БілімМереке

Ұстаздар әулеті

Байғанин ауданы Оймауыт ауылындағы С.Жиенбаев атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ беріп, талай жүйрік шәкіртті қияға түлеткен,  соғыс және еңбек ардагері, марқұм Әли Құрақбаев пен оның зайыбы Сәулеш Оспанованың әулетін жұрт ұстаздар әулеті деп таниды.

1949 жылы Ақтөбедегі педагогикалық училищені бітірген  Әли Құрақбаев пен жұбайы Сәулеш Оспанова Байғанин ауданының Доңызтау ауылындағы П.Д.Осипенко атындағы мектепке жолдамамен қызметке келген. 1961 жылы мектеп Оймауыт ауылына көшіріліп, оған бертінде С.Жиенбаевтың аты беріледі. Саналы өмірін бала оқытуға арнаған  соғыс және еңбек ардагері Әли Құрақбаев кейін Шымкенттегі пединституттың математика факультетін сырттай оқып алады. Бастауыш сынып мұғалімі Сәулеш апай 1976 жылы «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанады. 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалін иеленеді.

«Ұстаздық — ұлы нәрсе! Ұстаздық ету — өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Бұдан асқан қиямет-қайым қиындық, азап пен бейнет жоқ. Осы қиындықты жеңген, осындай азап пен бейнетке көнген ғана – ұстаз», — деп, академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, ұстаздықтың ауыр бейнетін кешіп жүріп, талай дарынды баланың бағын ашқан, алды елге белгілі ғалым Кенжеғали Кенжебаев, Орынбасар Нұрманов  сияқты шәкірттері бар  Әли Құрақбаевтың  аты ұмытылмақ емес.

«Біз ұстаздықты саналы түрде таңдадық»

 Бүгінде облыс орталығындағы  №50 мектептің математика пәнінің мұғалімі Бақыт Қалиұлы Оймауыт ауылындағы С.Жиенбаев атындағы мектепте оқыған. 1979 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы пединституттың физика-математика факультетін зайыбы Жарқын Естөреқызы екеуі бірге  бітіріп, қол ұстасып, жолдамамен Алға ауданының Қарабұлақ ауылындағы орта мектепке барады.  Бақыт ағай сол жерде математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорына дейінгі қызмет баспалдақтарынан өтеді. Зайыбы Жарқын екеуі тапжылмастан сол жерде 29 жыл қатар қызмет етті.  Жарқын Естөреқызы бүгінде  зейнет демалысында. Отбасында төрт бала тәрбиелеп өсірген олардың  балалары ата-анасының жолын  қумағанмен, екі келіні мұғалім. Үлкен ұлы Санаттың келіншегі Анар Құттыбаева — №46 мектепте бастауыш сыныпқа сабақ береді. Кіші ұлы Манастың келіншегі Анар Асубаева —№55 мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Бақыт ағайдың інісі  Боранбай Әлиұлы мен келіні Гүлшара Жолдыбаева да — математика пәнінің мұғалімдері.

— Біз ұстаздық жолын саналы түрде таңдадық, өзімнің әкем Әли Құрақбаев, Темірхан Сұлтанғалиев, Төкен Нұрғалиев сияқты мықты математиктерден білім алдық. Әкем 4-5 жасымыздан бізге: «Мына жерде бес торғай отыр, үшеуі ұшып кетсе, нешеуі қалады?» деп есепке баулитын. Білімдері терең, жауапкершіліктері жоғары, әрдайым ізденісте жүретін, талабы қатал мұғалімдер шәкіртінің де оқуға деген ынтасын оятатын. Нақты білім беретін, ерінбей түсіндіретін. Ол кезде үйге берген есепті шығара алмасақ, түн ішінде болса да  бір-біріміздің үйімізге  барып, бас қатырып, соны шешпей қоймайтынбыз. Қазіргідей электронды ақпарат алу мүмкіндігі жоқ.

Басқаны қайтем, өзімді мысалға алайыншы, тәжірибелі мұғаліммін, бірақ сол  кісілерден білімім артық деп айта алмаймын, әрқашан сол ардақты асқар таудай ұстаздарыма басымды иемін. Бүгінде мектептерде ер адамдар бірен-саран, ұл балалар кімдерден үлгі алады? Мектепті  көбіне әйел адамдар басқарады, солар ұжымды, оқушыларды тәрбиелейді, дегеніне көндіреді дегендей…  Адам ортасына қарай бейімделеді. Ал біздер бір артық сөзі жоқ, кесек мінезді, соғысты көрген, ауыл шаруашылығына бір кісідей үлес қосып жүрген, қас-қабағымен-ақ айтқанын істететін, жүріс-тұрысымен, адамгершілігімен үлгі болатын ер-азамат ұстаздарды көрдік. Соларды өнеге тұттық. Қазіргі оқушылар кімді өнеге тұтады?

Заман өзгерді, қазір ата-аналарға да көп кінә артуға болмайды, әлеуметтік жағдайы төмен, нан тауып жей алмай отырған отбасының баласы онсыз да писхологиялық қысым көреді. Қатарына қарайды, кеңес уақытындағыдай емес, біреу бай, біреу кедей деген сияқты, — деп өзін толғандырып жүрген ойларының шет-жағасынан хабар берді Бақыт Қалиұлы.

