Әлеумет

Мемлекеттік мүліктің жоқшысы

Егемен еліміз дамыған елу елдің қатарына енуге талаптануда. Бұл қай-қай саланың да әлемдік деңгей талаптарына сай жұмыс істеуін міндеттейді. Кешегі кеңестік кезеңде бәрі де қоғамдық меншіктің иелігінде болды. Мемлекет иелігінен алу, жекешелендіру басталғанда бұл үрдіс тым тосындау көрінді. Қазір мемлекеттік мүлік және жекешелендіру саясаты үйлесімді жүргізілуде. Осы бір күрделі де жауапты шаруаны жүргізетін Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің «Батыс» өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бастығы Айбек Сағиевпен әңгімелескен едік.

— Айбек Игілікұлы, мекеменің атауы өзгеріпті, қызметтің бағыттары қаншалықты кеңейді?

— Алдымен мемлекеттік  мүлік және жекешелендіру комитеті туралы айтайын. Бұл — еліміз егемендік алысымен дүниеге келген алғашқы нарықтық құрылымдардың бірі. Комитет осы кезеңде нарықтық қатынастардың заңдылықтарына сәйкес көп іс тындырды. Рас, мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру әлі де жүріп жатыр. Жалпы еліміздегі сияқты облыста да жекешелендіру процесі төрт кезеңде өткізілді. Бастапқыда мемлекет иелігінен алу желеуімен көптеген кәсіпорындар талан-таражға түсіп, мемлекеттің мүлкі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткені шындық. Осы кезеңдерде үлкен тәжірибе жинақталып, мемлекеттік мүліктің шашау шықпауын қамтамасыз ететін заңнамалық жүйе қалыптасты. Қазіргі таңдағы төртінші кезеңнің ерекшелігі — мұнда мемлекеттік мүлік республикалық және коммуналдық меншікке бөлінді. Ондағы басты мақсат — жергілікті мемлекеттік басқаруды жалғастыру, аймақтардың қаржылық және экономикалық дербестігін қамтамасыз ету. Қазір коммуналдық меншікті жекешелендіруді облыс әкімінің жүзеге асыруына құқық берілді.

Ал, атауға келсек, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» және 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» Жолдауларында көрсетілген әкімшіліктік реформаның негізінде    Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ақтөбе және Батыс Қазақстан аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеттері қосылып, «Батыс» өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемесі болып құрылды.

Департаменттің Батыс Қазақстан облысын қамтитын Орал қаласында филиалы бар. Десек те, қызмет бағыттары сол күйінде қалды, қамтитын аумағымыз кеңейді. «Батыс» өңіраралық департаменті — Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының аумағындағы стратегиялық маңызды экономика саласындағы республикалық меншік, жекешелендіру нысандарын және меншіктің мемлекеттік мониторингін басқаруды іске асыру, бақылау-қадағалау қызметтерін өз құзіретінің шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Яғни республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларға жедел басқару, иелік ету құқығымен бекітілген мемлекет мүлкінің тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылайды.

Республикалық мемлекеттік мекемелердің есебіндегі пайдалануға тиімсіз, басы артық нысандарды мүліктік жалға беру, мүліктік жалға беру кезіндегі келісім-шарттар талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, республикалық мемлекеттік меншіктегі нысандарды сатуға дайындау және сатуды ұйымдастыру да біздің құзырымызға жатады.

— Республикалық мемлекеттік меншікке жататын мүліктің сақталуы көңіл көншіте ме?

— Әзірге көңілден шығады. Өткен жылы республикалық мемлекеттік тұлғалардың баланстан-балансқа қабылдау өткізудің 56 актісін бекіттік. Ал мүліктердің республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілуін біздің департамент   облыстар әкімшіліктерімен және басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, белгіленген заңдылық бойынша жүзеге асырады. Өткен жылы осындай жолмен 25 нысан коммуналдық меншікке берілді. Сондай-ақ 53 нысан коммуналдық   меншіктен республикалық меншікке қабылданды. Биылғы жыл басынан бері мүліктерді республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру бойынша 6 акт, коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру бойынша 4 акт бекітілді.

