Әлеумет

Сенімді серпіліс

Халық қашанда ел басқарған адамға үлкен үмітпен қарайтыны қалыпты нәрсе. Таяуда Елбасымыз Н.Назарбаевтың теледидар арқылы тікелей желімен барша қазақстандықтармен бетпе-бет дидарласуы ол кісінің шынайы бейнесін танытты деуге болады. Президентіміз халықты толғандырып жүрген мәселелердің қай-қайсысына да мейлінше орнықты, тиянақты жауап бергеніне куәміз.

Меніңше, мемлекеттік қызметкерлер Президентке ұқсауы керек деп есептеймін. Елбасымыз қай салада мәселе туындаса да өзінің терең ойлылығын, көрегендігін, білімдарлығын көрсетіп жүр. Мысалы, биылғы жылы дағдарыстан шығу мақсатында Үкіметіміз қабылдаған «Жол картасы» бағдарламасының тікелей авторы Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Осы бағдарлама халықтың әлеуметтік жағдайына соңы серпілістер әкелді. Елге деген қамқорлықты, ана тілінде айқын сөйлей білуді шенеуніктер Елбасыдан үйренсе дейміз.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жылма-жыл жақсарып келе жатқанын біздің шалғай өңірдің жағдайынан да аңғаруға болады. Облыс орталығымен арадағы жол жақсарып, Құмтоғай аулындағы орта мектеп жаңарды. Таяу уақытта Аманкөл аулынан типтік үлгідегі жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілмек. Құрылыс аулына су құбыры тартылды. Басқа да көптеген игілікті істер кезегімен жүзеге асырылуда.

Бір сөзбен айтқанда, Елбасының саясатына ел риза.

Жәку БАЙҚАДАМ,

Ырғыз ауданы әкімі аппаратының бас маманы.

***

Өзекті әңгіменің бірі — жастар өмірі

Өткен жұма күні Елбасының тікелей желі арқылы халық сұрағына жауап беру сәтін Ақтөбе байланыс және электроника колледжінің студенттері мен оқытушылары оқу орнында тыңдады.

Тікелей желіні көруге алдын ала оқу залы дайындалыпты. Аталған шараға оқу орнының елуден астам студенттері мен оқытушылары жиналды. Елбасымен болған тікелей байланыста көптеген мәселелердің ортаға салынғаны белгілі. Еліміздің түпкір-түпкірінен қоңырау шалып, арнайы экран арқылы да сұрақтар қойылды. Тікелей желіде көтерілген мәселелер көріп отырған жұртшылықты бейжай қалдырмады.   Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұратбек Қанбаев қойылған барлық сұрақтардың да өзектілігін айтып өтті.

Елбасының Қазақстан халқына тікелей желі арқылы жауап беруі, біріншіден, еліміздің демократиялық бағытта дамып келе жатқанын көрсетсе, екіншіден, желі арқылы халық көкейлерінде жүрген мәселелерін ортаға салды. Жалпы, Елбасына қойылған сұрақтардың барлығы да бізді бейжай қалдырмады. Оның ішінде жастармен жұмыс жүргізгеннен кейін Жамбыл облысындағы жастар қылмысы жөніндегі оқиға толғандырғаны анық. Елбасы бұл сұраққа жақсы жауап берді.

Аталған мәселелерге қатысты біздің облысымызда да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыстық білім басқармасы және қалалық білім бөлімімен бірігіп жұмыс атқарамыз. Бір жақсысы, біздің колледжде тәрбиесі нашар, қылмысқа бейім балалар жоқ. Дегенмен де мұғалімдер кешкі сағат жетіден он бірге дейін кезекшілікке шығып, аумақты бақылайды.

Жалпы, мектеп пен колледж арасында байланыстың болғаны жөн. Өйткені мектепте баланың қандай екенін білсек, колледжге келгеннен кейін оның тәрбиесінің қандай бағытта екенін  жақсы аңғаруға болады, — деді.

Сондай-ақ Мұратбек Қанбаев жастар қылмысының алдын алу мақсатында оқу орнында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді.

Ал тікелей желіні  тыңдаған колледж студенті Ғалым Әбілғазиев:

—  Тікелей желіде Елбасы халық сұрағына  нақты жауап беріп отырды. Оның ішінде Елбасының  «жақсы маман жерде қалмайды» деген сөзі ойландырып тастады. Шынымен де сауатты маманға елімізде қолдау мықты. Олар қай салада болмасын жұмыссыз қалмайды. Сондықтан студенттер бірінші кезекте  білімге ден қоюы керек. Білімді жасқа біздің облыс басшылығы тарапынан да түрлі қамқорлық көрсетіліп жатқанын өзіміз көріп жүрміз. Сонымен бірге Елбасының дағдарыстан шығу мақсатында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша қолға алып жатқан тапсырмалары  тікелей желіде әңгіме өзегіне айналды. Елімізде осы бағытта көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанын білдім, — деді.

