Ауыл

Темір ауданы

Мемлекеттік бағдарлама

 БӨДЕНЕ ЖҰМЫРТҚАСЫНА СҰРАНЫС КӨП

 Қазір ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттің қаржылай қолдауын тиімді пайдаланып, құс өсіруді кәсіп көзіне айналдырушылар көбейіп келеді. Солардың қатарында Шұбарқұдық ауылының тұрғыны Есенбек Ахметов те бар. Жас кәсіпкер құс асырау үшін жыл басында «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 1 млн теңге несие алған болатын.

Қазір Есенбек сол қаражатқа екі жүздей бөдене, жүз «Линда», «Корганский», «Тамбовский»   қаздарын және елуге жуық «Бройлер» етті тауығын алып, бағып жатыр. Алғашқылардың бірі болып құспен айналысып жатқан жас кәсіпкердің мақсаты жоғары сапалы қаз еті мен адам денсаулығына аса пайдалы бөдене жұмыртқасын тиімді бағамен сатылымға шығару болып отыр.

— Малды қазір екінің бірі ұстайды, сосын ерекше кәсіп қой деп құс шаруашылығымен айналысуды жоспарладым. Жоспарымды жүзеге асыру үшін «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасынан несие алып іске кірісіп жатырмын. Несиені 6 пайызбен төрт жылға деп алдым. Алған несиені 6 айдан кейін қайтара бастау керек, оған дейін аяққа тұрып кетуге мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге біраз мүмкіншіліктер жасалып отыр, — дейді Есенбек.

Инвестиция

2002 жылдың 1 қаңтарына 38450 мың теңгеге инвестиция тартылса, 2016 жылдың 6 айында ауданға жалпы 3 млрд 330 млн теңге көлеміндегі инвестиция тартылды.

 

Үй шаруашылығында өсіріліп жатқан, өздері «жапон» деп атайтын бөдене балапандарының алды 50-60 күннен соң жұмыртқа бере бастапты. Бөдененің жұмыртқасына сұраныс көп екен. Бірақ күннің салқындауына байланысты бөденелер жұмыртқалауды бәсеңдетіпті. Күніне 30 жұмыртқадай алады, қосымша қаладан әкеліп, 25-30 теңгеден сатып жатыр.

— Бөдене тым кінәмшіл, нәзік құс болғандықтан оған ерекше күтім керек. Дәрумендерден тұратын арнайы жемін сатып алып береміз. Екі жүзден астам бөдене жұмыртқасы сиятын инкубатор алып қойдық. Бірақ онымен шығаруға әзір жұмыртқа ауысып жатқан жоқ. Алдағы уақытта бөденені инкубаторлық жолмен мыңға жеткізіп, жұмыртқасы мен етін сатпақ ойымыз бар.  Адамның иммунитетін көтеретін бөдене жұмыртқасына сұраныс көп. Жұмыртқасы қаназдық, бас ауруы, демікпе, өкпе ауруы, қан қысымы, асқазан, ішек аурулары сияқты ауруларға ем көрінеді, — дейді

Е.Ахметов.

Есенбектің ауласында қаздардың да не түрі жайылып жүр. Соның ішінде асылтұқымды «линда» қазын өзі мақтан тұтады екен.  Бір күндік кезінде алынған балапандар қазір екі айдан асыпты. Етті бағыттағы қаздың бұл түрінің салмағы қазірдің өзінде 6-8 кем болып отыр, негізінен 12 келіге дейін ет беретін көрінеді. Әр балапанды 1300 теңгеден алыпты. Бұлардан басқа «Корганский», «Тамбовский» деп аталатын қара ала қаздар да жүр. Ал ұсақ тауықтардың қасында жүрген етті «бройлер» тауығының ерекшелігі тез өсетіндігінде және жем шығынының аздығында болып отыр.

— Енді етті тұқым саналатын канадалық «брама» тауығын асырасам деп отырмын. Ол тауық қалада құс өсірумен айналысатын Байдалы ағамда бар. Жұмыртқасының өзі 700 теңге екен. Ерекше бап талғамайтын, суыққа төзімді бұл тауық қыста да жұмыртқалай береді, — дейді кәсіпкер.

