Спорт

Зульфияның алтыны

Сүйінші!

Ауыр атлетикадан Гойанг-Ситиде өтіп жатқан әлем біріншілігінде сенсация болды. 53 келі салмақта әйелдер арасындағы бәсекеде 16 жастағы  қазақстандық  Зульфия Чиншанло әлемдік рекордты қайталап, алтыннан алқа тақты.

Осыдан екі жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған дүнген қыз биыл мамыр айында жасөспірімдер арасында  Тайландта өткен әлем біріншілігінде 58 келі салмақта сынға түсіп, қола медаль алған-ды. Алайда тәмпіш мұрын қара қызға ол кезде  ешкім мән бере қойған жоқ.

Ал әлем чемпионатына аттанар сәтте бас бапкер Алексей Ни Зульфияның салмақ қуып, 53 келіде өнер көрсететінін айтқанда да жұртшылық «құлағын қаға» қойған жоқ. Бірақ білікті бапкердің көздегені бар екен.

Қытайдың жарық жұлдызы Чень Сяотин, Бейжіңде күміс медаль иеленген оңтүстіккореялық Жин Хи Юндар сынға түскен салмақта Зульфияны елеген пенде бола қойған жоқ. Бұл «сәйгүлігінің» бойын көрсетпей жасырып ұстаған біздің бапкерлердің де оң жамбасына келген сықылды. Ал қарсыластары кішкентай Зульфиядан гөрі, 24 жастағы қазақстандық атлет Светлана Черемшановадан көбірек қауіптенгені анық…

Зульфия серпе көтеруде әуелде 87 келіні көтере алмай көрермендерді бір діңкелетіп қойды. Екінші рет тізесі дірілдеп барып сол салмақты көтергенде көп көрерменнің үміті үзіле бастағаны анық. Бірақ Зульфия үшінші рет шыққанда 90 келі штанганы еркін жұлып алды. Бұл кезде 95 келі көтерген қытайлық және  93 келіні  «бағындырған» оңтүстіккореялық атлеттер іштей бас бәйге үшін таласа бастаған.

Жұлқа  көтеруде алаңға Зульфия ең соңынан шықты. Бұл кезде 118 келіні «артқа тастаған» Чень Сяотиньнен басқалары үш реттен бақ сынап үлгерген болатын. Тікелей эфирді жүргізіп отырған «Евроспорттың» комментаторлары Ченьнің алтыннан алқа таққанын қайта-қайта айтып, қалған орындарды «үлестіре» бастаған. Алайда Зульфия әп дегеннен 120 келіні көтеріп, қытай спортшысының көзінде үрей ойнатты. Ол жауап ретінде 123 келі көтерсе, Чиншанло 125 келіні еркін «бағындырды». Тізесі дірілдей бастаған Ченьнің бапкерлері 126 келіге тапсырыс берген. Бірақ ол оны тіпті тізеге дейін де көтере алмады. Алексей Ни 129 келіге тапсырыс беруі мұң екен, жеңістің қолдан шығып бара жатқанын сезінген аспанасты елінің бапкерлері жанұшырып, әйтеуір бір ілік тауып, Сяотиньді қайта шығарды (төртінші рет, ереже бойынша үш рет қана бақ сынауы тиіс— ред.). 127 келілік «қара темір» қытайлық спортшыны «тыңдаған» жоқ. Ал Зульфия 129 келіні қолында «ойнатты».

Илья Ильин олимпиада чемпионы атанған сәтте бас бапкер Алексей Нидің балаша қуанғаны көрерменнің есінде болар. Нидің осы жолғы қуанышы да Бейжіңдегіден бір кем болған жоқ. Зульфияны көтеріп алған күйі  домалаған бапкердің көңіл күйі тікелей эфирді  тамашалаған бүкіл қазақстандықтардың бойына тарап жатты…

Бек СҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button