Құқық

Судьялар съезі қарсаңында

Сот

 Қазақстан Судьяларының съезі сот жүйесінің дамуына орасан зор әсерін тигізетін маңызды жиын. Өйткені, съезде Мемлекет басшысы судьялар қауымдастығы алдына қойған тапсырмалары мен басым бағыттарды жүзеге асыру, сот жүйесінің одан әрі даму жолдарын жетілдіру, реформалау секілді өзекті мәселелер талқыланады.   

Бүгінде тәуелсіз, әділ сот құру — сот жүйесін дамытудағы  негізгі мақсаттың бірі. Онсыз  Қазақстанның экономикалық және  құқықтық кеңістігінің, конституциялық құрылымының, азаматтардың  құқықтарын сот арқылы қорғаудың сенімді болуы, күшті  сот билігінің  орнауы мүмкін емес.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары заң жүйесін тұрақты жетілдіру жолында, сот-құқықтық реформа аясында сот жүйесіне бірқатар маңызды  өзгерістер енгізілді.

Өзгерістердің ең алғашқысы және бастысы ретінде сот билігінің ел тарихында алғаш рет Конституция тұрғысында бекітіліп, биліктің үш   тармағының біріне айналғандығын айта кету керек.  Соның негізінде  Қазақстанның сот жүйесі судьялардың халықаралық ассоциациясына қабылданды, бұл Қазақстан Республикасының сот жүйесін халықаралық судьялар қауымдастығы мойындағанын  білдіреді.

Мемлекет басшысы Судьялардың VI съезінде судьялар қауымдастығының сот төрелігін атқарудағы басты міндеттерінің бірі — Қазақстанның судьялар корпусының кәсіби біліктілігін арттыру екендігін атап өтті. Бұған қоса, азаматтық істерді қарауды реттейтін жаңа азаматтық процестік кодексті қабылдауды тапсырды. Бұл ретте, Елбасы бұл кодекстің басты міндеті — соттағы іс жүргізуді оңтайландыру, халыққа қолжетімді және істердің қысқа мерзімде қаралуына қол жеткізу, заманауи технологияларды кеңінен қолдануға және тараптарды келісімге келтіруге негізделуі тиіс екендігіне баса назар аударды.

2015 жылғы 31 қазанда Елбасы Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік Кодексіне қол қойды. Бұл  кодексте азаматтық іс бойынша соттағы іс жүргізудің басты қағидаттары, соның ішінде, сот жүйесінің үш буындылығы, сот актілерін қараудың кезеңділігі, соттар мен судьялардың мамандануы, іс жүргізудің бірнеше түрлерінің болуы секілді  негізгі институттар сақталған.

Қазіргі кезде судья қызметіне тағайындауда жариялылық пен  ашықтықты қамтамасыз ету үшін үміткерлерді конкурстық негізде іріктеу, оларды міндетті түрде тағылымдамадан өткізу жүзеге асырылады. Осылайша сот жүйесінің кадрлық әлеуетін қалыптастыру бойынша қажетті құқықтық негіз жасалып отыр.

Судьялардың мамандандырылуын, сот өндірісін жетілдіру мен жеңілдету, заңдарды жетілдіру, сот билігінің  беделін көтеру үшін алынатын қажетті шаралар, соның ішінде, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнату және сот өндірісінде ақпараттық технологияларды пайдалануды кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының басты назарында.

Республикадағы сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығының бірден-бір көрінісі —  ол жаңа инновациялық технологиялардың енгізілуі. Шағымдарды электронды түрде қабылдау, SMS хабарламаларды қабылдау, компьютерлік техникалар мен бейнебайланыс жүйесін қолдану  уақыт талабына жауап береді.

Сот жұмысында автоматтандырылған электрондық технологияларды енгізу, сот отырыстары өтетін залдарды аудиобейне түсірілімдермен   жабдықтау азаматтардың сотқа деген сеніміне  оң әсер етті.

Сот корпусы алдында тұрған басты міндет — сот төрелігін атқарудың сапасын арттыру. Сот имиджінің әлеуетіне қол жеткізу үшін  сот билігі Қазақстан Республикасындағы ұйымдар мен азаматтардың  жоғалған сенімін қайтарып, Конституция мен Заңның орындалуын  қамтамасыз етуі керек.  Халық сеніміне  заңды сот актілерін  шығару мен сот төрелігін сапалы атқаруды  жетілдіру  жолымен қол жеткізуге болады.  Жыл сайын  азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін соттарға  жиі  жүгінуі  азаматтардың сот жүйесіне деген сенімінің  артқандығына  дәлел бола алады. Алайда, бұл судьялардың жүктемесін көбейтуге әкеліп соқтырады. Сол себепті бүгінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты дауды реттеудің соттан тыс институттарын дамыту мен  дауды шешудің баламалы әдістерін енгізуге көңіл бөліп отыр.

Сот жүйесіндегі соттардың VI съезінде қойылған міндеттерді шешу бойынша тұжырымдамалық және жүйелі жұмыстарды жүргізу әлі де жалғасуда.

Республика соттарында  кадр саясатын жетілдіру және судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары одан әрі жалғасын табуда.

Гүлдана СУХАНОВА,

Ақтөбе қалалық сотының судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button