«Жұмыс жоқ, не істеймін»  демей тәуекелге бел буған Есенбектің ісі қазір көпке үлгі болып отыр.

 М.КЕМЕШОВ.

 

Мәдениет

Ауданда 13 мәдени нысан, 14 кітапхана, 1 мұражай тұрақты түрде жұмыс жасайды.

Саладағы 28 нысанның 25-і Тәуелсіздік жылдарында салынды.

Аудан бойынша барлығы 85 үйірме жұмыс жасайды. Бірнеше отбасылық ансамбльдер мен би ұжымдары,  әжелер хоры үлгілі атақтарын қорғады.

Темірлік жас ақын  Ершат Қайболдин республикалық ақындар айтысынан жүлделі орын алса, «Алтынай» үлгілі би тобы халықаралық байқаудан бас жүлдені иеленді.

 

Әлеумет

 ТОЛАССЫЗ ТІРШІЛІК: НЕСИЕ, ЖҰМЫС ОРНЫ, КОНЦЕРТ, АЙТЫС…

 Қандыағаш, Байғанин аудандарымен шектесетін, Атырау, Ақтау қалаларына қарай өтетін теміржолдың бойында орналасқан Темір ауданында қазір 37662 тұрғын болса, оның 17 мыңы аудан орталығы Шұбарқұдықта шоғырланған.

Ауданда шағын және орта бизнес саласында қазір 3661 адам жұмыс істейді. Аудан орталығындағы «Ар-Амир», «Дәулет-Дамир», «Ардақ», «Гүлназ» сияқты азық-түлік дүкендері азықтық өнімдерді халыққа арзан бағамен сатады. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы несие алып, өз кәсібін ашамын деушілерге мол мүмкіндіктер қарастырылған. Ауыл шаруашылығы саласында «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға» сынды мемлекеттік бағдарламалар негізінде кәсіп қыламын деушілерге шағын несиелер беріліп, осы бағытта шаруашылықтарын жандандырып отырған адамдар аз емес. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан есепті кезеңге мал шаруашылығын қолдауға 25 млн 800 мың теңге субсидия төленді.

Шағын және орта бизнес

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде  ауданда шағын және орта бизнестің 1532 субъектісі тіркелген, бұл салада  3280 адам қызмет жасайды.

2016 жылы барлығы 5900 гектарға егін егу жоспарланса, оның ішінде 1650 гектар жерге арпа,  550 гектарға тары, 4000 гектар жерге бір жылдық және көп жылдық шөптер егілді. Бау-бақша егемін деушілерге Ойыл өзенінің бойынан жер де берілді. Аудандағы жастар жағы аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы жастар тәжірибесіне жұмысқа орналастырылды.

Ауданда биылғы жылы 450 жаңа жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы — 2020», «Бизнес регион», «Жұмыспен қамту — 2020: жол картасы» бағдарламалары арқылы ауданға бөлінген 194 млн теңге несиелерге беріліп, жақсы игеріліп жатыр.

Білім саласына келетін болсақ, биыл Ақсай ауылдық округіндегі Н.Байғанин атындағы мектеп балабақшасы мен аудан орталығындағы №4 орта мектеп және Оқушылар үйі күрделі жөндеуден өтіп, мектептерге жаңа жиһаздар алынды. Аудан бойынша 27 мектепке 6572 бала баратын болса, оның 788-і бірінші сынып табалдырығын аттағандар.

Ауданымызда оқушылар үйі, көркемсурет мектебі, спорт, саз мектептері тұрақты жұмыс жасап, балалардың сүйікті орындарына айналып отыр. Қазір спорт мектебінде 926 бала жаттығады.

Биыл аудан орталығында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаевтың 60 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысы өтіп, онда бас жүлдені жерлесіміз Ершат Қайболдин жеңіп алды. Дүбірлі додаларда облысымыздың намысын қорғап жүрген жас ақын республикалық ақындар айтыстарында да топ жарып жүргені көпшілікке әбден мәлім.

