Ауыл

Ақтөбедегі аудан күндері

«Атыңнан айналайын Алға деген»

Өткен сенбі күні облыс орталығындағы «Табыс» базарында осындай атпен ауданымыздың күндері аталып өтті. Аудан күндерінің аясында облыс тұрғындарының назарына аудан көркемөнерпаздарының үлкен концерті мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, халық арасынан жинақталған қолөнер көрмесі ұсынылды.

Аудандағы он екі округ екі-екіден бөлініп үй тігіп, облыс жұртшылығына ауыл дәмін ұсынса, ауданымыздың барлық ауыл шаруашылық құрылымдары көкөніс, ет, басқа да  ауданда шығарылатын өнімдерді алып барды. Қаладан барған «Сладкоежканың» торттары мен тәтті нандары, «Ыстық нан» наубайханасының  тоқаштары мен  бөлке түрлері халық назарын аударды. «Исламбек» шаруа қожалығы бастаған ет өнімдері де  келушілердің көңілінен шықты. Бұл күні барлығы 1330 келі ет пен тартылған ет базар хақынан төмен бағамен сатылды. 1750 кг көкөніс өнімдері, 50 келідей сүт тағамдары сатылды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 17 автокөлік тартылып, 19 сауда сөресі ұйымдастырылды.

Ал көкөніс өнімдерін сатуда бестамақтық «Алик» шаруа қожалығы мен қарақұдықтық «Флора» шаруа қожалықтары өздерінің әр түрлі өнімдерін ұсынып, қалалықтарды қарқ қылды.

Мұнан да басқа ауылдық жерлерден барған тары-талқан, құрт-май, қаймақ-сүт, қымыз-шұбаттарға да кезек көп болды.

Жеті үй тігіліп, қалалықтар  ауданның өмір тынысынан  көркем безендірілген стендтер,  фотокөрмелер арқылы көптеген мәліметтер алды.

Тігілген үйлердің барлығы да талғамға сай, қойылған талаптар жүгін көтерген ордалар болды. Дегенмен қалалық округтің және Бестамақ селолық округінің үйлері өзгеше сәнімен өрнектелді. Қала округінің ордасында  қаланың көрікті  жерлері мен өндіріс орындарынан жасалған фотокөрме  келушілерге  Алға қаласы туралы жан-жақты мәлімет берді. Ал Бестамақтың үйі келушілерге ауыл дәмін ұсынған бірден бір отау болды.

Бағдарламаның темірқазығы — аудан көркемөнерпаздарының қойған үлкен концерті болды. Аудандық өнер мектебінің домбыра оркестрі мен «Жазира», «Қызғалдақтар» би топтары, болгардың «Виара» ұлттық ансамблі, Тамдының вокальдық топтары, жекелеген өнерпаздар күннің салқындығына қарамастан күмбірлеген күй орындап, мың бұралған би билеп, әсем әнді әуелетті.

… Ауданның облыс орталығында өткен күндері аудан мерейін асқақтатқан, оның экономикасы мен тыныс-тірлігінен кең мағлұмат берген шырайлы бас қосу болды. Ауданның барлық кәсіпорындары мен ұйымдары, мектептері бір кісідей ұйымшылдық көрсетіп, тайлы-таяғы қалмай барып, аудан намысын қолдан бермеуге тырысты. Алаңға тігілген ақ ордалар да бірінен-бірі асып, өзгеше сәнді болды. Бұл жерде ауылдық округ әкімдерінің еңбектерін баса айтқан жөн. Тек үй тігіп қана қоймай, ауылдарының тұрғындарының ауыл шаруашылық өнімдерін апарып сатуларына қол ұшын берген Маржанбұлақ, Үшқұдық, Қарақұдық, Бестамақ ауылдық округтері  ортақ іске аса жауапкершілікпен және жанашырлықпен қарайтындықтарын көрсетті. Концерттік бағдарламаларға қатысы бар өнерпаздарға көлік қызметін ұсынған мектептер мен  аудандық бейімдеу орталығының басшылығы да аудан мерейінің  жоғары болуына тілектес екендіктерін байқатты.

