Әлеумет

Алтай Тайжановқа сәлем хат

Қарсы пікір

Жай мұғалімнен ардақты, оқытушыдан салмақты, алпысты алқалаған, талай атақ арқалаған замандасқа сәлем.

«Ақтөбе» газетін көріп… қайран қалдық.

Кеше күлі көкке ұшқан империяның марксистік-лениндік философиясының нанын жеген адам ғой. Марксизм-ленинизм методологиясының іргетасы болған атеизмнің (а – жоқ, тео – құдай) сойылын соққан оқытушы ғой. Партбилетінің ызғары жүрегінде мұз болып қалған ғой, қайтсін?.. Осындай аяушылық  білдірдік…

Оқығаны емес; танымаған, түсінбеген тақырыпты неге қозғаған? Пікірталастың негізі болған сөздердің мағынасын сөздіктен тексермеген несі?

«Қасиетті кітап кез келген адамға қол жетімді болмайды», — депсіз. «Қол жетімді» деген біз оқымаған жерден келді. Шамасы, ол кітапты ұстамау керек. Бірақ Құран — кітап, кітапты оқу керек. «Иқра» — «оқы» деген түбірден болған араб сөзін қазақ тілінің оқытушысы қайдан білсін? Әлем ғалымдары оқып, зерттеп жүрген Құранды неге оқысын? «Құран — бүкіл адамзат білімінің квинтэссенциясы!» деп тамсанған академик француз Морис Бюкай сөзі сізге түк емес қой.

Құран — мұсылмандардың, Бір және Бар Жаратушымызға сенген, сыйынған, ақыл есі дұрыс, балиғатқа толған, бас еркіндігі бар (құл емес), иман иесі басшылыққа алып өмір сүретін, әлем сырларын танып, «нағыз адам», «кәміл адам» (Абай) дәрежесіне жеткен кісінің қасиетті оқулығы.

Бірақ бұл — сіз оқымаған пән. Сондықтан «хиджаб тарту үшін Құранды араластырмау керек», дейсіз. Хиджаб — орамал емес. Оны тартпайды. Оны киеді. Өзіңіздің қалта кітабыңыз болған «Словарь атеиста» (Москва. 1988.) түсіндіреді: «Хиджаб араб. покрывало, занавес, название любого вида женской уличной одежды, скрывающей фигуру…». Хиджабты киюге Құранда бұйырған.

Исламды қабылдаған әйел бала оны да қабылдайды. Хиджаб — арабтың, Пәкістанның, түріктің киімі емес. Және ол — классикалық плащ, көйлек, туника, костюм үлгілері; талғамды, мәдениетті, білімді әйелдің әр елде салтанатты жиындарда да, күнделікті тірлікте де киетін киімі. Білгіңіз келсе, соңғы жылдары модельерлер өте ұзын — «макси в пол» — сән үлгілерін ұсынып жүр. Сізге ұнамайтынын білмеген ғой.

Орамалға келсек, шаршы, кәсенкі, шәлі, жаулық, күндік, кимешек, шаш қап, арабша — джильбоб, химар, т.б. бар. Оларды тағуда еш айырмашылық жоқ. 90-95 жасында дүние салған әкеміздің апалары әуелі маңдай орамал түріп байлап, сыртына жағынан шашақтысын тартып отыратыны көз алдымызда. Ал қыз баланы қазақ орынсыз еркелетпеген. «Еркеден жынды жақсы», «Еркең екеу болмас», «Қызға қырық үйден тыю» — дейді қазақ. Белгілі жасқа жеткенде, көйлек кигізіп, белін буып, «бой жетті», «ес кірді», «етек жапты», «ұят болады» деп, биязылыққа, сыпайылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеген. Бала кезімізде шашымызды тастай өргізіп қоятын. Ал үй шаруасына жұмсағанда міндетті түрде орамал тартқызатын. Тамақтан, шайқаған майдан, тартқан қаймақтан, сүзбеден шаш, қылшық шықса —  масқара, демек, әйелдің салақ, нас болғаны. Бұл — гигиена. Тазалық. Бөпе жұбатқанда, кеште сыртқа шыққанда, құдыққа суға барғанда, жалаңбас жүруге тыйым салынатын. Бүгін де аяулы апаларымыз орамалсыз жүрмейді. Тәрбиелі қыз бала шашын жайып көшеге шықпайды. Оның жаман ырым екенін біледі. Қыздың қызыл орамалы, қалыңдықтың ақ желегі, әженің ақ жаулығы — олар нәзік жанның қорғаны, пәктігі, тазалық белгісі, сәні. Мысалы, орыста да «опростоволоситься» деген ұғым бар, яғни орамалсыз болу — ұятқа қалу, масқара болу деген сөз. Ақын М. Лермонтовтың «Песня про купца Калашникова» поэмасы осыны көрсетеді.

