.

Қазіргі қоныстанған жеріміз «Қарсақбай» деп аталады. Бұрын Кеңес заманында бұл жерде малшылар қой баққан. Тоқырау кезінде үлесіме осы баз тиді. Аздап жылқым да бар еді. Соны көбейтпек оймен осы жерден үй салып, шаруашылық аштым. Қазір мұнда үш баз, жеті үй бар. Қарамағымда он бес жұмысшы бар. Жазда олар малдың жайын жасап, бағып, шөп шабуға көмектеседі. Жылқыны сауатын екі сауыншымыз және бар. 2011 жылы мемлекеттің қолдауымен «Жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында шаруашылыққа электр энергиясын тартып алдық. Бұйырса, алдағы уақытта ауылымызға газ келеді. Жыл өткен сайын шаруа қожалығымыз дамып келеді, — дейді шаруашылық басшысы.

Шаруашылық екі жыл бұрын мемлекеттен 32 миллион теңге несие алып, Қостанай облысы Таран ауданынан 110 қазақтың ақбас сиыры тұқымын сатып алған. Бүгінде оның саны 200-ден асады. Алдағы уақытта шаруа ақбас сиыр тұқымын көбейтпек.

— Қазір облыстағы шаруалардың көбін «Текті түліктің қалғанын қайтіп сақтап қаламыз, қалай асылдандырамыз, әрі қарай қалай көбейтеміз?» деген ой күндіз-түні мазалайды. Қаражат мәселесіне келетін болсақ, қазір мемлекеттен несие алуға мүмкіндік мол. Елбасының тапсырмасымен үкімет соңғы жылдары бұл салаға қаржы құюға сараңдық танытып отырған жоқ. Жыл артып шаруашылықтар ірі қара малының осы тұқымына аса назар аударып отыр. Себебі қазақтың ақбас сиыры етті тұқымға жатады, — дейді Қ.Ксупов.

Шаруа айтқандай, шын мәнінде қазір елімізде қазақтың ақбас сиыр тұқымын өсіруді қолға алған шаруа қожалықтары көбейіп келеді. Оның ішінде біздің облыстың да үлесі бар. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, ақбас сиыр тұқымы еліміздің далалы және шөлейт аудандарының табиғи жағдайына бейімделген. Түсі қызыл, басы, құйрығының ұшы, бауыры мен сирағы – ақ болады. Тез жетіледі. Кеудесі кең, аяқтары қысқа, өте берік келеді. Бұл тұқым негізінен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының шаруашылықтарында көп өсіріледі.

Қыдырбай Ксупов та ауыл шаруашылығының  маманы. Сондықтан ол төрт түліктің қайсысы көп өнім береді, қайсысы пайдалы екенін жақсы біледі.

  • Биыл жылдағыдай мемлекеттен берілетін субсидияны әлі алмадық. Аудан, облыстың ауыл шаруашылығы басшыларына талай рет барып, сұрадық. «Жақында береміз» деп бәрі шығарып салады. Субсидия берілмегендіктен биыл шөп шабуға, несие төлеуге жаңа төлдеген малымызды сатуға мәжбүр болдық. Егер субсидия уақытында берілсе, бізге көп көмек болар еді. Жазда шаруаларға облыс орталығына апарып, малының етін өткізу де оңай шаруа емес, — дейді ол.

 

«Абылайдың» қымызы

 

Шаруашылық иесі 2007 жылы мемлекеттен 10 миллион теңге несие алыпты. Сол қаржыға 168 жылқы сатып алған. Бүгінде сол жылқының саны 300-ден асып отыр.

Қазір шаруашылықта  50 бие сауылады. Оның қымызы облыс орталығындағы сауда орындарына апарып тапсырылады.

  • Қымыз өндіретін цехты осыдан бес жыл бұрын іске қостық. Қазір онда бір технолог жұмыс жасайды. Екі сауыншы күніне 180-200 литр қымыз сауады. Сұраныс пен тапсырысқа байланысты кейде одан да көп қымыз аламыз. Бес жыл бұрын 3700 долларға Мәскеудің «Промфит» фирмасынан арнайы құрылғы сатып әкелдік. Одан бөлек Түркияның «Турсан» фирмасынан шыққан бие сауатын аппаратты пайдаланамыз, — дейді Қ.Ксупов.

Шаруа алдағы уақытта Даниядан шығарылатын, биені тез сауатын екі вакуумды аппаратты сатып алғысы келетінін айтады. Алайда оның бағасы бүгінгі күні шамамен 4-5 миллион теңге тұрады.

  • Биенің сүті тез иіп, тез қайтады. Сондықтан оны иіп тұрған кезінде жылдамдықпен тез сауып алу керек. Қазір біз қолданып отырған түріктер шығарған аппараттың жылдамдығы жай. Сондықтан сауыншыларымыз көп жағдайда қолмен сауып, молырақ өнім алуды көздейді. Бүгінгі күні күніне 180-200 литр қымыз аламыз. Қымыз ашытқы құйылған соң бес мың рет ұрылып, ағаш күбіде піседі. Содан соң  жапсырмасы бар арнайы құтыларға құйып, сауда орындарына тапсырамыз, — дейді шаруашылық иесі.

