Білім

Балдырған

Күнделік

Екі дүние есігін аштық

Киелі Түркістан жеріне — Мағжан ақын айтқан  «Екі дүние есігіне» туған ұямыздан 19 бала 4 ұстазымызбен 3 күндік экскурсияға шықтық.

Экскурсиямыздың мақсаты — «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша киелі жердегі бабалар кесенесінің тарихымен танысу және Құран бағыштап тағзым ету.

4.11.2009 жыл. №24 Ақтөбе-Алматы жүйрік пойызының 14-вагонына ұстаздарымызбен бірге жолсерік көрсеткен орындарымызға жайғастық. Пойыз үстінде Ақтөбе қаласындағы облыстық физика-математика мектеп-интернатының Шымкент қаласына экскурсияға бара жатқан балаларымен таныстық, ортақ әңгіме, пікірталас жолымызды қысқартты. Киелі шаһарға қалай тез келгенімізді де сезбей қалдық.

5.11.2009 жыл. Жергілікті уақыт 5.00-де Түркістан қаласына келіп түстік. Ұстаздарымыз тапсырыс беріп қойған «Газель» автокөлігі экскурсия жүргізушісімен бізді темір жол вокзалынан күтіп алды. Көлікке отырып, 70 шақырым жердегі Арыстанбаб кесенесіне келіп, мал сойдырып, ата-бабаларға құран бағыштадық. Баба кесенесінің басында тілек тілеп, құдықтан киелі су алып, қондық.

6.11.2009 жыл. Ертеңгі астан кейін, Түркістан қаласына беттедік. Жол-жөнекей Бесіктөбені көрдік. Бұл төбеге қар, жаңбыр жаумайтын ерекше қасиетті білдік. Жолда Гауһар ана зиратына соқтық. Құран бағыштап, құдығынан су ішіп, көп ауруларға ем екенін білдік. Емдік суынан ала қайттық. 70 шақырым жердегі Укаша ата кесенесіне бардық. Ол денесіне оқ, найза, пышақ өтпейтін киелі адам болған. Құран бағыштап, құдығынан су алып іштік және киелі судан ем болсын деп үйімізге су алдық.

7.11.2009 жыл. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келдік, Құран оқыдық. Қасиетті бабамыз бен оның кесенесі туралы көп әңгіме тыңдадық.Кесенені, музейді және қорғанды тамашаладық.

8.11.2009 жыл. №23 Алматы-Ақтөбе пойызына бет алдық. Сырт жерде жүргенде өз үйіңді, өз қалаңды сағынады екенсің. Бірақ баспасөзден оқыған, теледидардан тамашалаған киелі орданы көзбен көргенге не жетсін! Бұл әдемі көріністер, сиқырлы саяхат мәңгілік есімізде қалары сөзсіз. Ал саяхатты ұйымдастырған сынып жетекшіміз Мирамгүл Ашықбаева, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Жақсыбаева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Эленора Басмағанбетова, мектебіміздің медбикесі Несібелі Құлекешова апайларымызға шәкірттік алғысымыз шексіз.

Азамат ҮКСІКБАЕВ, Аман ТӨЛЕГЕНОВ, Ақан АЛДАНЫШ,

№4 орта мектептің 3 «а»-сынып оқушылары.

Шалқар қаласы.

Менің ертегім

Алма мен итмұрын

Алма мен итмұрын көрші тұрыпты. Бір күні итмұрын алмадан: «Сенің адамға қандай пайдаң бар?» — деп сұрапты. Алма: «Мен күзде әр түрлі боламын. Балалар менің түсіме қызығып алады. Менің пайдам — бір тамшы йод және витамин. Ал сенің қандай пайдаң бар?» — дейді. Итмұрын: «Мен адамдарға дәрі-дәрмек боламын. Мен қызыл моншақтар сияқты жайнап тұрамын», — дейді мақтанып. Алма: «Жетер осы мақтанғанымыз. Балалар екеумізді де алма-кезек қолға алады», — дейді. Итмұрын: «Жарайды, ұрыспайық, одан да дос болайық», — депті.

Осылайша алма мен итмұрын бірге өмір сүріпті.

Жадыра ӘКЕНТАЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Жасыл әлем

Құмсайдағы «борщов қызғалдағы»

Біздің Құмсай аулында көптеген қызғалдақ түрлері өседі. Солардың бірі — «Борщов қызғалдағы».

Ал қызғалдақтардың отаны — Орталық Азия. Ол түркі көшпенділері арқылы Азияның басқа бөліктеріне тарап, парсы, түрік мемлекеттері патшаларының сүйікті гүліне айналды. Қызғалдақ ХҮІ  ғасырдың ортасында неміс елшісі арқылы Германияға жетті. Осы кезден бастап Еуропа байлары арасында қызғалдақ ерекше құрметке бөленді. Ал голландиялық бай саудагерлер үшін қызғалдақ байлықтың белгісі болды. Тіпті осы гүлдің ерекше түрлері үшін бар байлығын жұмсағандар да кездесіпті.

Қызғалдақ — лалагүлдер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. 150-ге жуық жабайы түрлері бар. Оның 57 түрі Қазақстанда өседі. Бұлардың биіктігі — 3-50 см, сабағы жұмыр, тік өседі. Тамырымен жалғасқан буынында пиязшығы болады. Гүл қоршауы ақ, қызыл не сары. Жемісі — қауашақ.

Құмсай жерінде өсетін «Борщов қызғалдағы» — лалагүлдер тұқымдасының қызғалдақ туысына жататын көп жылдық жуашықты шөптес өсімдік. Торғай, Арал өңіріндегі құмды шөлдерде, Қызылқұмда, Құмсайда өседі. Биіктігі — 20-40 см. Жуашығы жұмыртқа тәрізді, ені — 2-4 см. Сабағын түк басқан жапырағы төртеу, олар кезектесіп орналасады. Сыртқа қайырылып бұйраланған. Қызғылт сары, қызыл, сия көк түсті гүлі — біреу, 6 аталығы, 1 аналығы болады. Тұқымынан көбейеді. Сәуір-мамыр айларында гүлдеп, мамыр-маусымда жемістенеді. Жемісі — үш ұялы, көп тұқымды қауашық.

«Борщов қызғалдағы» — өте сирек кездесетін өсімдік. Қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Ал Борщов кім?

Илья Григорьевич Борщов (19.07.1833-30.04.1878) — орыс ботанигі, химигі. 1868 жылдан Киев университетінің профессоры. «Материалы для ботанической географии Арал-Каспийского края» (1865) деген еңбегінде біздің өлкенің жалпы табиғатына сипаттама берген және оның флорасына ботаникалық-географиялық талдау жасаған И.Г.Борщов өсімдіктің 66 түрін картаға түсіріпті. Гүлді өсімдіктер жүйесі, өсімдік анатомиясы мен физиологиясы, колоидты химия саласынан бірқатар еңбектер жазған және қызғалдақты зерттеген. Сондықтан қызғалдақтың бұл түрі «Борщов қызғалдағы» деп аталады.

Альфия НУРУЛЛАЕВА,

8-сынып оқушысы.

Құмсай аулы,

Мұғалжар ауданы.

Оқушының өлеңі

Аяулы әжем

Ең аяулы ақ әжем,

Ұл мен қыздың бағы әжем.

Ертегі айтып бер десең,

Айтып берер тағы әжем.

Ақ жүректі нұр әжем,

Аман-есен жүр, әжем!

Гауһар ЗИНАДИНОВА,

Шұбарши орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button