Аудандағы жастар ресурстық орталығы жастармен жүйелі түрде жұмыс жасап, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына ұйытқы болып отыр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай биылғы жылы концерттер ұйымдастырылып, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері облыстық деңгейде, арасында республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болып келеді.

 Б.САҒЫНДЫҚОВА,

Темір ауданы.

Білім

 44 ШӘКІРТІ «АЛТЫН БЕЛГІ» АЛҒАН ГИМНАЗИЯ

 Шұбарқұдық гимназиясының тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолы, асқан асулары мен бағындырған белестері бөлектеп айтуға тұрарлық. Аудан орталығында орналасқан бұл білім ордасында 257 оқушы білім алып жатыр.

Он бес жылдық тарихы бар Шұбарқұдық гимназиясы осы уақыт ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап өтер болсақ, 2001-2002 оқу жылынан бастап аудандық деңгейдегі оқушылар олимпиадасында «Лидер мектеп» атанса, 2004 жылы «Әдемі мектеп» байқауының халықаралық деңгейдегі жүлделі екінші орнын жеңіп алды. «Дарын» РҒПО және Ақтөбе облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен екі рет, 2007 жылы «Дарынды балаларды анықтап, дамытудың қолдау көрсету жүйелілігі» тақырыбында, 2014 жылы «Бейінді-бағдарлы білім берудегі элективті курстардың тиімділігі» тақырыбында республикалық семинарлар ұйымдастырып, өз іс-тәжірибесін көпке таныта білді.

Білім беру

1991 жылдан бастап білім беру саласына бірнеше реформалар жүргізіліп, білім сапасы айтарлықтай өсті.

Ауданда  27 мектеп, 11 балабақша, 4 қосымша білім беру ұйымы, 1 отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті жұмыс жасайды.

Тәуелсіздік жылдарында 27 мектептің 14-і, 11 балабақшаның 5-еуі жаңадан салынды.

Мектеп ұстаздары көптеген жетістіктерге қол жеткізді. 2009 және 2010 жылдары гимназияның 17 мұғалімі облыстық грантқа ие болып,  «Үздік мұғалім» сертификатын иеленді. Шәкірттер де ұстаздарынан қалыспай білімділіктерін көрсете білді. Жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, облыс көлеміндегі үздік мектептер қатарынан табылып келеді.

— Бұл жетістіктер, әрине, ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың білуге деген құлшынысының арқасында мүмкін болып отыр. Мектепте мұғалімдердің шеберлігін шыңдауға да, шәкірттердің сабаққа алаңсыз дайындалуына да барлық жағдай жасалған. Интернатта жатып оқитын оқушылар да алаңсыз білім алып, нәтижесінде 2008, 2009 және 2010 жылдары облыстағы «Үздік инновациялық мектеп» атағын иеленді. 2013-2014 оқу жылындағы ҰБТ қорытындысы бойынша республика, облыс көлемінде үздік мектептердің қатарынан көрініп, облыстық деңгейдегі «Үздік білім беретін педагогикалық ұйым» грантын иеленді, — дейді гимназияның директоры Дидар Алмағанбетова.

Гимназия оқу-тәрбие үрдісінің жұмыс жоспарына сәйкес 1-11 сыныптар аралығында ата-аналар мен оқушылардың сұранысына орай оқытудың қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытында жұмыс жасайды. 2001 жылдан бастап мектеп бітіруші түлектердің 44-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, 18-і «Үздік аттестатқа» ие болса, барлық түлектердің 87 пайызы мемлекеттік грант бойынша жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырып, түрлі ғылым салаларында қызмет атқарып жүр.

Міне, аз уақыт ішінде гимназия осындай биіктерден көрініп отыр. Шәкіртке деген сүйіспеншілік пен ұстаздар бойындағы жақсы қасиеттерді астастыра білген білім ордасының әлі талай асулардан асарына сенеміз.

 Өтебай ЖАҢЫЛСЫН,

Темір ауданы.