Биыл «Абылайдың» қымызына облыс орталығындағы «Дина» сауда желісінің дүкендері мен «Табыс», «Аида» базарлары тапсырыс берген. Сондай-ақ «Шағала», «Бершүгір» шипажайларына да тапсырылады.

  • Ағаш күбілерді киікотымен ыстаймыз. Ысталған қымыздың дәмі ерекше болады. Облыс тұрғындары біздің өнімімізді жақсы алады. Сауда орындары мен шипажайларға

қымыздың бір литрін 500 теңгеге тапсырамыз. Сондай-ақ облыс орталығында өткізілетін  ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де қатысып, қымызымызды өзіміз де сатамыз, — дейді Қыдырбай Көкенұлы.

Оның айтуынша, цехта өндірілетін қымыздың жарамдылық мерзімі — екі ай. Осы уақытқа дейін қымыздың құрамындағы дәрумендер сақталады. Егер қымыз жылы жерде көп тұрып қалса, ашып кетуі мүмкін. Сондықтан оны көп жағдайда тоңазытқышта ұстаған жөн.

  • Қымызды ішудің де өз тәртібі бар. Асты қорыту үшін ащы қымыз ішкен пайдалы. Ал асқазаны ауыратын адамдарға ащы қымыз жақпайды. Оларға тұщы немесе саумал ішу керек. Сондай-ақ қымызды ішкенде 100-200 грамм ғана ішіп, ағзаны соған үйрету керек. Егер көп мөлшерде ішсеңіз, ішкі құрылысыңызға зиян болады. Ал қымыздың емдік қасиетін айтар болсақ, ол адамның күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырдың жұмысын реттейді. Қан тамырларын тазалайды. Жүйкені тыныштандырады, — дейді шаруа.

Әңгіме арасында шаруа қожалығының иесі ешкі сүтінен гөрі балаға бие сүтінің пайдасы мол екенін айтты.

  • Бұрын біз балаға «ананың сүтімен бірдей» деп ешкінің сүтін беретінбіз. Қазір ғалымдар ешкінің сүті майлы екенін, нәрестенің асқазанына жақпайтынын, ал бие сүті пайдалы екенін айтады. Жуырда біздің ауданға Алматы аграрлық университетінен бірнеше ғалым келіп, шаруашылықтарды аралады. Солардың ішінде биология ғылымының докторы, профессор Әсия Серікбаева біздің шаруа қожалығына келіп, қымыздың құрамын зерттеді. Оның айтуынша, түйе, сиыр, ешкі сүтін қайнатуға болады, ал биенің сүті қайнатуға келмейді. Іріп кетеді. Демек, оның құрамындағы дәрумендер жойылады. Сондай-ақ ол біз «саумал» деп жүргенжаңа сауылған сүтті қай кезде ішу керектігін, қай кезде саумал болатынын түсіндірді. Мәселен, сауғаннан кейін ашытқы құйылып, бір тәулік тұрған қымызды ғана ішуге болады. Сауылғаннан кейін ішілген бие сүті адамның асқазанына ауыр болады, — дейді Қыдырбай Ксупов.

«4 мың рулон шөп алдық…»

«Абылай» шаруа қожалығында қазір 1 комбайн, 2 «КамАЗ» көлігі, 5 «МТЗ-80» және «К-700» тракторы бар. Өз техникасының күшімен биыл қожалық жем шөбін жылдағыдай күн суытпай дайындап алған.

  • Биыл 2 мың рулон шөпті Алғадағы «АкТеп» жеке шаруашылық серіктестігіне шауып бердік. Өзіміз 4 мың рулон шөп дайындадық. Сонымен қатар биыл қожалық қасынан 26 гектар жерге бау-бақша егіп, күзде картоп, сәбіз, қырыққабат, қияр, қызанақ, тағы басқа көкөніс түрін жинап алдық. Өкінішке қарай, қазір ауыл адамдары жұмыс жасаудан қашады. Жастар егін егіп, мал баққысы келмейді. Ал сырттан келіп еңбек етуге құштар өзбек, қырғыз ағайындарды қожалықтар жұмысшы етіп ала алмайды. Осы тұста мемлекет тарапынан қолдау керек деп ойлаймын.

Қазір ауылда жұмыс көп. Еңбек еткен адамға барлық мүмкіндік бар. Тек оны игеріп, еңбектенетін шаруалар аз, — дейді шаруа қожалығының басшысы.

«Абылай» шаруа қожалығында қазір 10523 гектар шалғындық, жайылымдық және егістік жер бар. Қожалық Қарақобда өзеніне жақын жерде орналасқан. Сондықтан бұл шаруашылықтың өсіп, өркендеуіне барлық жағдай жасалған.

Алға қойған жоспарымыз көп. Қаражат болса, жұмыс күші болса, барлығын жүзеге асыруға болады. Қазір мемлекет шаруаларға жағдай жасап жатыр. Бүгінгі күні біз шетелден көкөніс, ет, сүт өнімдерін сатып алмауымыз керек. Керісінше, шаруашылықтар өз өнімдерін өзгелерге сатып, нарыққа шығаруы қажет. Сонда ғана біз дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз, — дейді шаруа.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button