Комсомол қыздардың орамалын шештірген, шашы мен көйлегін қысқартқан большевиктердің «Бір стакан су» теориясы жалғызілікті аналар және тастанды балалар мен жасанды түсік проблемасын қоғамға мәңгілік сый қылып қалдырды.

Гитлеризмнің идеологі Геббельс 1942 жылдары, «тұтқындалған совет қыздарының басым көбінің ары таза, бұл елді оңай жеңе алмаспыз» — деп қайғырған. Бүгінде, мәліметтерге сай, жасанды түсіктердің жартысын тұрмысқа шықпаған жас қыздар жасатады екен, олардың арасында тіпті мектеп жасындағы қыздардың да көп екені дәлелденіп отыр.

Философияда қарама-қарсылардың бірлігі мен күресі — «единство и борьба противоположностей» — деген заң бар еді ғой? Қоғамның бір бөлігі (сізге өте сүйкімдісі) көшеде, көлікте, сахнада, экранда шала жалаңаштанып, жағажай киімімен шыға келгенде, қыздар, келіншектер, тіпті сарқарын бәйбішелер де жасампазданып, шешіне бастады емес пе? Тар шалбар мен күртелер ұлттық киімімізге айналғандай. Киген де ұялмайды, жұрттың да көзі үйренді.

Ал ақылды қыздар, ибалы келіншектер, түйгені мол апайлар орамал тағып,

етек-жеңін түзеп, жаманнан жиреніп, пенденің міндеті — намаз үйреніп, мешіттерге бет алды. Шынайы пәк арулар, арын сақтаған перизаттар, ешкімге қолмайлық болғысы келмей, ақ бақытын іздеген қыздар —  Жібек пен Баян сұлулардың мұрагерлері. Олар ойынқұмар ағайлардың анекдоттарын тыңдамас, пикниктерге ере қоймас, мейрамханаға қызықпас. Олардың іздегені — Білім, оқығаны — Құран, үлгі еткені — Ақ Жаулықты Ақ Әжелер.

«Орамал тағу баланың психикасына соққы» — дейсіз. Ал мас әке, құдайсыз боқсақал ата, ертегі білмейтін бұйра бас әже, шала жалаңаш ана,

зорлық-зомбылықтың жаршысы болған теледидар — соққы емес пе?

Президент : «Ислам тек дін емес. Ол — біздің мәдениетіміз» — десе, Сіз: «дінді ұстаймыз ба, ұстамаймыз ба, өз еркіміз», — дейсіз. Парасат көзі болмаса, жүрекке нұр қонбаса, не шара?

«Ұлтымыз — қазақ, дініміз — ислам. Сондықтан Қасиетті Кітабымыз — Құранды насихаттауды ұмытпауымыз керек» — деп; «Жастарды тәрбиелеуде исламның құндылықтарын пайдалану керек» — деп, соқырға таяқ ұстатқандай айтылған Елбасы сөзін құлаққа ілгіңіз келмейді. Адаспаңыз, профессор. Зерттеп жүрген Абайдың «Ғақлиясын» қайта оқып, түсініп, жақсылыққа ұмтылып, тілді кәлимаға келтіріп, дәрет алып, Құранды тануға келіңіз. Мұсылман болу, пәк қыздың әкесі, ибалы келіннің атасы, иманды шәкірттің ұстазы, бақытты елдің азаматы болу бақытына жетейік, замандас.

Сәлеммен,

өз жерлестерің, апа-қарындастарың,

«Нұрдәулет» мешітінің жанындағы медресе шәкірттерінің атынан зейнеткер ұстаз, қажы Ақзипа ТӨРЕМҰРАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. Оте дурыс. Апамыздын айтуы оте орынды. 100 пайыз дурыс адам жок. ол агай канша жерден профессор болса да кателесуи занды. Сол кателесулеринин бири осы дин тургысынан болып отыр.
    Алланын амирине, Кураннын созине карсы келуи дурыс емес, ол – адасушылык!?

  2. Қайдам! Ақзипа апа да ибалы мұсылман әйеліне тән емес қылық көрсетіп отырғанын байқамаса керек! Кей жағдайда өзіңіздің де сөз түсіне алмайтындығыңызды осы мақаладан көріп отырмыз!

  3. Қазіргі қазақ қыздары мен ер балаларынын дінге бет бұрғандығы адам қуантарлық,бірақ бастарына қара орамал тағып устріне қара жамылып жүрген жастарды коргенде жағаңды ұстайсың.Қазақ ешқашанда қара жамылмаған қыздай құлпырған қызына қызыл орамал,келініне ақ орамал таққызған.Неліктен дін жолында жүрген  жастарымыз бұрынғы қазақы салт дәстүрге сай қазақ койлегі мен кимешек,сәукелемен жүрмеске күшті болса.Әжем намазын қаза кылмай етегін ашпай ,қара орамал емес  ақ кимешегін киіп дүниеден өткен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button