Спорт

 ДИДАР — АҚТӨБЕДЕ, СӘНДІБЕК — АЛМАТЫДА

 Соңғы жылдары Қазақстан халқының отыз пайыздан астамы спортпен шұғылдануы керектігі баса айтылып, бұл шараны жандандыру бағытында талай іс қолға алынды.

Темір ауданында бұл күнде 37662 тұрғын болса, оның 9400-і, яғни 24,96 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысушылар қатарында екен. Ауданда тоғызқұмалақ, шахмат, дзюдо, самбо, еркін күрес, волейбол, футбол сияқты спорт түрлері қарқынды дамып келеді.

Солардың ішінде ерлер арасындағы самбодан Темір балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Исатай Асқанбайды мақтанышпен айтуға болады. Ол 2010-2012 жылдар аралығында самбодан өткен Азия чемпионатына екі мәрте қатысып, ауданға бірінші орынмен оралды. Сол үшін Исатайдың бапкері Сағынтай Ыңғаевқа әкімшілік тарапынан Шұбарқұдықтан пәтердің кілті берілді.

Спорт

Ауданда орталық футбол алаңы — 1, спорт алаңы — 35, спорт залы — 24, теннис корты — 7, футбол алаңы — 29, хоккей корты — 3.

Спортпен тұрақты шұғылданушылар саны — 9357.

Ал ұлттық спорт түрі — тоғызқұмалақтан ардагер спортшы Төлеген Жүсібалиев Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, спорт ардагерлері арасында өткен тоғызқұмалақ ойындарының жеңімпазы атанса, еркін күрестен Амандық Бақиев бірнеше рет ҚР чемпионатының жеңімпазы, халықаралық турнирлердің жүлдегері атанды.

Дзюдо жаттықтырушысы Есет Орынбаевтың шәкірті Сәндібек Теңгелов Орал, Қарағанды қалаларында өткізілген халықаралық турнирлердің чемпионы, Тараз қаласында өткен байқаудың үшінші орын иегері. Ол 2016 жылдың ақпан айында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында үшінші орынды қанжығасына байлады. Қазір дзюдо күресі бойынша спорт шеберлігіне үміткер палуан Алматы қаласындағы спорт колледжінің мектеп-интернатында, 11-сыныпта оқиды.

Ал Шұбарқұдық кәсіпшілігінде дүниеге келген Дидар Жалмұқан 2009 жылы алғаш рет футболдан 1996 жылы туғандар арасында өткен ҚР чемпионатында «Ақтөбе» құрама командасының сапында ойын көрсетіп, ҚР чемпионы атанды. Осы құрамада ойын көрсетіп жүрген ол бірнеше рет ҚР кубогының иегері атанып, 2015 жылдан бастап 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрама командасының ойыншысы, «Ақтөбе» командасының капитаны атанды.

Ерлер арасындағы волейболға келсек, ауданымыздың түлегі Айбат Неталин бірнеше рет облыстық ойындардың жеңімпазы атанды. 2010 жылдан бастап «Атырау» волейбол клубының ойыншысы. Жоғары лигада ойнап, 2013-2015 жылдар аралығында екі мәрте бірінші орынды иеленсе, Өскемен қаласында өткен үшінші тур ойындарының «Үздік ойыншысы» атанды. Биылғы жылдың тамызынан бастап ол «Алматы» волейбол клубының ойыншысы.

Бірнеше дүркін облыс чемпионы, ҚР чемпионатының жүлдегері атанған  Марат Ерік қазір осы еркін күрес бойынша спорт шебері.

Үздіктер қатарынан көрініп, елге танылып үлгірген спортшылар бізде аз емес. Облыс әкімінің бұқаралық спортты және кәсіпқой футболды дамыту жөніндегі нұсқауына сәйкес ауданымызда биыл «Темір» футбол лигасы құрылып, округтердің 2002-2004 жылдары туған жасөспірімдері арасында 12 команда жасақталды. Бүгінде олар бекітілген кесте бойынша өзара кездесулер өткізіп жатыр.

Ауданда мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тартып, жарыстарға қатыстыру мақсатында шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Аудан спорты осылайша даму үстінде.

Б.САҒЫНДЫҚОВА,

Темір ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button