Сонымен, жастар Елбасымен болған тікелей байланыстан  көп нәрсені көңілдеріне түйіп қайтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

***

Көп игіліктің көрінісі

Елбасымызға тікелей желі арқылы сұрақтарын қойған азаматтар әр түрлі тақырыпта, көптеген салалардың аясын қамтыған бүгінгі күннің маңызды мәселелерін көтерді. Олардың ішінде бесіктегі баладан бастап, зейнеткерлік жастағы кісілерге дейін жасалатын жағдайлар, білім беру, мәдениет, кәсіпкерлік, тағы сол сияқты өзге де салалар үшін үкімет тарапынан жасалатын шаралар толық қамтылды. Тікелей желі барысында қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекетіміздің тарапынан ұйымдастырылып жатқан жұмыстардың өз жемісін бере бастағанын, соған байланысты халықтың ыстық ықыласының куәсі болдық. Нұрсұлтан Әбішұлының мазмұнды әңгімесі еліміздің ішіндегі тұрақтылықтың сақталатындығына сенімімізді арттыра түсті. Елбасымыз сонымен бірге тек қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де сұрақтарын назардан тыс қалдырмай, тұшымды жауап берді.

Бүкіл әлемді шарпыған қаржы дағдарысының Қазақстан экономикасына тигізетін әсерін алдын алу мақсатында ұйымдастырылған «Жол картасы» бағдарламасы одан әрі қарай жалғасатыны туралы айтқан Елбасыға көпшіліктің қатты риза болғаны рас.

Елбасының халықпен байланысын теледидардан көз алмай, басынан аяғына дейін көрдік. Тікелей желі арқылы Елбасымызға тікелей сұрақ қойып, тиісінше жауап алу мүмкіндігі әрбір қазақстандықтың ел болашағына деген сенімін молайтқанына шек келтірмеймін.

Талған КӨЛКЕБАЕВ,

Мәртөк ауданы әкімдігі аппаратының

кадр және құқықтық жұмыстар

бөлімінің бастығы.

***

Назарда — біздің біліміміз

Мен Ш. Берсиев атындағы ауыл шаруашылық колледжінде оқимын. Елбасының тікелей эфир арқылы қазақстандықтардың сұрақтарына жауап бергенін тыңдадым. Сұрақтардың бәріне де Елбасы жауап беріп, кейбір мәселелерді сол бойда шешіп жатты. Оның ең қарапайым сұрақтарға мән бергені және күрделі мәселелерді түсінікті тілмен түсіндіргені ұнады. Халықпен сұхбаттасу арқылы ол елдегі жағдайды, болашаққа құратын жоспарларды нақтылады, қазақстандықтардың, қоғамымыздың сауаттылық, интеллектуалдық деңгейімен, әлеуметтік жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысты.

Елбасының ауыл балаларының білім алуы, оқу бітірген жастардың ауылдан жұмыс табуы мәселелеріне көп көңіл бөлетінін байқадым. Жас мамандардың жұмыс табу мәселесін Елбасы «Жол картасы» бағдарламасы аясында нақтылаған болатын. Жастар практикасы арқылы ауылдарда жас мамандар жұмысқа орналасқанын естіп-біліп жүрміз.

Мен биыл колледждің соңғы курсында оқып жатырмын. Бес-алты айда оқуды бітіреміз, содан кейінгі тағдырымыз не болмақ деген сұраққа Елбасының тікелей эфир арқылы берген сұхбатынан жауап тапқандай болдық. Қазір көп жерлерде ауылға барған мамандарға көтермеақы төлеп, баспана мәселесін шешіп беріп жатыр. Осының өзі жастардың өмірден өз орындарын табуға жол көрсету, мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық деп білемін.

Жалпы, Елбасының осы жолғы халыққа берген сұхбатынан жастарға әлем тілдерін үйрену, бәсекеге қабілетті білім алу керектігін, болашақта, еліміз әлемнің дамыған елдері қатарынан орын алғанда мыңның күшін жеңетін білім аса қажет екендігін сезіндік.

Әлия СЕРҒАЗИЕВА.

***

Балабақша көбейеді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен халық арасында өткен тікелей желіні теледидар арқылы көрдім.