Бұл департамент ұжымы атқарған жұмыстардың бір парасы ғана. Мұның бәрі «екі шоқып, бір қарауды», жұмыс процедураларының заңдылықтарға, оларға кейінірек енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес болуын міндеттейтін қарбаласы көп тірлік.

Сонымен бірге, осы жылдың бірінші жартысында «Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 30 желтоқсандағы №289 өкімін іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 24 наурыздағы №388 қаулысының 4-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, «Батыс» өңіраралық департаменті Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының аумағындағы мемлекеттік органдармен және олардың аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, алып отырған үй-жайларға, ғимараттарға пайдаланылудағы қызметтік автокөліктерге түгендеу жүргізді. Түгендеу нәтижесінде Ақтөбе облысы бойынша жалпы саны 44 мемлекеттік мекемеден 1579,8 шаршы метр тиісті нормалардан артық ғимараттар анықталды. Қазір, осы анықталған артық үй-жайларды республикалық мемлекеттік заңды тұлғалар арасында қайта бөлу және заңнамада белгіленген тәртіпте мүліктік жалға беру бойынша жұмыстар атқарылуда. Мұндағы мақсат — өз ғимараты жоқ кейбір мекемелер мен кәсіпорындарды мүмкіндігінше ғимаратпен қамтамасыз ету.

Республикалық мемлекеттік мекемелердің балансындағы нысандарды  мүліктік жалға беру — «Батыс» өңіраралық департаментінің негізгі қызметтерінің бірі. Биылғы жылдың басынан бастап есептілікті жетілдіру мақсатында «Жалға беру      шарттарының тізілімі» мамандандырылған бағдарламалық кешені бойынша Комитетке есеп беріледі. Жалдау ақысының есептері, жал шарттарының мерзімдері, жалдау ақысы бойынша төлемдерді есепке алу, жалдау ақысын төлеуді кешіктірген жағдайда өсімпұлдарды есептеу сияқты жұмыстарды аталған бағдарлама автоматты түрде жасайды. Сонымен бірге бұл бағдарлама   бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің жанындағы «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ арқылы Комитетке жалға беру бойынша күнделікті ақпарат беріліп отырады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1371 қаулысымен бекітілген Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншікке ерікті және өтеусіз беру ережесіне сәйкес, «Батыс» өңіраралық департаменті мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншікке беру туралы меншік иелерінің өтініштерін қарап, әрі қарай шешім қабылдау үшін өкілетті орган, яғни Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне жолдайды. Осылайша, өткен жылы 5 жеке меншік иелерінің өтініштері Комитетке жіберілді. Бұл өтініштер бойынша аталған ережеге сәйкес мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудың қажеттігі немесе қажет еместігі облыс әкімдігімен және Қазақстан Республикасы Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігімен келісілу үстінде. Кейбір әлеуметтік маңызы бар нысандарды мемлекет меншігіне алу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің шешімдері қабылданып үлгерді.

— Қазір экономиканың бойына қан жүгіріп, даму жолына түсті. Мемлекеттік кәсіпорындар, филиалдар мен өкілдіктердегі мемлекеттік мүліктің жағдайы қалай?

— Ел Президентінің 2007 жылдың 17 қыркүйегіндегі №407 Жарлығына сәйкес, Ақтөбе қаласы орталығы болатын, жарғылық капиталында 100 пайыз мемлекеттің қатысы бар «Батыс ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы құрылды.

Құрылған «Батыс» әлеуметтік кәсіпкерлік-корпорациясына осы жылы мемлекет меншігінен Ақтөбе облысы бойынша 2 ғимарат және Батыс Қазақстан облысы бойынша 2 ғимарат берілді.

