Басты жаңалықтарСпорт

Тарихи жеңіс!

Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарында бокстан 69 кг салмақ дәрежесінде Данияр Елеусінов финалда жеңіске жетті. Данияр — Олимпиада чемпионы!

Сурет nur.kz сайтынан алынды

 

Финалдағы оның қарсыласы — өзбек боксшысы Шахрам Гиясов еді. Жартылай финалда жарақат алған Даниярды жеңіп шығуға болады деп үміттенсе керек, өзбек жұлқынып алға ұмтылумен болды. Бірақ шеберлігі өзінен әлдеқайда жоғары Даниярға қарсы ештеңе істей алмай, мысы құрыды. Бұл жөнінде «Боец» арнасының комментаторы: «Гиясовтың жеңіске деген ынта-жігері, құлшынысы өте күшті. Бірақ алдыңда жоғары дәрежедегі шебер тұрса, құр құлшыныспен ештеңе бітіре алмайсың», — деп атап өтті.

Даниярдың алтыны қазақтар үшін — тарихи алтын. Бокстан 69 кг салмақ дәрежесінде қазақ баласы осымен қатарынан төрт  рет Олимпиада жеңімпазы атанып отыр: 2004 жылы Афиныда — Бақтияр Артаев, 2008 жылы Пекинде — Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы атанса, Риода Данияр да сол биіктен көрінді. Осы арқылы қазақ боксшылары Олимпиада тарихына енді.

Себебі, бір елден бір салмақта төрт боксшы бірінен соң бірі Олимпиада чемпионы атанған жағдай бұрын бокс тарихында кездеспеген. Мұны ағылшынның әлемге әйгілі Рейтер агенттігі атап өтті.

Бұдан бұрын Куба боксшылары 1992-2004 жылдар аралығында 91 кг салмақ дәрежесі бойынша төрт рет қатарынан чемпиондық тұғырдан көрінген. Бірақ оның үшеуінде Феликс Савон жеңіске жетсе, төртінші рет Одланьер Солис Олимпиада чемпионы атаныпты. Яғни, бұл жағдай басқарақ, бұл жердегі жетістік екі ғана боксшыға тиесілі.

Ағаларының жеңісті жолын жалғаған, олардың лайықты ізбасары екенін барша әлем алдында дәлелдеген Даниярдың алтыны — Қазақстанның Рио Олимпиадасындағы үшінші алтыны. Бұған дейін ауыр атлет Ниджат Рахимов пен жүзгіш Дмитрий Баландин алтын медальға ие болған еді.

Үш алтын, үш күміс және алты қола медальмен Қазақстан жалпы есепте 17-орында тұр.

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button