Күн еңкейе ауылға бет түзеген керуен өз миссиясын орындады. Ауданның барлық кәсіпорындары мен ұйымдары облыс орталығында өткен жәрмеңкеге бір адамдай қатысты.

P.S. Жалпы жәрмеңкеге Алғадан басқа Ырғыз, Қарғалы, Қобда, Мәртөк аудандары мен Ақтөбе қаласынан 90 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен жеке кәсіпкерлері қатысты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мәліметтеріне сүйенсек, осы жәрмеңкеге 6,79 млн. теңгенің өнімі сатылған. Өнімдердің бөлшек саудадағы орташа бағасы Ақтөбе  қаласындағы коммерциялық базарларға қарағанда 13,0 пайыздан 45,5 пайызға дейін төмен болды.

Қарашаның 14-інде «Табыс» коммуналдық базарында «Темір ауданының күніне» арналған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.

Ш.ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

***

Жаңа цехтың құрылысы басталды

Шалқар өңірі төрт түлікпен айналысуға ыңғайлы. Сондықтан да аудан халқының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Қазіргі таңда ауданда 487 шаруа қожалығы мал өсірумен айналысып отыр. Бүгінгі есеп бойынша 38016 — ірі қара, 185746 — қой-ешкі, 12516— жылқы, 10263 түйе бар. Алайда осы мал өнімін өткізу үлкен мәселеге айналуда. Осы мәселені шешу мақсатында аудан орталығынан 800 шаршы метр аумақты алатын мал сою цехының құрылысы басталды. Цех құрылысына қажетті қаржы  жергілікті кәсіпкерлердің қалтасынан шығуда.

— Шағын мал сою цехының құрылысы осы жылдың тамыз айында басталды. Құрылысты «Жасыл қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Амандық болса, алдағы жылы цех пайдалануға берілмек. Аталған нысан іске қосылса, тәулігіне 50 қой, 20 ірі қара союға болады. Сондай-ақ мал сойып қана  қоймай, тәулігіне 100 келіге дейін шұжық, тұшпара дайындауға мүмкіндік бар. Сойылған малдан қалдық қалмайды, тіпті сүйегінен де өнім шығарылады. Ал цехтың құрал-жабдықтарымен Ақтөбе қаласындағы «Батыс —2008» селолық тұтыну кооперативі толық қамтамасыз етеді.  Кооперативпен арада келісім бар.

Сондай-ақ «Шалқар сервистік дайындау орталығы» деген мекеме ашылып жатыр. Мекеменің алға қойған мақсаты көп. Соның бірі — мал сою цехына сойылатын малды дайындап беру, өнімді өткізумен айналысу. Айта кететін бір жайт, тұрғындар бұрынғыдай «цех малдың күйін талғамай қабылдай береді» деген пікірден аулақ болуы керек. Өйткені цех өнімі сыртқа шығатын болғандықтан, сойылатын мал қоңды болуы қажет,— деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Ермек Бекмағанбетов.

Демек, келешекте ауданда мал өнімін өткізу оңтайлы шешімін таппақ.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

***

Қоныс тойы

Бес шаңырақтың қуанышы

Қазақ «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде!», — дейді. Ел тәуелсіздігін алған шақтағы қиындық шаруашылығы сан-салалы аудандарды да абыржытып кеткенде, Ойылдың да айы оңынан тумағаны түсінікті. Негізінен мал өсірумен айналысатын ауданның тұрғындары да шаруашылықтар ыдырап, әркім өз бетінше күн кешуге көшкенде сол уақытта ай сайын болмаса да, қолма-қол ақша алатын қалаға қарай бет алған «ұлы көшке» ілесті.