«Өз мамандығым шабыт береді»

 №46 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Анар Құттыбаева: «Ақтөбе гуманитарлық колледжінің түлегімін, 4 жыл болды бітіргеніме, жас маманмын. Ұстаздар әулетінің келіні болғаныма қуанамын, өйткені атам да, енем де менің жұмысымның жайын бір кісідей біледі, қолдап отырады. Бұл мамандықты өзімнің жүрегімнің қалауымен таңдадым, сүйкімді балалармен жұмыс істеу әрі қызық, әрі сол арқылы өзің де есейесің».

 

«Балаға тіл үйрету де бақыт»

 №55 мектептің ағылшын тілі пәнінің  мұғалімі Анар Асубаева:

«Қазақ атамыз «Жеті жұрттың тілін біл» дейді. Тіл үйрену үшін де қабілет, бейімділік керек. Оқушыларға халықаралық ағылшын тілін үйрету арқылы өзім де білімімді шыңдаймын. Мен үшін де ана тілім бірінші орында. Ел Тәуелсіздік алғалы бұрынғыдай емес, халыққа шетелдің қайсысына барам десе де, жол ашық. Ал сол жерге барғанда ол елдің адамдарының  айтқан сөздерін түсінбей, қиналып қалмау үшін жас ұрпақтың  шет тілді меңгергені өзі үшін үлкен пайда».

«Абырой ақшаға сатылмайды»

1997 жылдан осы уақытқа дейін М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған  мектеп-интернатта тәрбиеші,  математика пәнінің мұғалімі, директордың ғылыми жұмыстар, тәрбие жұмысы, бағдарлы білім беру ісі, оқу ісі жөніндегі орынбасары сияқты қызметтерді атқарған, бүгінде интернат меңгерушісі Боранбай Әлиұлы да облысқа белгілі азамат. «Үздік мұғалім — 2010» марафонының жеңімпазы, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері. Сөз арасында: «Сонау тоқсаныншы жылдары мұғалімдердің ішінде де  саудаға бет бұрғандары бар, сіздің ойыңызға білім беру саласынан өзге кәсіпке кету туралы ой келмеді ме?», — деп сұрап көрдім.

Сонда ол кісі:

— Абырой ақшаға сатылмайды. Біз үшін өз мамандығымыздан артық ештеңе болған емес. Адам өзінің мамандығын шынымен қаласа, оған деген сенімі мықты болса, аяқ астынан өзгеріп кете алмайды.

Біз неге ата-анамыздың жолын таңдадық? Ол кезде ұстаздардың беделі сұмдық болды. Біз үшін олардан артық ешкім болған жоқ.  Халық та оларды пір тұтатын,  оқушылар да, ата-ана да оларды қатты қадірлейтін, алдын кесіп өтпейтін. Ұстаздар да соған сай өз мамандығына мығым, білікті, әдеп те, тәрбие де, мәдениет те солардан тарайтын, жұрт соларға еліктейтін. 90-жылдардың үстінде осы Оймауыт мектебінен түлеген  он шақты шәкірт Алға ауданындағы мектептерде  директор болды, бұл да жай мысал емес, — деді.

Боранбай Әлиұлының зайыбы, «ҚР Білім беру ісінің озаты» Гүлшара Диятқызы Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектепте математика пәнінен сабақ береді.

Боранбай мен Гүлшара екеуі де Ақтөбе  пединститутының  физика-математика факультетінің 1979 жылғы түлектері. Олар сол жылы жолдамамен Алға ауданындағы Ильинка орыс-қазақ орта мектебіне қызметке барады. Сол мектепте Боранбай пән мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, директоры қызметтерін атқарады. Гүлшара Диятқызы да математика пәнін оқытады.

Бүгінде Ақтөбенің атын шығарып жүрген талантты балаларды баптайтын мектеп-интернаттағы қызметі Боранбай Әлиұлының өзіне ұнайды.

— Мұнда дарынды, сөз тапқыш балалар оқиды.  Балалардың ортасында жүрген адам қартаймайды екен, бала көңілді болады. Кейде басқа салада істейтін құрдастарымның ортасында соны байқаймын.

Қазіргі балалар өте сауатты, ізденімпаз.  Мені талай састырғаны бар. Досжан атты термеші бала бар еді, бір күні әр кездескен сайын «Сәлеметсіз бе» деп үш рет сәлем берді. «Тоқта, Досжан, бір күнде неше амандасасың?» десем, айтатыны ғой: «Ағай, жақсы адамға күніге 100 сәлем берсең де артық етпейді» деп.

Енді бірде бір оқушы қызымыз Италияға конкурсқа барып қайтты, маған сыйлыққа  кілтке тағатын брелок әкепті. «Қызым-ау, рақмет, бірақ оны тағатын менің машинам да, кілті де жоқ қой», — деп едім. «Ағай, кілтті беріп тұрмын ғой, машина қайда қашады дейсіз»,— деп қатырып кетті.

Қазақы тәрбие алған адамдарда жауапкершілік өте жоғары болатын сияқты көрінеді маған. Балалар балалықпен талай айтқаныңды уақытында түсінбей жатады, ден қоймайды, соған өкінесің кейде, кейін есейген соң барып мойындайды ғой, — дейді ол.

Әли Құрақбаев сынды ұстаздың әулетіндегі ұстаздар легі осылай жалғасып келеді. «Тыңдаушыға дәріс оқығанның бәрі бірдей ұстаз емес, ұстаздың да ұстазы бар» дейді З.Қабдолов.   Шәкіртінің жүрегінде із қалдыратындай  ұстаздар әулеттері  көбейе түссе екен.

 Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button