Әсіресе, маған Гүлден Әбділдинаның балабақша туралы сұрағы маңызды болды. «Қазір ата-аналар  нәресте дүниеге келгенде бірден кезекке жазылуға тура келеді. Осы жағдайдан шығудың жолы бар ма?» — деп сұрады ол.

Ал Мемлекет басшысы: «Өкінішке орай, Қазақстанда балалардың мектепке дейінгі мекемелері  олардың 36,5 пайызын ғана қамтиды. Балалар бақшаларына сұраныстың болуы — қуанышты. Демек, елімізде бала туу өсіп келеді. Менің шақыруым құп алынған ғой, бірінші бала, екінші, үшінші және төртіншілері туғанда көрсетілетін мемлекеттік көмек те — сондай арнада. Кеңестік кезеңде барлық балалар бақшасы мемлекеттік меншікте болды, ал біздің алғашқы «жекешелендірушілер», сол кездегі үкімет оларды таратып берген немесе сатқан, біз енді бүгін бәрін қайтадан құруға мәжбүрміз», — деді.

Сондай-ақ биылдың өзінде елімізде 20 балабақшаның құрылысы аяқталады. Ал 2012 жылға дейін шамамен 47000 балаға арналған тағы 170 балабақша пайдалануға берілмек. Алайда сұранысты қанағаттандыру үшін елімізде әрқайсысы 280 орындық есеппен 800 балабақша салу керек екен. Мұны Елбасының өз аузынан естідік.

Қызым қазір үште, балабақшада орын жоқ. Жақында ғана ұлымды босандым. Мына әңгімеден соң, біздің облыста да балабақша мәселесі өз шешімін табады деп сенеміз.

Айнұр ЖҰМАҒҰЛОВА,

Ақтөбе қаласы.

***

Қарттар қорғалады

Елбасының тікелей эфир арқылы елмен байланысы ерекше ұнады. Нұрсұлтан Әбішұлы сауалдардың барлығына тұшымды жауап берді. Түрлі саладағы оңды өзгерістер мен экономиканың қарқынды алға жылжуы — Елбасы сөзінің айғағы.  Кімді болса да, әсіресе, әлеуметтік саладағы өзгерістер қашаннан толғантып келеді. Сондықтан да болар, Президентке қойылған сұрақтардың басым бөлігі осы — әлеуметтік қорғау  мәселелері. Соның бірі — зейнетақы.

«Дағдарысқа байланысты зейнетақы қысқармай ма?» деген қауіп көп қарттың көңілінде жүргені рас. Өз сөзінде Елбасы: «Біз зейнетақы мөлшерін дәйім ұлғайтып келеміз. Бұл — біздің экономикамыздың дұрыс бағытта дамып келе жатқандығының арқасы. Қандай да бір қысқарту туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Сондықтан келесі жылдың бюджетінде зейнетақыны 25 пайызға  өсіру көзделген», — деуі көпшілік көңіліндегі күдікті ойды сейілтіп жіберді. Расында, Елбасы сөзі сенім ұялатты. Алдағы жылы базалық жәрдемақы күн көріс мөлшерінің төменгі деңгейінің  40 пайызы болады. Ал арнайы жәрдемақылардың барлығы айлық есептік көрсеткішке байланысты өседі. АЕК 1296-дан 1413-ке ұлғаймақ.

Жалпы, елімізде әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Жыл сайын зейнетақымен қатар жәрдемақылар мөлшері де артуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Онда 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап балаға берілетін біржолғы және  бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақылар өсетіндігі жоспарланып отырғаны көрсетілген. Мысалы, төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшері 2007 жылғымен салыстырғанда 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін өседі. Және бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақы орта есеппен 2,5 есеге артады. Оның ішінде: бірінші балаға 3 АЕК-тен 5,5 АЕК, екінші балаға 3,5 АЕК-тен 6,5 АЕК, үшінші балаға 4 АЕК-тен 7,5 АЕК, төртінші және одан да кейінгі балаға 4914 теңгеден 8,5 АЕК-ке дейін көтеру көзделіп отыр.

Жаңа жылда күтілетін тағы бір жағымды жаңалық — жеті баласы бар ана «Алтын алқа» белгісімен марапатталады, ал «Күміс алқа» алты баласы бар анаға беріледі.

Әрине, мұның барлығы сайып келгенде, Елбасының сарабдал саясатының арқасы.

Өтеген ҮРКІМБАЕВ,

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

зейнетақы төлеу жөніндегі

мемлекеттік орталығының

облыстық филиалы

директорының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button