Ауыл

«Туған жердің» бір демеушісі — несие

Мемлекеттік бағдарлама

«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дегендей, ауданымызда соңғы жылдары шаруалар осындай ұранмен аша тұяқтыны едәуір көбейтіп жатыр.  Олардың арасында Ақтөбеден келіп, қой түлігін өсіруге ден қойған кәсіпкерлер де бар. Соның бірі — Қиыл өзенінің бойындағы Шолақмолда деген жерде өз шаруашылығын дамытып отырған «Туған жер» шаруа қожалығы.

Шаруа қожалығының басшысы — бұрынғы Қиыл ауылының тұрғыны, қазір Ақтөбе қаласында тұратын Серік Орынғалиев. Шаруа ауылдың түтінін аңсап елге оралып, алғашында 300 қой түлігін өз қаражатына алған. Қазіргі уақытта түлікті күтіп-баптап, алдағы жылдары оның санын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстарды қолға алыпты. 300 қой 5 жылдың ішінде үлкен отарға айналды. Қазіргі таңда Серіктің қожалығында 2000-нан астам асылтұқымды қой бар. Еті мол, алып қойлардың біразын ол тірідей сатып, табыс табуда. Өйткені қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойын өсіру аса тиімді. Шаруаның айтуынша, сатып алушылар аудандардан келеді. Алдағы уақытта асылтұқымды қойлардың санын әлі де көбейтуді көздеп отыр.

Мен 2009 жылы «Туған жер» шаруа қожалығын құрдым. 2010 жылдан бастап шаруа қожалығы өз жұмысын бастады. 2011 жылы өз қаражатыма Ойыл ауданынан қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойларын сатып әкелдім. Шаруашылығымызда 2 трактор, 1 шынжыр табанды трактор мен пресс бар. Осы дүниенің басын құрап, елден озып кетпесек те, қатардан қалмай тырбынып жатырмыз. Қазір «мен жұмыс істеймін» деп құлшынып тұрған адам болса, мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. «Мүмкіндік аз, қамқорлық жоқ» деп жылаудың еш реті жоқ. Ниет болса, өз шаңырағымның берекесін кіргізіп, шаруашылығымды дамытамын дейтін ықылас болса, қалғанының бәрі бар, — дейді шаруа. 

Серік малының саны артқасын еңселі мал тұрақтарының құрылысын бастап, екі үлкен баз салған. Қысқы мал азығын да өзі бас-көз болып шауып алады. Қазіргі кезде ол шөп дайындаудың қамымен жүр.
Кәсіпкер осыған дейін де жеке кәсіппен айналысып келген. Бертін келе өз-өзін қамтамасыз етуші ретінде мемлекеттен несие алған. Қойдан бөлек ірі қара да өсіреді.

Мені коммерциялық несие мен оның шарттары бірден қызықтырып әкетті. Шаруаларға жасалатын тиімділігі мол, жағдай да жақсы. Осыны пайдаланып, шаруашылығымыздағы мал бағытын ширата түсуді ұйғардық. 2015 жылы коммерциялық несие ретінде берілген 15 миллион теңгеге Орал қаласынан әрқайсысының құны 400 мың теңге тұратын 40 ақбас асылтұқымды сиыр сатып алдым. Алдағы уақытта одан төл алып, мал басын көбейтпекпіз. Биыл Оралдан 330-370 мың теңгеден асылтұқымды екі бұқа да сатып алдым. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың да шапағаты мол болып тұр. Қазір ірі қараны өзіміздің шаруа қожалығына қосып бағып отырмыз, — дейді шаруа.

Қазір бұл қожалық өзінің отбасынан бөлек, ауылдан және сырттан он адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар ірі қара малы мен қойды бағып, баптап, күтумен айналысады. Жұмысшылар баспанамен қамтылған. Алдағы уақытта шаруаның мал ұстайтын арнайы нысандар салу жоспары бар.

— Несиеге алған малымды төлдетіп, өсіріп, сатып, несиені сол малдың төлі арқылы өтеймін. Төлін тапсырғаннан кейін мал өзіме қалады. Қарапайым есепке сүйенсек, бағдарламаға сәйкес несие алып, оған мал саудалап, ұстаған жан ұтпаса, ұтылмайды. Жем мен шөп жеткілікті. Шөпті өзіміздің шабындық жерден шауып алсам, жемді сатып аламын. Аталған бағдарламаларға сай несие алу ерінбей еңбек еткен адамға пайдасы зор деп білемін. Несиені мақсатты пайдаланып, балаларымның болашақта бақуатты тұруына жұмсаймын. Осынша малға арналған екі баз бар. Алдағы уақытта тағы бір баз салсам деп жоспарлап отырмын. Ауылдағы ескі құдық бар, мал содан шыққан суды ішеді. 6000 гектар жайылымдық және шабындық жерім бар. Есебін тауып жұмыс істесе, пайдаға шаш етектен кенелуге болады. Бұл мемлекеттік бағдарлама да біреуден қарызға алған ақша сияқты, келісімді мерзімде қайтарасың. Мен де алған несиемді, бұйырса, уақытында қайтарып беремін. Бұған қоса жалықпай жұмыс істеп, несие арқылы өзімнің отбасыма қосымша пайда табуға тырысамын, дейді кәсіпкер.

Шаруасы өрге басып келе жатқан шаруа қожалығының басшысы өз шаруашылығының жайын айта келіп, шалғай ауылдарда әлі де енжарлықтың бар екендігін айтып қалды. Ол мал бағып, оның өнімінен пайда тапқан адамға, еңбек еткен шаруаға барлық мүмкіндік бар екенін, сондай-ақ ол мал өсірудің табысты болуының бір сыры мал азығын өзі дайындауында екенін айтты.

Қазір шаруа қожалығы қолдағы малдың қысқа қажетті шөбін ешкімге алақан жаймай, түп-түгел өздері дайындайды.Әйтпесе, қолында техникасы жоқ адамның қыр асып кетуі қиын. «Туған жер» шаруа қожалығының иелігінде бүгінде 6000 гектар жер бар. Қысқы шөпті осы алқаптардан орады. Оның үстіне қожалық ауылдың оны-мұны мұқтаждықтарын шешуге де белсене қатысады. Ауылдағы қар аршып, Наурыз мерекесінде ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысады. Қаржылай да, техниканың көмегімен де көмектесіп тұрады.

Шаруа қожалығының ендігі алға қойған мақсаты — қолда бар малды өз төлі есебінен көбейту, будандастырып асылдандыру. Сондай-ақ, шаруа алдағы уақытта асылтұқымды бұқаларды да жаңартып отырмақ.

 Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,

Қобда ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button