Жағдай жасалған соң жұмыс сапасын арттыруымыз керек. Біздің департамент республикалық мемлекеттік кәсіпорындардағы және мекемелердегі мүліктің тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылауға мүдделі. Ол үшін жыл сайын жоспарлы түрде тексерулер жүргізіледі.

Бұдан басқа өткен жылы мемлекеттік кәсіпорындарға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне бекітілген мүліктердің мақсатты да тиімді пайдалануы үшін прокуратура органдарында тіркелген 18 тексеру, ал биылғы жылы 14 тексеру жүргізілді. Біз сондай-ақ, аймақтық маңызы бар республикалық мемлекеттік меншіктегі нысандарды жекешелендіреміз.

Жалпы департаменттің іс-әрекетінен республикалық бюджетке түсетін түсімдер Ақтөбе облысы бойынша салық комитеті, Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті  және біздің департамент арқылы үш жақты бақылауда болатындығын айта кетуге болады.

— Меншіктің мемлекеттік мониторингі дегенді түсіндіре кетсеңіз?

— Меншіктің мемлекеттік мониторингі Қазақстан Республикасының «Стратегиялық маңызы бар экономика саласында меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі, оның шешуші кезеңдерінің бірі — тексеру бағдарламасын құру. Ол жүргізіліп жатқан жұмыстың бағалылығын анықтайды. Бұл бағдарламада бірінші кезекте кәсіпорынның директивалық дамуындағы, мүмкіндігіне және экономиканың инновациялық дамуындағы

рөлі, кәсіпорынды мемлекеттік қолдау қажеттігіне, оның жарғылық капиталына тікелей қатысуына мән беріледі.

Мемлекеттік мониторингті, өздеріне қарасты нысандардың бәсекелестік       артықшылықтарын анықтау үшін кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау құралы ретінде пайдалану керек. Департамент стратегиялық маңызға ие  экономика салаларының меншіктеріне жүргізілетін мемлекеттік мониторингке қатысады.

— 1993-1995 жылдардағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің ұлттық бағдарламасына сәйкес қала тұрғындарына 100 купоннан, ал ауылдықтарға 120 купоннан есептелгені белгілі. Қазір аракідік осы купондарды сатып аламыз деушілер табылып жүр. Бұл шындыққа қаншалықты жанасымды?

— Иә, сол кезде қазақстандықтарға 1691989200 купон есептелді. Купондардың ақшалай номиналы жоқ болатын және олар инвестициялық жекешелендіру қорларына салынуы тиісті. Меншіктің жеке түріндегі 169 қор құрылып, оларға 1126864810 купон салынды. 165124390 купон қорларға салынбай қалды. Купон иелері қорларды таңдауды және қанша купон салуды өздері шешті. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 23 маусымдағы №871 «Жаппай жекешелендіруді аяқтау туралы» қаулысына сәйкес қорлардың тұрғындардан купондарды қабылдауының соңғы мерзімі 1995 жылғы 30 қыркүйекте және Қазақстан Республикасы Халық банкі бойынша 1995 жылғы 30 қазанда аяқталды. Осыған байланысты инвестициялық жекешелендіру купондарының әрекет етуі де доғарылды.

Қазіргі уақытта қорларға салынбаған купондарды ешкім пайдалана алмайды. Сондықтан бұл купондардың ешқандай құндылығы жоқ. Купондарды пайдалану жөніндегі қандай да ұсыныстарға сақтықпен қарау керек.

Купондардың иелеріне қандай мақсатпен қызығушылық танытып жүргеніне назар аудару қажет, сондай-ақ бұл жөнінде құқық қорғау органдарына хабарлауды ұмытпағаны жөн.

Купондар мәселесімен біздің департамент  айналыспайды. Ал купон иелері өз купондарының тағдырын білгілері келсе, тікелей купондарын салған қорларға белгіленген заңнамаға сәйкес жүгінулері керек. Купондық қорлардың қазіргі жағдайлары республикалық баспасөзде әлсін-әлсін жариялануда.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button