Қашанда дәулетін малмен өлшейтін халықпыз ғой. Он жылға ұласқан «ұлы көштің» кезінде үйлеріне әуелі бес бұзаулы сиыр сұрап бұлданғандар соңынан баспаққа да бұлдай алмады. Сондықтан талай ұрпақ өрбіген қара шаңырақты иесіз тастауға қимай, бұзып алғандар да болды. Ал сол себепті соңғы бес жылда Ойылда пәтер бағасы шамадан тыс шарықтап кетті. Мұның ең басты себебі,  көштің тоқтауы болса, қаладан қайтадан туған жерге қарай ат басын бұрғандар мен 2007 жылғы төрт күнге созылған нөсерден жүздеген тұрғын үйдің зардап шегуі бағаның өсуіне өз ықпалын тигізді.

Әрине, 54  отбасына үй салынып берілді. Табиғи апаттың келтірген залалының көлеміне қарай бірнеше үйге әр түрлі деңгейде жөндеу жүргізілді. Оның сыртында Ойылда соңғы төрт жылда мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 22 пәтер салынды. Соған қарамастан ауданда тұрғын үйге сұраныс жоғары. Бірнеше отбасының бір үйде тұрып жатқандары да бар…

Өткен сейсенбі күні Ойылда «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы» бойынша төрт коммуналдық пәтер пайдалануға берілді. Сол күні қуанышқа кенелген пәтер иелерін алдын ала арнаулы комиссия сараптады. Әлеуметтік жағынан қамқорлықты қажет ететін топтың ішінен іріктелгендер арасында бір көп балалы ана, бір мүгедек адам болса, қалған екеуі ауданға келген дәрігер маман мен мемлекеттік қызметкер. Салтанатты сәтте аудан әкімі Қанатбай Елеусізұлы биылғы пәтер құрылысын жүргізген мердігер серіктестікке алғыс айтты. Себебі, биылғы салынған үйлердің сапасы салыстырмалы түрде қарағанда бұрынғы берілген үйлерден анағұрлым артық. Сондай-ақ аудан әкімі тұрғын үйлер құрылысына тендер жариялаған кезде тілек білдірген кұрылыс компанияларының басшыларымен түсінік жұмыстары жүргізілгенін де жасырған жоқ. Турасын айту керек, ауданда болмаса да, басқа өңірлерде тек тұрғын үй емес, қай-қай құрылыстың да тапсырылу мерзімі мердігерлердің «кесірінен» ұзарып кеткен кездер болды.

Аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Мұқан Тілеубаевтың айтуынша, бұл бес тұрғын үйдің құрылысына республикалық бюджеттен 19 млн. теңге бөлініпті. Ал жергілікті бюджеттен 5 млн. теңге ғана қосылған. Мұқан Тілеубаев сондай-ақ, тендерден үнемделген 300 мың теңге бес үйге электр қуатын тартуға жұмсалғандығын айтады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Шоқан Тілеумағанбетовтің айтуынша, коммуналдық меншіктегі үйлердің жалдау ақысы аса қымбат емес екенін айтады. Яғни әр шаршы метрі — 80  теңге. Демек, 75 шаршы метр үйлердің жалдау ақысы айына шамамен 6000  теңгеге шығады.

Қоныс тойын тойлау бақытына ие болған отбасының бірі — Нұрғалиевтер. Жұбайы Құралай жеті баланың анасы. Жуырда егіз баланы өмірге әкелген оның қуанышын тілмен жеткізу мүмкін емес. Ал мемлекеттік қызметкер Ұлықпан Сұлташевтың қуанышын бөлісуге мекеме басшысы Гүлжаһан Байдуллина ұжымын бастап барды. Әріптесі Нәзира апамыз барлық үйге шашу шашса, жуырда ғана ауданға келген дәрігер маман Алма Ғаббасованың анасы да атқарушы билікке ақ тілектерін жаудырды.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, пәтер кілтін тапсыру салтанатына ауданға арнайы іссапармен келген «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының директоры Раукен Отыншин де қатысты.

Ал биылғы тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген серіктестіктің өкілі құрылысқа Ойыл селосынан отызға тарта азаматтың ат салысып, табыс тапқанын айтты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button